Жастар

Қазақстандағы "қарт" сарбаз

Жақында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қызықты жағдай орын алды. Қолбасшылыққа қарасты тау сақшылары полкінде «қарт» сарбаз Сапарғали Ақжол Отан алдындағы әскери борышын өтеп, Жеңіс мерекесі қарсаңында туған жеріне оралды.

Сапарғали – ҚР Қарулы Күштері қатарына 18 емес, 27 жасында қабылданған жалғыз сарбаз. Тау сақшылары полкінде Отан алдындағы борышын өтеген жауынгерге жасы кіші әріптестері ұзақ уақыт таңданыспен қарап жүріпті. Себебі 18 жасар ұлдар үшін отбасылы, балалы-шағалы Сапарғали үлкен азамат болып көрінеді. Уақыт өте келе сұрақ та, таңданыс та тоқтап, «қарт» сарбаз өзге жауынгерлермен тіл табысып кетеді. Әрі жас көрінгендіктен өзгелерден үлкендігі айрықша біліне қоймады.

 


Бір қызығы, Сапарғали Ақжол былтыр көктемде екі ай уақыттың ішінде жедел әрекет етпегенде 27-ге толып, әскерге шақырылу мүмкіндігінен айырылар еді. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес ҚР Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы бозбалалар мен жігіттер шақырылады. Сонымен қатар оның отбасы мен бір баласының болуы да әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру құқығын берген. Бірақ сарбаз ол жеңілдіктен бас тартып, әйелінің жазбаша келісімімен расталған арыз жазды. Осылай бала күнгі арманын орындады.


Әскерге шақырылғаннан кейін екі ай өткенде Сапарғали 27 жасқа толды. Әскери борышын өтеп жүргенде қызы Айым үш жасқа келді. 

 – Үш жасқа толғанында қасында бола алмағаныммен перзентханадан шыққанда әйелім мен қызымның қасында болдым. Қызғалдағымның алғашқы қадамын көрдім, алғашқы сөзін естідім. Оның үстіне отбасыммен үнемі бейнеконференция арқылы байланысып тұрдым. Әскердегі бір жыл көзді ашып-жұмғанша сырғып өте шықты. Азаматтық парызымды өтеп, отбасыма оралғаныма өте қуаныштымын, – деп жымияды Сапарғали.Осылайша кейіпкеріміз Отанға деген шексіз сезімін сөзбен емес, іспен дәлелдей білді. Жастық шағында отбасының ауыртпашылығын көтерген жігіт арманын он жылдан кейін орындады. Антқа, арманға адалдықтың көрінісі осы болса керек.

 

Ақтоты Жаңабай