Тараз қаласындағы 8 канал тазаланады
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша Тараз қаласындағы каналдарды тазалау жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Бұған дейін аймақ басшысы облыс орталығындағы каналдар мен арықтардың жай-күйімен танысып, кешенді тазалаудан өткізу бойынша қала басшылығына нақты міндеттер жүктеген болатын. Соған сәйкес қазіргі таңда 6 каналда механикалық тазалық жұмыстары басталды. Жалпы биыл қаладағы 8 канал тазаланады.
Жуырда облыс әкімі жұмыстар басталған нысандарды (Қарасу-2, Қапал) аралап, тексерді. Өңір басшысы барлық жұмыстардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуын талап етті.
Жауаптылар екі айда жұмыстардың аяқталатынын жеткізді.
Сондай-ақ алдағы уақытта жағалауларды тұрғындардың демалуы үшін тиімді пайдалану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Басқа да дренаждық каналдарды есепке алып, реттеу керектігіне көңіл бөлінді.
Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев Қылышбай көшесіндегі жол жөндеу, Төле би көшесіндегі жатақхананы жаңғырту жұмыстарының жай-күйін көріп, құрылыстың сапасын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін баса айтты.Е.Шырақпайұлы тұрғын үйлер арасындағы және көше бойындағы шөптерді ору, реттеу шараларын уақытылы жүзеге асыру керектігін де ескертті. Бұл өрт қауіпсіздігінің алдын алу үшін маңызды.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі