Ерлік есеппен жасалмайды
Ерлік есеппен емес, күтпеген жерде, ойда-жоқта жасалатынына жуырда тағы да көзіміз жетті.
16 мамыр күні Қуаныш Ұлтарақ Айша бибі көшесінің бойымен жұмысына кетіп бара жатып кішкентай балалардың жылап жүргенін көреді. Бастапқыда мән бермейді. Кенеттен көшенің қарама-қарсы жағынан айқай естілді. Нақтырақ айтқанда, металл қоршаумен қоршалған дренаждық каналдың бүйірінен бір қыздың шырқыраған дауысын естіген. Қуаныш еш ойланбастан жол бойындағы қоршаулардан секіріп өтіп, көмек сұраған қыздың жанына барады. Кішкентай баланың абайсызда су арнасына құлап, шыға алмай қалғандығын түсініп, жедел түрде тіпті киімін де шешпестен жалма-жан суға секіріп, баланы судан алып шыққан.
Қуаныш одан әрі жедел жәрдем шақырып, ал әлгі баланы шұғыл келіп жеткен полицейлерге тапсырған. Қуаныш Еркінбекұлы осылайша өзінің жанқиярлық батырлық әрекетінің арқасында кішкентай Бекжанды құтқарып, оған екінші өмір сыйлады.
Ержүректігі мен батылдығы, төтенше жағдай кезінде уақытылы көмек көрсеткені үшін Қуаныш Еркінбекұлына құтқарушылар облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының атынан алғыс хат және қол сағатын сыйға тартты.
Эльмира Байназарова