Тарихты тану - өзіңді тану
Жас ұрпақты туған жердің тарихын тану, аудан, ауылдардың әлеуетімен таныстыру, өлкенің туристік имиджін қалыптастыру мақсатында Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте!» атты облыстық жас зерттеушілер байқауы өтті.
Сайысқа облыстың 5 ауданынан 14 пен 17 жас аралығындағы зерттеушілер қатысты. Ал қатысушылардың материалдары жаңа технология арқылы көркемделу ерекшелігі, тақырыптың жан-жақты ашылуы, өзіндік даралық, жаңашылдық, бірегейлігі мен ерекшелігі бойынша бағаланды.
Қазылар алқасының құрамында облыс әкімдігі туризм басқармасының бас маманы Салтанат Түлекова, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының бөлім басшысы Айгүл Оразқұлова және Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Жанат Тұрлығұлова болып, зерттеушілердің жұмыстарын жан-жақты зерделеп, жоғары бағаларын берді.
Байқау қорытындысымен Сарысу ауданынан келген Диас Сәрсенбай «Тарихы терең, фосфорлы жасыл өлкем!» жобасымен І орынды иеленді. Жамбылдық жас зерттеуші Жанел Үсенбай «Жамбыл облысының туристік-рекреациялық мүмкіншіліктері және өлкетану жұмыстары» жобасын қорғап, ІІ орын алды. Ал байзақтық Нұршат Егемберді «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте!» жобасымен ІІІ орынды қанжығалады. Барлық қатысушыларға дипломдар, бағалы сыйлықтар табысталды.
Байқау соңында «Туған жер – тұнған тарих» кітап көрмесіне шолу жасалып, туған жер туралы әндер орындалды.
Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ