Жаңалықтар

Мерзімді әскери қызметкерлер Атыраудан оралды

Атырау облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып жатқан мерзімді әскери қызметтегі жиырма сарбаз запасқа шығуды рәсімдеу үшін Тараз қаласына қайтты.

Мерзімді әскери қызметтің аяқталуына байланысты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы іссапарды тоқтатып, сарбаздарды әскери бөлімге қайтару туралы шешім қабылдады. Олар Атыраудан тұрақты орналасу пунктіне Әуе қорғанысы күштерінің әскери-көліктік ұшағымен жеткізілді.

Бір ай бұрын бұл жауынгерлер Бауыржан Момышұлы атындағы бесінші механикаландырылған бригаданың біріккен жасағы құрамында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысу үшін Тараздан Атырау облысына барған болатын. Аталған бригаданың 300 әскери қызметшісі тәулік бойы Жайық өзенінің жағасын нығайтып, бөгеттер тұрғызды.


Ал әскери бөлім сарбаздарды салтанатты жағдайда қарсы алды. Келесі күні оларға әскери билеттер мен жоғары оқу орындарына түсу сертификаттары табысталып, алғашқы лек үйлеріне қайта бастады.Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар өңірге оралғанымен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының офицерлері мен әскери қызметшілері Атырау облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуды жалғастыруда.