Жасанды интеллект комитеті құрылды
Бүгінде жасанды интеллект әлемді жаулап бара жатқаны жасырын емес. Жасанды интеллект ресурстарды автоматтандыруға, оңтайландыруға және күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндіктер сыйлайды. Мысалы медицинада, автомобиль өнеркәсібінде және қаржы секторында жасанды интеллект процестерді жылдамдатады, диагностикалық дәлдікті жақсартады, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және ресурстарды басқаруды оңтайландырады. Осыған орай Үкімет «Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кейбір мәселелері туралы» 2024 жылғы 27 сәуірдегі қаулыны қабылдады.
Құжатта Қазақстан Республикасы «Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылсын», делінген.
Ал ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен форумда министрлік құрамында жасанды интеллект комитеті құрылатынын мәлімдеді.
Комитеттің негізгі функциялары:
- жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;
- жасанды интеллект технологияларын дамыту саласында нормативтік құқықтық реттеуді әзірлеу және іске асыру;
- жасанды интеллект саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;
- жасанды интеллект саласындағы сараптамалық кеңестің құрамы мен қызметі туралы ережені бекіту;
- жасанды интеллектті дамыту бөлігінде Қазақстан Республикасында мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын келісу.
Кейбір бағалау көрсеткіші бойынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік жалпы ішкі өнімнің 7 пайыз үлесіне ие болады. Ал 2027 жылға қарай жасанды интеллекттің жаһан нарығындағы капиталы 400 миллиард доллардан асады. Бүкіл әлемде жасанды интеллект адам еңбегін алмастырып жатыр, тіпті медициналық диагностика және заңгерлік кеңес беру сияқты күрделі салаларға еніп кеткен.
Жалпы жоспар бойынша елімізде жасанды интеллект саласында жыл сайын 1 000 маман даярлануы керек. Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы уақытта кейбір отандық жоғары оқу орындарында «Google» және «Huawei» халықаралық компанияларының тиісті курстары өтпек. Корея мен Қытайдың жоғары оқу орындарымен білім беру және мамандарды бірлесіп даярлау бойынша келісім жасалды. Жасанды интеллект саласында жыл сайын 100 стартап іске қосу бойынша міндет қойылып отыр.
Айжан ӨЗБЕКОВА