Қоғам

Той мәдениетін төмендетпейік

Ұлт ұрпағының дұрыс жолды таңдап, елге қызмет етер азамат болып қалыптасуы ұлттық құндылығымызбен тікелей байланысты. Алайда бүгінде қазақтың той мәдениетін қолдан төмендететіп жүргендер, тәрбие тіні саналатын ұлттық салт-дәстүрімізге, ұстанымымызға кереғар келетін қылықтарға бой алдырғандар ел ішінде жетеді.

 Осы мәселеге газетіміздің оқырмандары да алаңдаушылық білдіруде. Мәселен, ҚР Жүргізушілер одағы облыстық филиалының төрағасы Амантай Досмаханбетұлы редакциямызға хабарласып, жыл өткен сайын қазақ халқының той мәдениеті төмендеп, ұлттық салт-дәстүріміздің құны құлдырап бара жатқанына қынжылды. Той-томалақтың шырайын келтіретін көріністер кейінге ысырылып, керісінше ұлттық салт-дәстүрге жат, тойдың шырқын бұзатын көріністер тыйылмай тұрғанына алаңдайтынын жеткізді.

– Осыдан бірнеше уақыт бұрын Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында өткен бір тойда перғауын кейпінде киінген ер адамды 5-6 жігіт таққа отырғызып, ел алдына алып шықты. Мұны «Facebook» әлеуметтік желісінен байқап қалдым. Қарап отырсаң, сол тойға келген қонақтардың да көпшілігі перғауын образында киініп алған. Сол тойдағы қонақтардың қылығына қайран қалып жүргенімде, артынша «WhatsApp» мессенджері арқылы тағы бір той үстінде дап-дардай ер адамды жұрттың қаумалап, оны бір әйел адамның бесікке бөлеп жатқан бейнежазбасы тарады. Түсінгенім, бейнежазбадағы көрініс туған күні болып жатқан әлгі ер адамды дос-жаран, жора-жолдас, таныс-туыстары тосынсый ретінде бесікке бөлеп жатқан сәті екен. Сол жерде асаба: «Шүмек пен соска қайда?» деп дауыстап жатты. Тойдағы негізгі кейіпкердің басына нәрестенің бас киімін кигізіп қойған, өзіне лайықты үлкен бесік пен ірі қараның жілігінен жасалған шүмекке де тапсырыс берген екен. Шүмекті жұрттың көзінше бір әйел қолдана отырып, той иесін бесіке бөлеп, тербетіп жатты. 

Бесік – халқымыздың құнды дүниесі. Ал баланы бесікке бөлеу – ізгі дәстүр. Қазақтың дәстүрін мазаққа айналдырғандарға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа» болмағаны ма?! Мына көрініс бүкіл қазаққа соққы болып тиді. Қайран қазағым-ай, киелі бесігің қор болды-ау. Осы тойда «тәйт» дейтін ақсақалдар қайда?! – деді А.Досмаханбетұлы.

Газет арқылы базынасын жеткізуге тырысқан оқырманымыз қазақтың салт-дәстүрінде жоқ келеңсіз жайттардың орын алуы біздің облысқа қатысты болмаса да елімізге ортақ олқылық екенін сөз етті. Оның пайымынша, өңіріміздегі Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Әкелер кеңесі секілді ұйымдар ұлт тағдыры үшін үндеу жарияласа да артықтық етпейді.
– Бір күні осыған ұқсас сүндет тойды көзіміз көрмей тұрғанда ел болып мұндай бассыздыққа тоқтам салуымыз керек. Мен осы мәселе бойынша облыстық ардагерлер үйіндегі бірқатар ақсақалға, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығына хабарласып, қандай да бір әрекет ету жайын өтіндім. Бір кездері «Арақ-шарапсыз ауыл» деген үндеу жарияланған. Соның арқасында Байзақ ауданының Құмжота, Талас ауданының Ойық секілді бірқатар ауылдық елді мекен ішімдік сатудан бас тартты. Демек, сол бір әрекет нәтижесіз емес. Осы ретте түрлі мекемелер мен ұйымдардағы ұлт тағдырына, ел болашағына алаңдайтын азаматтар, қариялар, ақ жаулықты аналар бірігіп, арнайы «дөңгелек үстел» ұйымдастыру, елдік деңгейде үндеу жариялау секілді бастамалар арқылы той өткізу мәдениетін ретке келтіруге ықпал етуі қажет деп ойлаймын. Олай болмаған жағдайда әлеуметтік желілерде кең таралған әлгіндей бейнежазбаларға жас ұрпақтың бойы үйреніп кетсе, оның қоғамға тигізетін зардабы қиын болады, – деді Амантай Досмаханбетұлы.

Осы ретте біз облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған әкелер кеңесінің төрағасы Қонысбай Ильясовқа хабарластық. Ол Амантай Досмаханбетұлының көтерген мәселесінен хабардар екенін жеткізді.

– Аталған мәселе бойынша облыстық ардагерлер кеңесінде зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен төралқа отырысы өткен болатын. Онда халқымыздың киелі де қасиетті бесігінің қадірін аяқасты етіп қорлап, үлкен жігітті бесікке елдің көзінше мақтанышпен салып жатқаны, бұл әрекетке бір үлкен қарияның «мыналарың ұят, қазақтың бесігін қорлау ғой» деп айтпағаны біздің облыс ардагерлерін қынжылтатыны айтылды. Аудандардан келген ардагерлер кеңесінің төрағаларына зиялы қауым өкілдерін қатыстырып, әр ауданда осы мәселені арнайы талқылау тапсырылды.

Бұдан бөлек бүгінде «Дембель той» деген тағы бір жаңа тойдың түрі пайда болды. Әскерден келген сарбазды екі жағынан әскери киім киген екі әнші қыз ортаға алып шығады. Әскери киімдегі сарбаздың үстіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы жабылған. Мемлекеттік Туға деген құрмет басқаша болуы керек және оны пайдаланудың заңнамалық талаптары бар. Ел ішінде тараған «Дембель тойға» қатысты бейнежазбада әншілердің әскери адамдардың тек оң қолын шекесіне апарып амандасатынын білмейтіні, сарбаздың сапта жүруде қателік жасағаны секілді олқылықтар айтылды. Облыстық ардагерлер кеңесі бұл мәселеге де бейжай қарай алмай, мұндай дарақылыққа жол бермеуді де сол жиында мәселе етіп көтерді. Мақсатымыз – ұлттық ұстанымымызға сай келмейтін, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпымызбен қабыспайтын, азаматтығымызға, елдігімізге, мемлекеттігімізге нұқсан келетін осындай сорақылықтан жұртшылықты сақтандыру. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», дегенмен қазақ-қазақ болғалы онымен бірге жасасып келе жатқан той мәдениеті еріккеннің ермегіне айналмауы тиіс. Біз ұлттық тәрбиенің мәйегі саналатын дәстүріміздің құнсыздануына, мемлекеттігімізге, оның қастерлі құндылықтарына нұқсан келетін олқылықтарға жол бермеу мақсатында ел ішінде үгіт-насихат жұмысын жүргізуді, ұрпақ тәрбиесіне абай болу үшін күресуді алдағы уақытта да тоқтатпаймыз, – 
деді Қ.Ильясов.

«Той мәдениетінен мән кетті, әдебіміз әдіре қалды» деген дабылға қосылатындардың бірі – облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев. Ол салт-дәстүріміздің бұрмалануына той иесімен қатар, асабалар да жауапты екенін айтады.– Бұрын тәп-тәуір өтіп жатқан тойдың ортасында ұлтымыздың болмысына сай келмейтін көріністер мен шоуларға, ессіз әндер мен бейәдеп билерге, орынсыз ойын-сауыққа орын берілгенде ұяттан жерге кіре жаздайтынбыз. Қазір одан да сорақы, ұлтымыздың салт-дәстүрінде жоқ жөн-жоралғылар пайда бола бастады. Жалпы қазақтың тойының төңірегінде біз алаңдайтын мәселе өте көп.

Қазақ «Той – халықтың қазынасы» деп бекер айтпаған. Қазына деген сөз адамның материалдық жағдайына ғана қатысты айтылмайды. Қазына деген халқымыздың салт-дәстүрі, әдебі, кісілігіміз, ұлттық мінезіміз, болмысымыз. Үлкенді сыйлау, жегжат-жұратқа қатысты жасалатын жөн-жоралғыны орынды ұстану, шақырылған қонаққа құрметпен қарап, әр адамға өз орнымен сөз беру, сый-сияпат көрсету – 
ол тәрбие, ол қазына. 1990 жылдардан кейін тойда, үлкен сахнада фонограммамен ән айтатындарға қатысты ел арасында «бұрын дауысы барлар ән айтса, қазір аузы барлар ән айтады» деген мысқыл тараған еді. Қазір «тілі бардың бәрі тамада» деген тәмсіл пайда болды. Қазір асабаның дәрежесін түсіріп алдық. Өйткені олардың дені тойды тағылымды, тәрбиелі бағытта жүргізбей, орынсыз қылжақ пен ұлттық бояуы жоқ ән-биге орын беріп, уақыт оздыруға тырысады. Той иесі асабаны таңдарда жолды, жөнді білетін, кітап оқыған, кісілігі бар адамды таңдауы керек. Кез келген тойға әкімқаралар мен бай-бағландар да, ұстаз да, қарапайым жұмысшы да қатысуы мүмкін. Сол кезде кейбір асабалар лауазымды адамды мақтап, қарапайым адамның киімін немесе түрін келеке етіп жатады. Сол үшін, ең алдымен, той иесі сол басқосудың аурасын сезіне алатын, тойдың жоғары деңгейде өтуіне себепкер болатын асабаның қызметіне жүгінуі тиіс. Халықтың санасы, талғамы жоғары болғаны маңызды. Ол үшін той иесінің деңгейі асабаның деңгейінен төмен болмауы шарт. Алдын ала талап қойылып, талғам жасалмаса, той иесі қонақ күтуден қолы тимей жүргенде тойдың асабаның деңгейінде өтіп кеткенін сезбей қалуы мүмкін. Ал той біткенде асабаға алдын ала талап қойылмағандықтан «сен неге өйтпедің, бүйтпедің?» деп кінә тағу, өкіну кеш болады.

Асаба да той иесінен жиынның қалай өтетінін алдын ала сұрап, перғауын кейпінде таққа міну немесе үлкен адамды бесікке бөлеу секілді дәстүрімізге жат көріністер болатынын байқаса, ондай жиынды жүргізуден бас тартуы қажет. Сонда ғана мәселе шешімін табады. Әйтпесе әумесерлігі жоқ адам бесікке жата ма? Таққа мініп, бесікке жатқысы келіп тұрған той иесінің қуанышын жүргізуден асаба бас тартса, той иесі де жөнге келеді, ойланады.

Одан бөлек Мәдениет және ақпарат министрлігі, осы салаға жауапты облыстағы, аудандағы басқарма мен бөлімдер жергілікті жерде өтетін той мәдениетін назарға алуы керек. Тойдан нәпақа тауып жүрген асаба мен өнерпаздарға белгілі бір дәрежеде талап қойылмаса болмайды. Өйткені олар өнерді кәсіп еткендер. Ал кәсібін халықтың есебінен жүргізіп отырғандардың халыққа, ұлттық құндылығымызға кесірін тигізбегені жөн, – деді Ринат Даниярұлы.

Сондай-ақ ол тойда даяшы, әнші, биші болып қызмет көрсететін қаршадай балалардың болашағына алаңдайтынын білдірді.– Қазір тойда қызмет ұсынып жүргендердің дені өрімдей жастар, өзіміздің қаракөз ұл-қыздарымыз. Тойда қызмет етуге бай-бағланның балалары бармайды, ол жерде тұрмыстық қажеттілік үшін нәпақа іздеп жүрген қарапайым отбасынан шыққан ұл-қыздарымыз даяшы немесе әнші-биші болып қызмет көрсетеді. Олардың да нәпақа тапқаны дұрыс. Бірақ тойға келген қонақтардың оларға деген көзқарасы, қарым-қатынасы, сөйлеу мәнері, қаршадай қызға арақ құйдырып қоюы бізді ойландыруы тиіс. Шындығында, бұл да қоғамдағы ең үлкен проблеманың бірі.

Той – мәдениеттің ошағы, мәдениеттің ордасы. Сондықтан тойда қызмет ұсынатын асабадан бастап әнші-биші, даяшы, оператор, фотографқа дейін жүріс-тұрысы мен киім киюі бақылауда болуы керек. Кез келген өнер иесі киелі сахнада өнер көрсететін кезде ел алдына қалай болса солай шығып кетпейді. Той да халқымыздың киелі орны. Оператор мен фотографтардың ұялы телефон шұқылап, жастардың, той иесіне тілек айтып тұрған адамдардың алдын жауып тұрғанына талай куә болғанмын. Бұл да той мәдениетіне сай қылық емес. Бір сөзбен айтқанда, той мәдениетінен ұлттық мәдениеттің иісі аңқып тұруы қажет. Ол үшін халықтың ой-санасын биіктету бәрімізге ортақ парыз. Бұған қол жеткізу үшін той иесі мен тойда қызмет көрсетушіге қатысты талаптар қандай да бір мекеме арқылы қадағаланғаны жөн, – деді Р.Нұрақбаев.

Қазір расында да "Гендер пати", "Хен пати" баланың мектеп бітіруіне, әскерге кетуі мен келуіне қатысты тойдың түр-түрі мен той үстінде орын болатын сан түрлі оғаш қылықтар көптеп көрініс табуда. Әлеуметтік желі болмаса мұны біріміз біліп, біріміз білмес пе едік, кім білсін? Қазақ қоғамына жат дәстүр қанымызға сіңсе, бұл ұлт болашағының тамырына балта шабумен бірдей.

 

Нұрым Сырғабаев