Автожолдардың ахуалы қалай?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздегі автожолдың сапасына баса тоқталған еді. Президент: «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», – деген болатын.
КӨЛІК-ЛОГИСТИКА КЕШЕНІНІҢ ДАМУЫ
Жалпы еліміз егемендік алғанда КСРО дәуіріндегі біртұтас экономикалық кеңістік ыдырап, салдарынан жаңа нарықтық қатынастарға орай Қазақстанның алдында өзінің көлік-логистикалық кешенін дамыту міндеті тұрды. Ең әуелі, бұл мемлекетті ұлттық табысқа қол жеткізуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға бастайтын маңызды қадамның бірі еді. Сол кезде тоз-тозы шыққан ауыл көшелері мен Кеңес үкіметінен қалған облыстық, аудандық мәндегі ойдым-ойдым жолдарды жөндеуге қаржылық мүмкіндік бола қоймады. Ауыл мен ауылды, қала мен қаланы жалғайтын жолдарды ретке келтіру, шекаралас елдермен арадағы жүк тасымалын талапқа сай ету оңайға соқпады. Көлік-логистикалық кешені арқылы аймақаралық және халықаралық экономикалық қатынастарды нығайту ең маңызды мәселенің бірі ретінде күн тәртібінде тұрды. Өйткені ұлттық экономиканың қарқынды өсуі ішкі және халықаралық көліктік бағыттар бойынша жүк және жолаушылар ағыны көлемінің артуымен тікелей байланысты еді.
Көлік инфрақұрылымы дамымаған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тежелетіні белгілі. Сол үшін де мемлекетіміз халықаралық талапқа сай көлік дәліздерін дамыту үшін көлік-логистикалық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға баса мән берді. Ел экономикасының басты саласының бірі көлік-логистика кешені екеніне ел аузындағы «Жол – экономиканың күретамыры» деген сөз де нақты дәлел бола алады.Негізі елімізде автожол құрылысы айтарлықтай қарқынмен дамып келеді. Автомобиль жолдарының даму деңгейі халықтың автокөліктермен жабдықталуымен де байланысты. Ескі болса да ауылдық жердің өзінде екі үй сайын бір көліктің болуы, тұрғындардың жолаушы тасуды, жүк тасымалын кәсіп етуінің арқасында тұрмыстық жағдайы түзеліп, халықтың табысы мен көлік салығынан құралған қаржы автожолдар желісін жаңғыртуға айтарлықтай септігін тигізді. Бүгінде Қазақстанның автожолы арқылы жолаушы, жүк тасымалы тиісті жолға қойылғандықтан мемлекетіміз көлік-логистика кешені бойынша дамудың жаңа кезеңінде тұр. Облыстағы көрсеткіш жақсарып келеді.
Ал облысымыздағы жолдардың сапасына келсек, жергілікті маңызы бар автожолдардың жақсару деңгейі 99 пайызға, елді мекен көшелері 87 пайызға жетеғабыл болып отыр. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов (суретте) аталған көрсеткішке қол жеткізу биылғы меже ретінде көзделгенін, оның орындалуына соңғы уақытта өңірде аталған салада ілкімді істердің атқарылуы себеп болып жатқанын айтады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындауға байланысты Үкіметтің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының да тиімді жүзеге асырылуы Әулиеата өңірі жолдарының жақсаруына ықпал етіп отырғанын айта кетуіміз керек. Себебі тұжырымдамада атап көрсетілген міндеттердің уақытылы іске асырылуы жолдардың сапалы болуымен қатар көлік қатынасының жақсаруына, тауар айналымының артуына және еңбек ресурстарының мобильділігіне ықпал етуде. Қазіргі таңда осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жолдың сапасына қолжетімділікті, қауіпсіз және инклюзивті ұтқырлықты қамтамасыз ете отырып, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік беруде. Соның арқасында Қазақстан аумағы бүгінде транзиттік хабқа айналып келеді. Бұл өз кезегінде экономиканың барлық секторларындағы белсенділіктің артуына жол ашуда. Жол сапасының жақсаруы халықтың тәуір тұрмыс кешуі мен олардың қауіпсіздігіне де оң әсерін тигізуде.
Құрылыс сапасы қарқынды
Жалпы 2024 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99 пайызға (жақсы – 62 пайыз, қанағаттанарлық – 37 пайыз) жеткізу жоспарланған. Сол секілді елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 87 пайызға, жақсы жағдайдағысын – 47, қанағаттанарлық жағдайдағы көшелер санын 40 пайызға жеткізу межеленіпті.
Бүгінде жол жөндеу бойынша 303 жобаның 289-ына мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, 248 жоба бойынша конкурс қорытындысы шығып, келісімшарттар жасалған екен. Ал 24 жоба 2023 жылдан өтпелі.Техникалық қадағалау қызметі бойынша 303 жобаның 292-сіне мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, 275 жоба бойынша конкурс қорытындысы шығып, тиісті тараптармен келісімшартқа қол қою рәсімдері жүргізілуде. Аталған басқарманың автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейтбеков қазіргі уақытта 86 жоба бойынша жұмыстар басталып, құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқанын сөз етті.
– Құрылысы қолға алынған аталған жобалардың ішінде Тараз қаласында, Байзақ, Сарысу, Меркі, Талас және Шу аудандарында жұмыстар қарқынды жүруде. Осы жылы Тараз қаласындағы Шостакович, Саңырық батыр көшелеріндегі қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.Тараз қаласының аумағы кеңейіп, бірқатар ықшамаудан бой көтерді және «Барысхан», «Бурыл» секілді жаңа тұрғын алқаптар ел игілігіне берілді. «Барысхан» мен «Бурыл» тұрғын алқабының А, Б, В бөлігіне асфальт жол салу жұмыстары жалғасады. Одан бөлек бүгінде монақалаларда да тіршілік жанданып, халық саны еселеп өсуде. Көліктер саны да көбейіп, қозғалыс қарқыны артып келе жатқан моноқаланың бірі – Талас ауданындағы Қаратау қаласы. Осы аудан орталығындағы Арбатас, Панфилов және Тамды Әулие көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары енді басталды. Мойынқұм ауданындағы апатты жағдайдағы «Радай» өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы жүргізіледі.
Елді мекен көшелерін жөндеу де назардан тыс қалмауда. Мәселен, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында жыл сайын «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында биыл 73 ауылдың 249 көшесіне орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін «Жол активтері» ұлттық сапа орталығына бюджеттен 134,4 миллион теңге бөлінді.
«Жол активтері» ұлттық сапа орталығына автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу, жол активтерін басқару, сондай-ақ жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізу, жаңа технологияларды енгізу функциялары жүктелген.
«Жол активтері» ұлттық сапа орталығы тарапынан қолданылып жатқан барлық құрылыс материалдары мен орындалған жұмыстар сапасын растайтын сараптама-қорытындылар алынып, салынған жол қабаттарының қалыңдығы мен ендеріне өлшеулер жүргізу жүйелі жолға қойылған. Бүгінгі күнге дейін ұлттық сапа орталығы арқылы 145 жерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 224 сынама алынды. Автожолдардың сақталуы мен ұзақ мерзімге шыдамды болуына әсер ететін негізгі фактор – жолды пайдалану ережелері мен оған қойылатын талаптардың бұзылмауын қамтамасыз ету. Дегенмен ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен автожолдардың асфальті мерзімінен бұрын езіліп, жолдың бұзылуынан шұқырлардың көбею фактілері азаймай тұр. Бұл ретте кен орындарында ғана жүруге рұқсат етілген көліктердің де келтіретін залалы басым. Нақты айтқанда, кен орындарында пайдаланылатын ауыр техникалардың облыс, аудан аралығында ағылып жүруінен жуырда ғана төселген асфальт жолдар отырып, мүжіліп, ой-шұңқырлар пайда болып, автожолдар қызмет көрсету мерзімінен бұрын тозуда.
Осыдан бірнеше жыл бұрын қалаішілік және аудан, қалааралық жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктердің арасында ескілерінің саны көп болатын. Ескі қоғамдық көлікті пайдалануда жұртшылықтың жолсоқты болуынан бөлек, оның өңірдің экологиялық ахуалына да тигізетін зияны орасан еді. Бүгінде облыс орталығында тозығы жеткен автобустар шетінен жаңасына алмастырылып, автопарктерді жаңарту жүйелі жолға қойылды. Бұл өңір экономикасы, оның ішінде көлік логистикасы саласының әлеуеті артып келе жатқанын көрсетсе керек.
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Ғазиз Ташметовтің сөзіне сүйенсек, өңірде жолаушылар көлігі саласы бойынша жүргізілген жұмыстар оң нәтиже беруде.– Бүгінде облыс бойынша 136 автобус бағыты ұйымдастырылған. Оның ішінде облысаралық 12 маршрут, ауданаралық – 26, ауданішілік – 54, қалаішілік – 39, қала маңында 5 маршрут халыққа қызмет көрсетуде. Бұл бағыттарда 789 автобус арқылы 43 тасымалдаушы мекеме жұмыс істейді. Оның 155-і облысаралық, 130-ы ауданаралық, 89-ы ауданішілік, 415-і қалалық және қала маңындағы автобустар.Басқарма тарапынан облысаралық 12 маршрут, ауданаралық 26 маршрут ұйымдастырылған. Халықтың сұранысына сәйкес Тараз қаласынан және аудан орталықтарынан Алматы қаласына 8 облысаралық маршрут ашылған. Тарқата айтсақ, Тараз-Алматы арасында – 2, Жаңатас-Алматы, Меркі-Алматы, Шу-Алматы, Мойынқұм-Алматы, Қаратау-Алматы бағыттарында автобустар қатынайды. Сондай-ақ Тараз-Шымкент, Қаратау-Шымкент, Жаңатас-Шымкент бағыттары жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Астана және Қарағанды қалаларына бір-бір маршрут қарастырылған.
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан атқарылған жемісті жұмыстардың арқасында өңірдің автожол саласын дамытудың басым бағытына жататын өзекті мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Жамбыл ауданында да жүйелі жұмыс бар
Жамбыл ауданында 2 жылдың ішінде 134 мың шақырым жол жөндеуден өтіпті. Бұл ауылішілік жолдарды жөндеуден өткізу туралы тұрғындардың басты талаптарын орындау барысында атқарылған шаруалардың жемісі. Аудан басшылары жергілікті халықпен кездесіп, олардың талап-тілегі мен уәжін тыңдау барысында нақ осы мәселе жиі көтеріліп келген. Қазір мәселе біртіндеп шешімін табуда.
Жалпы аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 321,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 72 шақырым республикалық маңызы бар, 85,7 шақырымы облыстық мәндегі жол болса, 163,9 шақырымы аудандық мәндегі жолдар. Оған қоса ауылішілік 539 көшенің ұзындығы 427 шақырымды құрайды екен. Ауылішілік көшелердің 274 шақырымы асфальтталса, 152,4 шақырым жол – шағалды төсем.
Жұртшылықтың талап-тілегін орындау, көтерілген мәселені шешу, бір мезетте көшелерді бірден асфальттап тастау мүмкін емес. Дегенмен бұл жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келе жатқаны қуантады. Мысалы, 2022-2023 жылдары 134 мың 620 шақырымды құрайтын 142 ауылішілік көше мен аудандық мәндегі жол жөндеуден өтіпті. Осының өзі аудан үшін үлкен олжа. 2022 жылы 49, 2023 жылы 93 көше тақтайдай тегістеліп, ел бұл игі іске ризашылығын білдірген көрінеді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға тиісті бюджеттерден 3 миллиард теңгеден астам қаржы қаралыпты. Бүгінде Аса, Шайдана, Тастөбе, Ащыбұлақ, Қостөбе, Жамбыл ауылдарында көшелер толықтай асфальтталған. Осы жылы да 20 жобаны жүзеге асыруға күш салып, тұрғындардың талап-тілегін орындау күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ