Жаңалықтар

Сайлау заңдылықтары түсіндірілді

Кеше облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың және уәкілетті мемлекеттік органдардың рөлі» тақырыбында оқыту-семинары өтті.

Семинарға облыстық сайлау комиссиясының мүшелері, өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары, облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Серік Құрманбеков, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова, «Аulieata-Мedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ермек Тұмабеков, облыстық прокуратура мен саяси партиялардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. 

Семинарды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. 
Келесі кезекте облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов «Өңірде өткізілген сайлау науқандарындағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің рөлі, маңыздылығы, олармен ұсынылған кандидаттардың белсенділігі» тақырыбында дәріс оқыды.

– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң – барлық сайланбалы лауазымдарды және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауға дайындық және оны өткізу кезінде туындайтын қатынастарды реттейтін және республика азаматтарының ерік білдіру бостандығын қамтамасыз ететін кепілдіктерді белгілейтін басты құжат.
Заңға сүйенсек, сайлау науқанында сайлауға қатысушылар деген түсінік бар. Олардың қатарына сайлау комиссиялары, кандидаттар, кандидаттарды ұсыну құқығы бар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, сенімді өкілдер мен байқаушылар, сайлаушылар және құзырлы органдар кіреді. 

 


Баяндамашы мұнан соң саяси партиялар мен аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің сайлау науқанындағы құқықтары мен міндеттер, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына тоқталды. 
– Үгіт-насихат іс-шаралары 4 бағыттан тұрады, олар – БАҚ, көпшілікпен кездесулер, баспа-бейне-фото материалдарын тарату және онлайн платформа арқылы.
Тура осындай 4 тармақтан тұратын шектеулер де қаралған. Және БАҚ құралдарына ескеретін мәселе – жаңалықтар мен аналитикалық бағдарламаларда үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынған. Жалпы үгіт-насихат жұмыстарын заң аясында жүргізуге барлық жағдайлар қаралған.

 

 


Мұнан соң Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының төрайымы Жанат Бастаубаева «Саяси партиялардың сайлау процесін даярлау мен өткізу барсындағы тәжірбиесі» тақырыбында дәріс оқыды.Семинарды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов қорытындылап, сайлау науқандарында белсенділік танытқан бірқатар саяси партия мен қоғамдық бірлестік басшыларын алғыс хатпен марапаттады. 

Айжан ӨЗБЕКОВА