«Таза Қазақстан»: Жамбыл облысында 99 мың аула тазаланды
Іс-шараға 214 мың жамбылдық қатысты
Елімізде 8 сәуір мен 11 мамыр аралығында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Облыс тұрғындары да республикалық акциядан қалыспай, бастамаға белсене араласты, деп хабарлайды Arainfo тілшісі.
5 аптаға жоспарланған Акция аясында Тараз қаласы мен өңірдің барлық ауданында әртүрлі тақырыпта экологиялық іс-шаралар өткізді. Атап айтқанда, «Таза өлке» атты апталықта елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалады. «Киелі мекен» атты екінші аптада тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандырылды. «Жасыл аймақ» апталығында көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізілді. Акцияның төртінші аптасында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру көзделді. Ал бесінші аптада өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылды.
Облыс әкімдігіне қарасты табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынының баспасөз қызметінің берген мәліметіне сәйкес, акция барысында 99 мың аула, 60 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы мен 143 саябақ тазаланды. Сондай-ақ, 816,6 шақырым каналдар мен арық жүйесі,3,1 мың шақырым көше мен 99 мың аулалар қоқыстардан тазартылып, 9,7 мың қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылып, 53 субұрқақ іске қосылды.
Айта кетейік, аталған іс-шара мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын өткізу тапсырмасына сәйке жүргізілді.