Брифинг

"Медиа әлем және тәрбие"

Жуырда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Тәуелсіздік» залында «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Медиа әлем және тәрбие» тақырыбында студент жастармен кездесу өтті.

Іс-шараға «Аulieata-Мedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман және «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, «Тaraz 24» телеарнасының директоры Зарина Қуатова, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы аналар алқасы төрайымының орынбасары Нұргүл Оспанбекова, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының сарапшысы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аналар кеңесінің төрайымы Ардақ Жантаева қатысып, қазіргі уақыттағы бала тәрбиесі туралы өз ойларын ортаға салды. 

– Өздеріңіз көріп-біліп отырғандай, қазіргі таңда қоғамда «Жаңа медиа» ұғымы пайда болды. Бұл – сіз бен біздің қолымызда жүрген күнделікті гаджетіміздің ішіндегі үлкен ақпарат айдыны. Дүние дүбірін өткен дәуірдегідей дүрбіден емес, сүйкей салатын смартфоннан оқып, білу – үйдегі тәрбиелеп отырған ұл-қызымызға айтарлықтай жаңалық емес. Ал біздің орта буын дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың трансформациясын, яғни жаңа жүйеге көшу үдерісін іс жүзінде көрді.

Осы ретте әлеуметтік медианың қоғамдағы рөлі, оның ішінде ұрпақ тәрбиесіне ықпалы күн санап артып келеді. Бесіктегі баладан егде жастағы қарияға дейін замана көшінен қалыс қалмай, интернеттің иірімінен шықпайтынын көп байқаймыз. Шын мәнінде, цифрлық технологиялардың қарыштап дамуы мол мүмкіндіктермен қатар, зиянды әрекеттер мен қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бастау алуына да түрткі болуда. Мәселен, бүгінде ел аумағында 9 миллионнан астам азамат ғаламторды үздіксіз пайдаланады десек, оның ішінде жастардың 80 пайызы экстремистік ұйымдарға дәл осы интернет желісі арқылы шырмалады. Сол арқылы ұлттық құндылықтың дәстүрлі қайнар көздері саналатын кітап пен газет-журналдар жастар арасында соңғы орынға ысырылып бара жатқанын мойындауымыз қажет. Осы олқылықтардың алдын алып, кемшін тұстарымыздың кетігін түзеу мақсатында жаңа медианы дәстүрлі құндылықпен байланыстырудың маңызы зор, – деген Данияр Асқарұлы әлеуметтік желі қолданушыларынан кең көлемде қолдау тауып отырған қазақ тіліндегі комикстердің дамуына да тоқталып, елімізде алғаш болып осы бағытта жұмыстарды қолға алған «Qazcomics» жобасының жұмыстарын атап өтті.

– Қазақ ертегілерінің желісі бойынша иллюстрация жұмыстарын жүзеге асыратын жоба бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықтың дәнін себуді көздейді. Бастама аясында қазақ әдебиетінің ең көне ертегілерінің бірі саналатын «Ер Төстік» сұраныс бойынша көш бастаған. Осыған қарап-ақ смартфон арқылы 15 секундтық видеолар көріп жүрген бүлдіршіндерге комикстердің тигізер пайдасын білуге болады. Сондықтан алдағы уақытта әлемнің озық елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, ақпараттық-танымдық бағытта хабар таратуға көшу керек. Бұл өз кезегінде жасөспірімдердің цифрлық ақпарат құралдарын оң бағытта кәдеге жаратуына түрткі болар еді. 

Шапағат ӘБДІР