Өркениет тұтқасы - ғылымда
Кеше М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысында ғылым саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Іс-шара Атырау қаласында өткен үшінші Ұлттық құрылтайда Ұлттық академия ұсынған «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Отырысқа облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Сенат депутаты Бекболат Орынбеков, Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов, ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нүркен Шарбиев, «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Манат Келдібеков, Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының директоры Бауыржан Қасенов және өзге де ғылыми зерттеу институтының басшылары, өңірлік бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар алдымен көшпелі отырыс аясында ұйымдастырылған отандық ғалымдардың инновациялық өнімдері назарға ұсынылған көрмемен танысты. Көрмеде тамақ өнеркәсібі, ауылшаруашылығы, фармацевтика, қолөнер туындылары қойылды.
– Аталған мәселелерді шешуді алдымен облыс әкімдіктерінің жанынан облыс әкімдерінің немесе олардың орынбасарларының төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестер құру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудан бастау керек. Олардың құрамына мәслихат депутаттары, жетекші ғалымдар мен бизнесмендер кіруі тиіс. Сондай-ақ жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен ғылымды қаржыландыру көлемін барынша арттыру да мәселені шешудің тиімді жолы. Мұнымен қатар директорлар кеңесінің немесе байқау кеңестерінің құрамына әкімдіктердің өкілдерін енгізу арқылы жергілікті атқарушы органдардың өңірлік университеттер мен ғылыми ұйымдарды басқаруға қатысуы керек. Сонымен қатар фермерлер үшін білім тарату жүйесін ұйымдастыруға жергілікті атқарушы органдардың қатысуы маңызды. Бұл мәселені шешу үшін әр аудандағы өңірлік университеттер, колледждер мен ғылыми ұйымдарды тиісті материалдық базамен қамтамасыз ете отырып, үздіксіз жұмыс істейтін білім тарату орталықтарын құру керек, – деген А.Күрішбаев академия ұсынған шараларды пилоттық жоба ретінде өңірлерде, мүмкіндігінше Жамбыл облысында енгізуді ұсынды.
Аймақ басшысы өз сөзінде өңірде ғылымды дамыту мақсатында арнайы кеңес құрылатынын және оның жетекшісі өзі болатынын жеткізді.
Облыс әкімі ғылыми кеңес құруға үлкен қаражат керегін тілге тиек етіп, бұл мәселені шешуге жергілікті кәсіпкерлерді тарту керек екенін, ол үшін арнайы қор құру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар аймақ басшысы облыста кадр даярлау мәселесі министрліктің деңгейінде шешілетінін баса айтты.
Күн тәртібіне сай жиында ғалымдар баяндама жасап, елдегі су тапшылығын жою, ауылшаруашылығын дамыту, ғылымды жандандыру секілді өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастырып, ойларын ортаға салды. Өз кезегінде баяндама жасаған «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ғылыми зерттеу институтының бас директоры Амангелді Саданов әр ғалым өз ісіне жанашырлықпен қараса мәселе туындамайтынын айта келіп, өзі отандық нарыққа шығарған егіншілік, төрт түлік мал, үй құстарына арналған тыңайтқыштарды жамбылдық шаруалар тиімді пайдаланып отырғанын жеткізді. Тіпті мысал ретінде тығыз іскерлік байланыс орнатқан Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы ауданының шаруа қожалықтарының басшыларын шақыртыпты. Олар өнертапқыштың өнімдерін жоғары бағалап, мұндай жиындарға шаруаларды да қатыстырса нұр үстіне нұр болар еді деген ойларын жеткізді.
Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов «Ғылымды дамытудың қазіргі жағдайдағы өзекті аспектілері» тақырыбында баяндама жасап, отандық ғылымды дамытуға қатысты ойларын ортаға салды. Ректор сөз арасында шетелде қызмет етіп жүрген жастарды елге қайтарып, оларды жігерлендірудің жолдарын қарастыру керектігін жеткізді.
Айта кетейік, ҚР Президенті Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы Жамбыл жерінде екінші рет өткізіліп отыр. Президиумның барлық көшпелі отырыстарының қорытындысы бойынша аталған ғылым академиясы Үкіметке өңірлік ғылымды дамыту жөнінде ұсыныстар енгізеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ