Қарабай Әділбеков - Қалтарыста қалған қайраткер
«...Әкем тіккен киіз үйде отырған өз ауылдастарымызға мүлдем ұқсамайтын бөгде кісіні көргенімде мен небәрі алты жаста едім. Бұл өзі қарға тамырлы қазақ қыстаудан көктеуге шығып, киіз үйде отыратын жыл он екі айдың ең бір көрікті мезгілі болатын.
Айнала төңіректі даланың сан алуан гүлдері көмкеріп, көз жетпейтін жап-жасыл жазықтық жатыр көсіліп. Бәрінен де қызыл түсті лала гүлдерге көз тоймайды. Біздің атамыздың көктемгі жайылымы Шу өзеніне барып құятын кішігірім Қорағаты өзенінің сол жақ қапталында еді. Осынау кең әрі жазық дала Мойынқұмның жиегіне дейін көсіліп жатыр. Оның сан алуан түрлі шөбінің, әсіресе балғын жусанының иісі басыңды айналдырып, даланың керімсал да кербез самалы жаймен бетіңді өбеді, сонда оған көгілдір аспан әуені мен көктеудегі қозы-лақтың маңырағаны, құлыншақтың кісінегені қосылып керемет бір симфонияны құрайтынын қайтерсіз. Біздің көктеудегі киіз үйімізге қонақ осындай бір мамыражай мезгілде келді.
Күн ұясына батып барады... Сонау көкжиекті ақжалқын түске бояп, арайлы күн дала гүлдерімен қош айтысқан сыңайлы ма, тіпті өзінің қайталанбас сұлулығын жасырған арудай жалын атып, жаймен батып барады. Әлгі қонақты біздің үйге Түрксіб құрылысында жұмыс істейтін Құлназар аға өзімен бірге ерте келген. Ол өзі жиырма екі жаста. Ал оның жанындағы кісі елуді еңсерген орта жастағы, еуропалықтарша киінген бәкене бойлы болатын. Әкем мен шешем: «Қымбатты Қареке, сені бізге қай тағдыр айдап келді? Сені де көретін күн бар екен-ау. Иә, жол болсын!» деп құрақ ұшып жүр. Олар қонақты дала қазағының барлық әдет-ғұрпымен қарсы алып, күтті. Қой сойылып, есік алдында екі демін әрең алып мыс самаурын тұрды. Ымырт жабыла қонақтар үлкен ақ дастарқан басынан орын алды. Онда жаңа піскен бауырсақ та, қолдың ірімшігі мен сары майы да, құрт пен мейіз де, тіпті мен күніге көре бермейтін науат та бар еді.
Шешем сырлыаяқпен қонақтарға қымыз құйып беріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, олар сыйлы адамдардан барын аямай алдына тосты. Дастарқанда тек ішімдік қана болған жоқ. Ол заманда қазақ атаулының ішімдікке жаны қас, тіпті ондайды күнә санайтын еді. Ал менің ата-анамның алдында жайнамазы, бес уақыт намазы бар болатын.
Қонақ күтуге исі қазақ атаулы ерекше тәртіппен қараушы еді. Егер өзіңде жоқ болса, туыстарынан сұрап алудың ешқандай сөкеттігі жоқ, тіпті ол ата-бабадан қалған салт десе де болады. Қымыз ішіп алған соң сейілдеп, таза ауада жүру, содан кейін ғана қонақтардың алдына қазақтың ұлттық тағамы – етті тарту ата салтқа жатады. Мұндайда майлы тамақтан соң шай ішіледі. Мен үлкен кісілердің жанында ұзақ отырғандықтан ба, ұйықтап кетіппін.
Жаңағы кісі біздің үйге екі күн қонып, табан астында кетіп қалды. Жылдар өте берді. Жасым ұлғайған шақта ғана мен бала кезімде есімнен кетпей мәңгілікке жүрегімнің түкпірінен орын алған кісінің атақты Қарабай Әділбеков екенін білдім. Әділбек деген кісі Әулиеата өңіріндегі ең бай кісі болатын. Оның бес ұлы бар еді. Ең кіші ұлы Жайнақ менің әкемнің қарындасына үйленген екен. Қарабай Санкт-Петербургтен мұғалімдер семинариясын бітіріп келген соң Меркіден орыс-түзем мектебін ашып, алғаш мұғалім, одан соң приставтың көмекшісі, сот болған екен. Ұлы Жібек жолы бойынан, яғни Меркіден екі үй салған. Ол үйлер Кеңес өкіметі тұсында мектеп, интернат, балалар үйі болған. Қарабай Әділбеков Кеңес өкіметіне, большевиктерге қарсы болды. Ол эсерлер партиясы мен алашордашыларды жақтады. Кеңес өкіметі сол үшін де Қарабайды қуғындады. Ол кісінің кейінгі тағдырының не болғанын білмеймін. Менің балалық шағымнан мәңгілікке орын алған осы жиырмасыншы жылдардың интеллегенциясының өкілі Қарабай Әділбеков отызыншы жылдары ғана ақталды».
.Қарабай Әділбеков 1877 жылы Сырдария өлкесі, ол кезде Меркі ауданына қарасты №3 ауылда (қазіргі Жаңатұрмыс ауылы) дүниеге келген. 1930 жылғы 20 тамызда қамауға алынып, РСФСР Қылмыстық істер кодексінің 58-3, 58-11-бабы бойынша 1930 жылдың желтоқсан айында Қазақ ССР ПП ОГПУ, яғни «тройка» деп аталып кеткен КСРО НКВД-сының Үкімімен сотталған. Қ.Әділбеков кейін 1989 жылғы 22 сәуірдегі Жамбыл облыстық прокуратурасының шешімімен ақталған.
Тарихшы-өлкетанушы С.Қожеке Қарабайдың кейінгі өмірін көп зерттеді. Қ.Әділбеков алашордашылар партиясының толыққанды мүшесі, оның Смайыл Қанаев деген аталасы Мұстафа Шоқайдың хатшысы болды. Қарабай сотталған соң ол туралы ел ішінде неше түрлі алыпқашпа қауесеттер қаулап кетті. «Қарабайды Семейдің түрмесіне жауып, атып жіберіпті. Ол Қытайға қашып кетіпті» деген сияқты сөздер оның атын тіпті аңызға айналдырып жіберді. Расында, Қарабай Қытайға барып, Құлжада өмірінің соңғы күндерін өткізеді. Ол туралы С.Қожеке «Ақ сарайда» атылған оқ» деген әңгімесінде дәлме-дәл жазды. Автор Меркіде өткен Тұрар Рысқұловтың 90 жылдық мерейтойында Қарабайдың соңына түскен Меркідегі НКВД-ның бастығы Бүрлібай Молдаботаевпен жүздесіп, Смайыл мен Қожеке мергеннің «Көкқырда» оққа ұшқанын, ал Қарабайдың Қытай асып кеткенін осы әңгімесінде анық жазды. Кейін Қытайдан Луговойға қоныс аударған Слан деген ұлты ұйғыр азамат: «Мен Қарабаймен шарбақтас, көрші тұрдым. Қазір біз тұрған көше сол кісінің атымен аталады. Қарекең Құлжа қазақтары арасында да үлкен беделге ие кісі болатын. Үйленген, Жәнібек деген ұлын жетпісінші жылдары Меркіге жіберіп, ондағы үйін сатқызғанын да білемін», – деп еді. Ал біздің білуімізше, Қ. Әділбековтің Алматыда Рашид деген ұлы мен Розалия деген келіні, Луговойда Шоқан Уәлиханов мектебінде мұғалім болып істеген қызы (ол кісі Луговой аудандық партия комитетінде жауапты қызметте істеген Мақаш Иісбаевқа тұрмысқа шыққан) бар екенін жақсы білеміз.
Айту ләзім, Меркіде Қарабай Әділбеков туралы теріс пиғыл қалыптасқан. Ол кісі 1916 жылғы Ақкөз батыр Қосанұлының ұлт-азаттық көтерілісі кезінде пристав Лундиннің хатшысы болғаны рас, алайда: «...орыс патшасының әскерге ауыр жұмысқа жасы жеткендерді шақырту кезінде өз руластарын әскерге жібермей, яғни тізімге кіргізбей алып қалып отырған» деген жалған жала оның өміріне ақтаңдақ болып жабысқанын біріміз білсек, біріміз білмеуіміз кәдік.
Қарабай Әділбековтің 1989 жылғы 22 сәуірдегі Жамбыл облыстық прокуратурасының шешімімен ақталғанына қарамастан қайраткер азаматтың аты күні бүгінге дейін Алаш арыстары қатарлы аталмай келеді. Иә, Қ.Әділбеков алашордашылар партиясының белді мүшесі болған. Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхановтармен партиялас болған заманында Санкт-Петербургта оқып білім алған көзі ашық, көкірегі ояу азамат. Ол кісінің Меркіден ашқан орыс-түзем мектебінде Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сармолдаев, Слан Абыланов, Әшімжан Нұршанов сынды қазақтың біртуар ұлдары оқып, кейін өкімет басқарған. Сонда деймін-ау, «қазақтың осындай озық ойлы азаматтары оқысын» деп тұңғыш оқу орнын ашып берген азаматтың есімі осылай атаусыз қала бере ме? Тіпті осы мектепте мемлекет басшысының әкесі Кемел Тоқаев та оқыған деген дерек бар. Иә, Асанбай Асқаров ағамыз Қарабай Әділбеков туралы тың ой қозғап, ол кісіні өзіне ұстаз тұтса, біз неге ол туралы ел ішінде теріс пиғыл қалыптастыруымыз керек? Қайта осындай азаматтарымыз бар екен деп оны мақтан тұтпаймыз ба?
Қысқасы, Асанбай аға пір тұтқан Қарабай ұрпақтары қазір Жаңатұрмыс ауылында тұрады. А.Асқаров өзінің «Көзқарас» деген кітабында да Әділбеков туралы ойын ашық білдірген. Ендігі ойымыз – заманымыздың Асанбай Асқаров туралы заңғар тұлғасына өзі туып- өскен Қарасу ауылының атын берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осы ойымызды меркілік ағайындар да құптайтын шығар. Бұл туралы ойымызды бұрын жазған мақаламда да білдірген едім, енді оны ауданның идеология саласындағы азаматтар аяқсыз қалдырмайтын шығар деп ойлаймын.
Асанбай Асқаровтың еш жерде жарияланбаған хатына түсініктеме
жазып, толықтыру енгізген – Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының
лауреаты – Сейсен Қожеке,
Меркі ауданы