Руханият

Майдангер ерлігі-жас ұрпаққа өнеге

Жақында ғана Жеңіс мерекесінің 79 жылдығын атап өттік. Өкініштісі, елімізде күн өткен сайын Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың қатары сиреп барады. Тіпті селдіреп қалды десе де болады. Мәселен, Жеңістің 79 жылдығын облыс бойынша тек 8 майдангер қарсы алды. Ұрыс алаңына небәрі 17 жасында аттанып, Жеңіс күнін жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан жерлесіміз Владимир Колесниченко биылғы 9 мамыр мерекесін тойлауға бір ай қалғанда өмірден озды. Соғыс ардагері 2024 жылы 13 сәуірде 97 жасында мәңгілік сапарға аттанды.

Владимир Колесниченко майданға бозбала шағында, яғни 1943 жылдың аяғында қосылады. Түмен қаласындағы оқу полкінде жаттыққан соң 415 Қызыл Тулы Мозер дивизиясының Пинск атқыштар полкінің құрамында болып, бірінші Беларусь майданына қатысады. Көп ұзамай олардың батальоны Балтық жағалауы елдеріне ауыстырылады. Ал 1944 жылы қазанда Риганы басып алғаннан кейін жас сарбаз Жоғарғы Бас қолбасшы Иосиф Сталиннің Алғыс хатын алады. 1945 жылы қаңтарда ефрейтор Колесниченко маңызды фашистік қорғаныс саналған қуатты бекіністер Шенланке, Лукац, Крейц, Вольденберг және Дризен қалаларын басып алу кезіндегі тамаша әскери қимылдары үшін марапатталады. 

Кейіпкеріміз Украина еліндегі Кировоград облысының Новолутковка ауылында өмірге келген. Колесниченколар отбасы 1930 жылдың басында Киров облысының солтүстігіндегі Аксентьевица селосына жіберілді. Кейін Альмеж стансасына қоныс аударады. Соғыс басталғанда Владимирге оқуын тастауға тура келді. «Бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен жер жыртып, ағаш жинап, майдандағыларға көмектеседі. 1942 жылы ағасы майданға аттанып, әпкесі Ленинград маңында окоп қазу жұмыстарына жіберіледі. 1943 жылдың аяғында басқа да 17 жасар жігіттер сияқты Түмендегі артиллерияшылар дайындайтын оқу полкіне аттанады. 

В.Колесниченко майдан даласына Киров ауданындағы туып өскен ауылынан төрт досымен бірге аттанады. Достарының бірі Миша Гмызин алғашқы қиян-кескі шайқаста қаза тапса, Савин Миша 1945 жылы Одерден өткеннен кейін көз жұмады. Тағы бір досы Вася Коротков ұрыс алаңында жүріп қатты жараланып, аяғынан айырылады. Кейінірек тылға ауыстырылады. Майданда ержүректілігімен көзге түскен Владимир Колесниченко да 19 жасында, яғни 1945 жылы сәуірде Одер өзенінен өту кезінде ауыр жараланып, ауруханаға жеткізіледі. Одан әрі емделу үшін Куйбышев қаласындағы ауруханаға жіберіліп, Жеңіс күнін сол жерде қарсы алады.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 63563 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары лауазымын атқарған Денис Скуридин көзі тірісінде соғыс ардагерімен сұхбаттасқан жанның бірі. Д.Скуридиннің сөзіне сүйенсек, сарбаздардың майдан даласында ұйқы көрмей, айлап жаяу жүруге тура келген кездері көп болған. – Шамалы ғана демалып, бірнеше күн жаяулатқан кезеңдерді жиі бастан өткерген. Сондай түндердің бірінде рота командирі ағамызға келіп, «Володя, мен ұйықтаймын» деп ескертіпті. Сарбаздар әңгіменің астарын түсіне қойып, жылдам қол ұстаса бастайды.

 

Жыл басында Тараз гарнизонының сарбаздары да соғыс ардагерімен кездесіп, қазына қарттың құнды естеліктерін тыңдап қайтқан еді. Сонда майдангер Одерге жету үшін түрлі кедергілерден өткенін әңгімелеп берген болатын.Жауынгерлер окоптағы ызғарлы түндерді, толассыз шайқастарды бастан өткеріп, алуы қиын бекіністерді артта қалдырып, межелі жерге де жетеді. Владимир өзеннің арғы жағасына алғашқылардың бірі болып өтіп, аумақты жаудан қалқалап, өзге қаруластары да жағаға жету үшін жолды тазалап тұрды. Владимир Колесниченко ауыр жараланып, госпитальға түскен уақыты осы тұс болатын. Жеңіс тойын тойлауға бір ай қалғанда 1945 жылдың сәуірінде ауруханға түседі. 

Толық жазылып шыққанда майдангер демобилизацияланып, туып өскен еліне оралды. Соғыстан соң Опарино стансасында учаскелік қауіпсіздік инспекторы, одан кейін Альмежде ауылдық кеңестің төрағасы, құрылысшы болып жұмыс істеген.Владимир Колесниченко 1947 жылы жас ұстаз Галина Чернявскаямен танысады. Жақын араласа келе, Галина да бірінші Беларусь майданына қатысқанын біледі. Бойжеткен Ленинградтан Берлинге дейін баратын 472-жеке кабель полюс ротасының 14-атқыштар корпусында дабылшы болып қызмет еткен екен.Галина Чернявская майданға бастан-аяқ қатысып, 1945 жылы қыркүйекте старшина шенімен соғысты аяқтайды.

«Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Беларусьті азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Туған жеріне оралған соң Галина мектепте әскери командир болып қызмет еткен. Әр жылдары балалар үйінде, мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Тағдыр өзі табыстырған жандар отбасын құрады. Қос майдангер өмірінің соңына дейін тату-тәтті ғұмыр кешіп, бір-бірін тілсіз ұғынып, ұл-қыздарына өнеге бола білді.Майдангерлер отбасы Қазақстанға 1963 жылы қоныс аударған. Екі жылдан кейін Тараз қаласының әскери комиссариатында Владимир Колесниченко Одерден өткені үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

Одан бөлек ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Беларусьті азат еткені үшін», «Ерлігі үшін» медальдары тағы бар. Жамбыл жерінде ардагер зейнет демалысына шыққанға дейін нан зауытында слесарь болып жемісті еңбек етті.Ерлі-зайыптылар 72 жыл бірге өмір сүріп, 5 бала тәрбиелеп өсірді. 12 немере, 17 шөбере сүйіп, бақытты-баянды ғұмыр кешті. Өкініштісі, екеуі де бұл күнде бақилық болған. Владимир ақтық сапарға биыл сәуір айында аттанса, жары Галина осыдан үш жыл бұрын өмірден озған.

Анасының қазасынан соң қыздарының бірі Елена әкесіне қарау үшін Алматы қаласынан көшіп келіпті. Тағы бір қызы Дина да мүмкіндігінше Рязань қаласынан жиі-жиі келіп, әкесінің хал-жағдайын біліп тұрған.«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері майдангерге өмірінің соңына дейін құрмет көрсетті. Олар үшін ардагердің үйіне барып фильмге бергісіз әңгімесін тыңдау дәстүрге айналған. Өткен жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында 63563 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері ақсақалдың шаңырағында болып, үйдің сыртын әктеп, қол көмегін көрсетіп қайтқан болатын.

 

Сонау қанқайұлы шайқаста жан беріп, жан алысып жүріп жеңісті жақындатып, ұрпағына бейбіт күн сыйлаған Владимир Колесниченко жайлы тереңнан қозғап, әлі де, көп дүние айтуға болады.Қайталанбас ерліктері кеудесіне талай төсбелгі тағып, соғыстан кейін де елге адал еңбегі сіңген, әрі ісін тиянақты атқарған оның жолы қазіргі жас буынға үлгі.Әрбір адам баласының бойнан көруге болатын асыл қасиеттер оның бойынан табылды.Өмірлік ұстанымдары мен ғұмыр жолын ел тарихының бетіне таңбалаған батырдың есімі мәңгі жасайды.

Ақтоты Жаңабай