Ұлттық құндылық – ұлттық идеяның өзегі
Ұлттық құндылықтарды бала бойында қалыптастыру – қоғам үшін ең үлкен міндеттің бірі. Әр адамның бойынан табылуы тиіс ізгілік, адамгершілік секілді басқа да құнды қасиеттердің бала бойынан табылуына отбасындағы ата-ана тәрбиесінен бөлек, түрлі ұйымдар мен білім мекемелері де үлес қосуда.
Осы ретте облыстағы білім мекемелерінде ұлттық құндылықтарды бала бойында қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызы айрықша екенін атап өтуіміз керек. Мәселен, 2023-2024 оқу жылынан бастап тәрбие жұмысы барлық білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен бекітілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып жатқаны белгілі.
Жалпы бағдарлама нені көздейді? Осы сауалды біз облыс әкімдігі білім басқармасы тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаеваға қойған едік. Гүлзира Лесбайқызының айтуынша, бағдарлама жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде адал азамат тәрбиелеуді көздейді екен. Сондықтан да облыстағы барлық білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысы ұлттық мүдде, ар-ұят, талап-тәрбие құндылықтары арқылы жүзеге асырылуда.
Мысалы, 2023-2024 оқу жылында білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысына жауапты педагог қызметкерлердің, педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтардың теориялық білімін, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында бірқатар шығармашылық зертхана жобасы жүзеге асырылыпты. Аталған жоба аясында 63 іс-шара ұйымдастырылып, барлығы 15 мың 181 педагог қатысқан.
– Бұл бағытта «YouTube» хостингінде де «Тәрбие жаршысы» каналы жұмыс істеуде. Каналға тіркелушілер саны 2, 75 мың адам болса, қаралымы – 57 827, жариялым саны – 162. Жаңа оқу жылынан бастап Оқу-ағарту министрлігінің «Адамды үйлесімді дамытудың ұлттық институты» ұсынысының негізінде орта білім беру ұйымдарында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтары іске қосылды. Сондай-ақ облыстағы 446 жалпы білім беретін ұйымда ата-аналарды қолдау орталықтары бойынша кабинеттер ашылды. Жалпы білім беретін мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау бойынша ақпараттық бұрыштар мен ақпараттық стендтер жасалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бала тәрбиесіндегі отбасы институтының рөлін нығайту, ата-ана мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Аталар мектебі», «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебі», «Аналар мектебі» нәтижелі жұмыс істеуде және «Даналық мектебі» клубы құрылды. Сондай-ақ «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» секциялары да тиімділігін дәлелдеуде. Білім беру ұйымдарындағы балаларды тәрбиелеу мен дамыту жөніндегі ата-аналарға педагогикалық қолдау бағдарламасының жоспарына сәйкес облыс бойынша жалпы білім беретін 446 мектепте ата-аналарға қаңтар айында 10 216 сабақ өтті.
Оқушылардың ұлттық тәрбиемен сусындауына облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы да атсалысуда. Орталықтың директоры Эльмира Мырза-Ғалидың айтуынша, мұнда қыз-келіншектерге, әйел-аналарға арналған 9 курс және балаларға арналған 10 үйірме, сонымен қатар 2 консультациялық кабинет, 3 клуб жұмыс істейді. – Орталықта «Достық дастарқаны», «Тифло – Асхана», «Тифло – тігін», «Ана көрген», «Әжемнің ертегісі», «Бақыт кілті», «Ынтымақ», «Ақ отау» этнофестивалі секілді жобалар бар. Сонымен қатар «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!», «Киелі кимешек», «Үкілі кәмшат», «Анаға сәлем», «Анаммен бірге кітап оқимын», «Әйелмен әлем әдемі», «Ай мен Айша», «Food Fest – Тараз» атты байқаулар ұйымдастырылып тұрады.
Орталық жұмысының негізгі қызметінің мақсаты – жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие беру. Қазақстанды дамыған демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танытатын жас ұрпақты тәрбиелеу орталықтың бір міндетіне жатады. Аз қамтылған отбасылардың мүшелеріне, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы көпбалалы әйелдер мен кәмелетке толмаған балаларға әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық көмек көрсетіп, білім беру және ақпараттық, кеңестік сияқты басқа да мәселелер бойынша ресурстық қолдау көрсету арқылы әлеуметтік қызметтер ұсынудамыз. Қажеттіліктер мен сұраныстарға орай мәдени көпшілік іс-шаралар да өткізіліп тұрады.
«Ерке сылқым» хореографиялық би үйірмесіне қатысушыларға «Қамажай», «Көш керуен», «Аққу биі», «Айгөлек», «Томирис», «Ерке сылқым» секілді басқа да бірнеше би үйретіліп, сахнада орындалыпты. «Әгугай» вокал үйірмесінің қатысушылары көпбалалы әйел-аналардан құралған «Ақ келін» ансамблінің құрамына еніп, айтулы іс-шараларда өнер көрсетіп жүр екен.«Сырғалым» жеңге мен қайынсіңлі сырласу клубында этнопедагогика және этнопсихология бойынша дәріс оқылып, отбасы институтын нығайту мақсатында кездесулер, психолиялық тренингтер ұдайы ұйымдастырылып отырады. «Сырғалым» қыз балалармен сырласу клубында ата-бабадан келе жатқан «Шілдехана», «Қырқынан шығару», «Қарын шашын алу», «Аластау», «Ақсарбас атау», «Асату», «Ат тұлдау», «Аунату», «Аяғына жығылу», «Байғазы беру», «Босаға майлау», «Енші беру» сынды дәстүрлерді талдап, маңыздылығы туралы түсінік берілуде. Қыздарды тәрбиелеу мақсатында «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» диалог алаңы, «Қыз еркем – мінезімен көркем» тақырыбында кездесу кеші, «Шешеге қарап қыз өсер» атты қыздар жиыны, «Қыз қылығымен...» тақырыбында кездесу, «Шаш өру – қазақ қызына тән» тақырыбында тәрбие сағаты сынды іс-шаралар өткізілген.
Бұдан бөлек орталықта жастарды спортқа, өнерге баулу мақсатында жұмыс істеп жатқан үйірмелер де аз емес. «Серпін» атты тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы сынды ойындардан үйірме 2023 жылдың аяғына таман ашылса да қатысушылары біраз нәтиже көрсеткен екен.«Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы мен облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы аналар кеңесі арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылып, оның аясында «Әжемнің ертегісі» жобасы қабылданып, облыстағы әр балабақшаға бір анадан бекітіліпті.
Аналар кеңесінің әжелері «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында 42 балабақшаға барып, бүлдіршіндерді ұлттық болмысқа сай тәрбиелейтін ертегі айтып беріп, балалардың ойлау жүйесінің дамуына үлес қосуда. «Әжемнің ертегісі» аясында аудандардағы ардагерлер кеңесі жанындағы аналар кеңесінің мүшелері жергілікті жердегі балабақшаларға барып, бүлдіршіндермен жүздесіп, ертегімен қатар рухани әңгіме қозғап, бүлдіршіндерге баталарын беріп, өсиетін айтып жүрген көрінеді.
Ұлттың ұлт болып қалыптасуы рухани құндылықтарды балалар арасында лайықты дәріптеуге байланысты десек, бұл тұрғыда облыста атқарылып жатқан шаруа көңіл көншітерлік-ақ. Халқымыздың болмысына тән құндылықты бойына сіңіріп өскен ұрпақ кезі келгенде ұлт шырақшысы бола алатыны анық.
Нұрым Сырғабаев