Білім

Соңғы қоңырау мектепте өтеді

Облыста биыл 12 мыңнан астам оқушы мектеп түлегі атанады

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Аманқұлұлының қатысуымен Соңғы қоңырау» шарасындағы түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету»  тақырыбында брифинг өтті.
Брифинг аясында іс-шараны  өткізу барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.
– Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп бітірушілер үшін салтанатты іс-шараны міндетті түрде мектеп қабырғасында және алаңында өткізу міндеттеледі. Сондай-ақ, салтанатты шараны ұйымдастыру кезінде мерекелік шараға аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға, мерекелік дастархандарды ұйымдастыруға рұқсат етілмейді.  Жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып, қала бойына экскурсиялар өткізу мен әкімшілік пен педагогикалық ұжымға сыйлыққа қаражат жинауға рұқсат жоқ, – дейді спикер Мұхит Аманқұлұлы.
Айта кету керек, 2023-2024 оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды.  Жалпы облыста 498 мектепте 248 мыңнан астам оқушы аяқтап отыр, оның 12 мыңнан астамы мектеп түлектері.