Руханият

Қайтпас қайсар қанжарым еді...

Әке-шешенің ұлағатты тәрбиесінің арқасында жастайымнан саяткерлік өнерге қызығып өстім.Есейе келе ұлттық өнеріміз туралы мәліметтерді жинақтай бастадым.Атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық өнерімізді насихаттауға да көп көңіл бөлдім.Сондай-ақ құсбегілік өнердің кейбір мәселелерін көтеріп келемін.Әлі күнге дейін жастарға "аспан перісін" қолға үйретудің ерекшеліктері мен көңілде қалар қызықты оқиғаларды әңгімелеп, дәрістер өткізіп тұрамын.Осы ретте жастарымызға үлгі болсын деген ниетте тазылардың құдіреттілігін көрсететін бір-екі қызықты хикаямен бөліскенді жөн көріп отырмын.

+кеБұдан екі-үш жыл бұрын Қырғыз Республикасының Шолпан-ата маңайында құс іздеп жүріп, ауылдың шетінде із кесіп жүрген ақ сүйек, құмай текті көкқасқа тазының екі күшігін көріп қалдым. Әлгі күшіктерге айқай қосып үйіне дейін куып бардым. Сонда Бейшебай есімді қырғыз ақсақалы екі күшікті Семей облысынан екі қараның құнын беріп, бес күн жүріп зорға алып қайтқанын айтты. Жұтынып тұрған күшіктерге қызыққаным соншалық: «Ата, бір күшігіңіздің қарғыбауына бес қасқырдың терісін немесе бес жүз сом алыңыз, қолқасын кейін айтарсыз, бір күшігіңізді алайын», – деп қолқа салдым. Ақсақал да бергісі келмей: 

– Өзім зорға жеттім, Тәңір ажыратпаса, екеуін мен ажыратпаймын, – деп өтінішімді қабылдамады. 
Ақсақалға ренжігендей болып, амалсыз кері бұрылдым. Сол сәтте кемпірі:

– Қария, қазақ бауырдың баласы ренжіп барады ғой. Біздің босағадан көңілсіз кетпесін, ренжітпе, – деп қалды. 
Қария шамалы состиып тұрып қалды да сәлден соң:

– Біліп тұрмын. Әттеген-ай! Енді қайтсем екен?! – деп ұзақ ойланып тұрды да әлі көзін ашпаған екі ақ күшікті қойныма тықты. 
Сонда қарияның: «Ұлым, риза бол, қырғыз тазыны көп асырайды, бірақ жақсы тазының тұқымы өзіңде, қазақ топырағында», – дегені әлі күнге есімде. 
Бейшебай ақсақалдан әкелген Аққұс, Аққыз атты екі күшік үйіне жетпей алты айлығында-ақ түлкі алды. Кейін із-түзсіз жоқ болып кетті...

Содан кейін біраз уақыт өжет тазы таба алмай сабылдым. Өз қолымдағы Ақтөс атты тазым көңілден шықпайтын. Жатаған болған соң ба, қалың қар жауса еріншектік танытатын. Бір күні тазыны ертіп атқа мініп, бүркітімді алып жұмыстарыммен жолға шыққанмын. Алыстай бере, Ұланбелге қарай кететін үлкен жолдың бойында 3 «КамАЗ» көлігі тоқтап тұрғанын байқадым. Оншақты адам айналасында әңгіме соғып тұр. Қастарына келіп, амандық-саулық сұрасқаннан кейін әлгілер бүркітімді қызықтай бастады. Жөн сұрастық. Сібірден келе жатыр екен. Ұланбел арқылы Ташкентке бармақшы. 

Әңгімелесіп тұрғанда ілесіп келген Ақтөсім көліктің астыңғы жағында әлденеге айбат шеккендей ырылдады. Құдды қасқырды көргендей. Көз қиығымды тастасам, тазының кішкентай қара күшігі май жаққан нанды кеміріп жатыр. Қаншық тазым жақындаса, көзін аларта айбат шегеді. Мақтау алып жүрген тазым бар болғаны тоқ шәугімнің үлкендігіндей кішкене күшікке бата алмай тұр... «О, тоба, тегін күшік болмады-ау» деп ойладым. Арам ой маза бермей жолаушылар «КамАЗ»-дың жақтауына қондырған бүркітіммен суретке түсіп жатқанда күшікті өзіме тартып алдым. Тәтті нанмен елітіп шақырып алған соң күшікті дереу қойныма тығып жібердім. Шопырдың орындығына мойныма орап жүрген әдемі жаңа бөкебайымды (шарф) тастап, «кешігіп барамын» деген сылтаумен ат үстінен бүркітімді қолыма алып, қалың сексеуілге қарай шаба жөнелдім. 

Былай шыққан соң бір төбенің күнгейіне тоқтап, бүркітке деп алып шыққан «қызыл» шибөрінің тарамыс етін күшікке тастадым. Сүйекті патырлата шайнап, жеп қойды. Анау-мынау тазы тұқымы қасқыр тектестің етін жемек түгіл, жақын бара алмайтыны анық. Бүркітке де көзін алартып, жалы, құйымшағы, жуан арқасына дейін тік тұрып айбат шеге қарайды. 
Үйге әкелген соң ауыз бөлмеден жылы орын жасадым. Сөйтіп, шашақ құлақ, бүркіт қабақ, шиыр құйрық, екі езуі құлағына жететін, кішкене қара тазы күшігін қыстай әбден семіртіп бақтым. Жұмсақ жас малдың сүйектері болмаса ірі малдың сүйектерін мұжытпадым...

Ұрлап әкеткен күшігіме Қанжар деп ат қойдым. Итім көктем шыға биіктеп, жетілді. Қазан өкпе, маңдайында қасқасы бар, түрі сұсты, аса еркелемейтін нағыз шымқай қара тазының өзі болып өсті. Сол Қанжар, уақыт өте келе, неден де болса қайтпайтын «Қанішер қара» атанды. Қасқыр мен шибөрілердің жаңа жүрген ізіне салсаң болды, қуып жүріп өлтіретін. Алыста қалсам, зор дауысымен үріп жетіп алатын. Әдетте тазылардың қақпанға түскен қасқырды алуы қиын. Қанша дегенмен қақпандағы қасқыр бар қайратын бойына жинап, ашулы тұрады ғой. Ал Қанжар қақпанға түскен қасқырды көрсе, ай-шайға қаратпай бас салады. Дәл кеңірдектен алып, өлгенше айырылмай жатып алатын. Қасқырды үйге әкеліп сойып, етін іліп қойсаң бар майлы жерін сыдырып жеп жүретін. Ауыл иттерінің ешқайсысы жақындап бата алмаушы еді. 

Қанжар қолда 1-2 жыл тұрып, аты шыға бастаған кез. Бір күні үйге Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың шәкірті Шоман Шәріпбаев келді. Айтуынша, қыстауда ит-құс көбейіп кеткен. Біраз уақытқа Қанжарды сұрай келіпті. Сыйласып жүрген кісінің қайтіп көңілін қайтарасың. Бар жағдайын айтып, Қанжарды ілестіріп жібердім. 
Жиі хабарласып тұрдық. Алғашында тазыға әбден риза болып жүрген Шөкең бір күні хабарласып:

– Әй, інім, айналайын, аманат тазыңды аманында алып кет, обалына қалмайын, кел, – дегенде төбемнен жай түскендей болды. 
– Шөке, обалына қалғаны несі? Аямай қасқырға қоса беріңіз, жеңілсе сіз кінәлі болмайсыз, – дедім ешнәрсе түсінбеген қалпымда. 
– Айналайын қарағым, бір тілек-өтінішім болсын, кел, келген соң көресің, – деп жалынған соң жүрегім бір жамандықты сезгендей болды. 
Көлікке керек-жарағымды салып, Шоман Шәріпбаевтың Хантаудағы қыстауына тарттым. 

Түс кезінде қыстауға келсем, Шөкең мылтық ұстап есік алдында тұр екен. Мені көрген соң асығыс көлікке жақындады.
– Шөке, неліктен алаң болып тұрсыз? Тазы аман ба, қайда өзі? – дедім көліктен түсіп жатып.

– Несін сұрайсың?! Сұмдық болды. Қанжарың иттің сырттаны екен. Болмаса қасқырдың айрықша тегі бар. Ұйыққан қасқырларға ілесіп кетті. Кеше түнде келмей қалып, таң бозарып атып келе жатқанда далаға шыққанмын. Таудың етегінде 5-6 қасқыр топтасып жүр. Дереу дүрбі салсам, дәл ортасында біздің Қанжар тұр. Қаншық қасқырға өзге бөрілерді жолатпай, иемденіп алыпты. Атпен тұра шапқан мен атын айтып айқайлап едім, қасқырлар тұра қашты. Қанжар сәл тоқтап, маған бір қарады да қайта соңынан кетті. Қап, обалына қалатын болдым-ау. Мұндай болады деп ойлаппын ба? Қасқырлар өшігіп жеп қояр ма екен! – деген Шөкеңнің даусында уайымның, үрейдің табы байқалып тұрды. 

Болған жағдайды естіген соң аң-таң күйге түстім. Үйде бірнеше жыл қасқыр күшігін асырап, мінез-құлқын зерттегенім бар. Итпен де ұйыға беретінін білетінмін. Бірақ жалғыз тазының ұйыққан топ қасқырға жүрегі дауалап барып, араларында билік жасап жүргенін бірінші рет естіп тұрмын. Не істеу керек? Амал таппай қатты састым. Асығыс атқа мініп тауға шықтық. Үскірік жел тұрып тұр. Таудың теріскей бетін суырып тастаған, қар жоқ. Із онша білінбейді. Тек бір жерде ғана, батыс жақтағы сайға жиналған аппақ қар үстіне бір қасқыр ары-бері көп аунапты.
– Көрдің бе, ұрғашы қасқыр өзінше «өнер» көрсетіп, арландарға «қылмыңдап жүргені ғой. Жеп қоятын болды-ау, – деп сан рет қайталады Шөкең алаңдап.
– Қойыңыз, Шөке! Қасқырлар Қанжарды жеп қоятын болса, осы кезге дейін қарға-құзғын үймелеп жүрер еді. Одан аман сияқты, – 
деп ағаны жұбатуға тырыстым.

Біз із кесіп жүргенде қыстың қысқа күні батып, қараңғылық түсе бастады. Бөрілер әдетте қараңғы түссе ғана қыстауға жақындайды. Сол себепті желдің ық жағына шығып, әр жерден құлағымды тосып жүрсем, алыстан иттің бір рет «арс» еткен дауысы естілді. 
– Таныс дауыс, Қанжардың дауысы, – дедім.
– Иә, аман болса болды, енді не істейміз? – 
деді Шөкең қырау басқан мұртын уқалап.

– Жеңіл киініпсіз ғой, үйге қайтыңыз, аз-кем аялдап, тазының атын айтып шақырайын, – 
дегеніме Шөкең: «Қой-қой, балалық қылма! Сені жалғыз тастамаймын»,  – деп ашуланды. 

– Шөке, сіз аттарды алып, көрінбей кетпесеңіз Қанжар өзін ұстатпайды. Әдеті сол. Саспаңыз, бастысы тірі екен ғой, енді көп кешікпей артыңыздан үйге барамыз, – деп Шөкеңді үйге жібердім.
Шопан ағамыз төменге түсіп, дыбысы естілмейтіндей алыстап кеткен соң, «Қанжар, Қанжар, Қа..ка, әй, Қанжар, қайт!» деп бар дауысыммен тыныш түнде тауды жаңғырта айқайлап тазыны шақырдым. Дыбыс жоқ.

Аз демалып, тағы да айқайға бастым. Әлден уақытта желдің ық жағынан алыстан бір аң жүгіргендей дыбыс естілді. Кенет жартастардың түбінен Қанжар атып шығып, аяғыма оралды. Қуанғанынан құйрықты шиыра лақтырып, арсалаңдап жүр. Үсті-басы аман сияқты. Қалтамда ылғи жүретін тәтті шақпақ қанттың бірін аузына салдым. Қантты қатырлата шайнап жатқанда майда өрілген темір шынжырға байлап алып, төменге түспек болғанымда қатты жұлқынып, өзімді сүйреп кете жаздады. Қанжарды басынан сипап, әйтеуір, жалына жүріп төменге түсірдім. Сөйтсем, Шөкең де үйге кете алмай, тың тыңдап, аттарды ұстап төменде тұр екен. 

Сонымен не керек, атымызға мініп, Қанжарды жетектеп қыстауға келдік. Жеткен соң ауа райы өзгеріп сала берді. Қар жауып, жел күшейе бастады. Мұндайда тау ішіндегі алыс қыстауда қалуға болмайды. Таң атқанша жолды қар басып, аудан орталығына қайта алмауың мүмкін. Ал қалып қойсақ, Қанжарды бұл қыстауда ұстап қалу да қиынға түседі. Сондықтан тәуекел деп «УАЗ»-ға Қанжарды да салып алып жүріп кеттім. 

Шөкеңнің қыстауынан төменге түсе бергенде жыра жолға таяу мүйізі екі оралған кәрі арқар секіріп шықты. Артынан 4-5 қасқыр қуып келе жатыр. Тоқтай қалдым. Қасқырларды Қанжар да көріп, терезеден шығып кетердей ұмтылып, қатты ырылдап үрді. Көліктің ашық терезесінен ауаға жаңғыра естілген болуы керек, әлгі қасқырлар қалт-қалт тұра қалып, жан-жағына қарады. Алысырақ түскен көлік жарығынан арқарды қуған қасқырлардың тоқтап қалғаны анық көрініп тұр. Құлжа алыстап көрінбей кетті. Көлікті өшіріп, «айт, айт» деп айқайға бастым. 

Сол-ақ еді, көлік ішінде байлауда тұрған Қанжар шынжырды шайнап, жұлқына ырылдап, «босат» дегендей бұлқан-талқан болды. Топ қасқыр кейін шегініп жоқ болды. Бірақ Қанжардың ашуы басылар емес. Жақындасам өзімді жеп қоярдай айбат шегеді. «Көліктің рөліне отырсам, Қанжардың басы маған жетіп, тістеп алса қайтем» деп қорықтым. 
Кейбір бірбеткей тазылардың қанша сабап жатсаң да айтқанынан қайтпайтын оқыс мінезі болады. Ондай кезде үстіне бір ожау суық су шашып жіберсең есін жиып, «ақылға» келіп, сілкініп тұрып кететін. Амал жоқ, Қанжармен келісе алмаған соң үлкен ыдысқа құйылған судан кіші кесемен алып, бірнеше рет шашып-шашып жібердім. Сілкініп-сілкініп алған ол теріс қарап жатуға ыңғайланды. Алдына бір шелпек нан тастап, жүріп кеттім. 

Түн жарымында үйге жетіп, Қанжарды орнына байлап, алдына жылы тамақ қойдық. Татып алмады. Неше күн тауда сандалып, оған жаңағы ашу қосылды. Сорлының «іші қызып» кетпесін деп кесек қар жұтқызатынымыз бар.Сөйтіп, Қанжар қолда байлауда он күндей тұрды. Жөнді тамақ ішпейді. Көзін алартып жатып алады. Шынжырдан босатайын десем қашып кетер деп қорықтым. Әдетте мұндай қорқуды білмейтін текті иттердің тұқымы еш нәрседен қаймықпай, ойындағысын іздеп кете береді. Байқаймын, күннен-күнге тазым азып барады. Жата берген соң қаны қоюланып, еш нәрсеге зауқы соқпай қалды. Осыны ойлап, уайымдап жүрген күндерімнің бірінде жапалақтап қар жауды. Жапалақтап жауған қар ұзақ жаумайды. Соны байқап қуандым. Себебі мұндай қардан кейін кез келген аңның жүрген, келген, қашқан ізі анық көрінетін қансонар уақыты басталады. Ойлағанымдай-ақ, ел аяғы басылғанда қар да жауғанын тоқтатты.

Келесі күні Қанжарды ілестіріп қырға шықтым. Ауылға жақын Ақ қой деген қыстау бар. Соған жақындай бергеннен Қанжар бір үлкен қасқырдың ауылды маңайлап келіп, кері қайтқан ізін шығарды. Аттан түсе қалып, ізге алақанымды тигізіп, уыстап көрсем, таңға жуық жүрген екен. Әлгі қасқырдың ізіне түстік. Із Шу өзені айналып ағатын жайылма қалың қамыс шеңгелге тартты. «Қап, тазыға қиын болатын болды-ау» деп уайымдап келе жаттым. Алдымыздағы сол қалың қамыстан бірнеше рет мылтық атылды. Мұнда жиде, майда бұта да көп. Қырғауыл да жетерлік, құс атып жүргендер шығар деп топшыладым. «Тазыға зияны тимесе жарар еді» деп ойлағанымша құс атқандардан шошыған арлан бері атып шығып, үлкен жидені айнала беріп қырға қарай қашты. Әлгіні Қанжар қалыңнан көре алмай, із шалып, аспанға секіріп жан-жағына қарайды. «Қанжа-а-р» деп қатты дауыстап едім, тазы жалт қарады. Қолымды түстікке сермедім. Жымия қуанған тазы бір секіріп төбешікке шықты да қашқан қасқырды көріп, бар пәрменімен созыла қуды. Тазыны көз қиығымен байқаған дәу қасқыр Қанжардың айбынынан сескенбеді ме, әйтеуір, жанын сала қашқан жоқ. 

Қанжар әлгі қасқырды екінші төбеге жеткізбей-ақ қуып жетті. Барған бетте қасқырды кеудесімен бір соғып өтіп, оңқа-шоңқасын шығара домалатып құлатты. Қасқыр да өзін қуып жүрген «оңай жау» емес екенін сонда ғана сезді ме, қарсыласуды ойламай қалыңға қарай қаша жөнелді. Қалыңға кірсе әккі қасқыр алғызбай кетуі мүмкін. Қалыңға кірем деп жан ұшырған қасқырдың жолын кесіп айтақтап мен тұрмын. Сол уақытта Қанжар қуып жетіп, тағы да кеудесімен соғып құлатты. Екпінін тоқтата алмай ары өтіп кеткен арлан қасқыр енді ашық қалған қырға қайта қашты. Қанжар қуып барады. Алдыңғы жағы түгел ашық майда. Қасқыр мен тазының айқасына кедергі болатын еш нәрсе жоқ. «Енді қызық болады» деймін ішімнен. Астыма мінген құла ат та құлағын қайшылап тыпыршып «неге бармаймыз?» дегендей мазамды кетірді. Бірақ итіме жақтасқандай болмайын деп төбенің сайында қарап тұрдым. Әкем «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар». Тазының жеңіске таза жеткенінің өзі – бір ғанибет» дейтін.

 Ашыққа шыққан соң жан қалмасын білді ме, әлгі қасқырдың адымы ұзарып жүйтки қашты. Кішкене шырпыларды айнала беріп, қайта қалыңға тартатын түрі бар. Қанжар оған мұрша бермей өкшелеп келеді. Бір кезде бөрі атшаптырым аймақты алып жатқан қалың сорға қарай жол салды. «Ей, сорлы, өлдің енді...» дедім қасқырға. Өйткені сордың балшығы жұмсақ болып келеді. Сондықтан бөріге жүгіруге көп кедергі келтіреді. Сорға түскен соң қасқыр енді ұзай алмайтынын біліп, қайта қырға шықты, Қанжар да өкшелеп келеді. Енді жете бергенде әккі бөрі шоқ-шоқ сексеуілді айнала қашып, ұстатпай кетеді. Мұндайда тазыға болысып қашқан қасқырға қиқу салып, екінші жағынан шықсаң тазының қағып әкететіні анық. Бірақ мен дәл сол күні Қанжарға болысқым келген жоқ. Не де болса әділетті шайқас болғанын жөн санадым. 

Қанжарды Хантаудан алып келе жатқанда «арқарды қуған қасқырларға жібермедің» деп бой бермей өзіме шаппақ болып, көліктің орындығын тырнап, тістелеп ызаға булыққаны есіме түсті. Тау қопарардай болған қиқар күшін көрейін деп шештім. Бір уақытта қасқырдың адымы қысқарғанын байқадым. Өзіне атылып келе жатқан Қанжарды көрген бөрі енді құтыла алмасын білді ме, жалт бұрылып, тістерін ақсита тазыға қарсы атылды. 

Әбден өшігіп алған екен, Қанжар да қайтқан жоқ. Өзінің үйреншікті әдісі бойынша бар күшімен кеудесімен соққы берді. Қасқыр құлап барып қайта тұрды. Мұнан соң екеуі артқы аяқтарымен тік тұрып, бетпе-бет айқасты. Қайсысы-қайсысын тістеп жатқанын да аңғару қиын. Тазы мен қасқыр бір уақытта итжығыс жасап қатар құлап, арылдап-гүрілдеп аянбай, бірін-бірі жібермей таласты. Бірін-бірі кезек сілкілеп, жұлқыласып жатыр. «Ешқайсысына жақтаспайын, жабайы аңның да қорғануға құқығы бар ғой» деген бастапқы ойымнан айнымай, бұғып көрінбей, дүрбіден аңдып тұрмын. Өмір үшін күрес көпке созылған жоқ. Шамалыдан соң қасқырдың ащы бір даусы шығып, қырылдай бастады. Қанжар қасқырдың тамағына басын сұққанда екеуі де үнсіз қалды. Шауып барсам, тазым қасқыр арланының кеңірдегінен талап, тынысын тарылтып құлатқан екен. Қасқырдың жағы қарысып, ажырамай қалыпты. Бүркіт азулы аңға түскенде ажыратып алу үшін пайдаланатын «қатыр-мүйізбен» зорға ажыраттым. Екеуінің үсті де қызыл ала қан.

Киноға түсірсе нағыз қазақы тазының құдіретін көрсететін сол күнгі айқас Қанжарға оңай тимесе керек, ауық-ауық аяғына қарай береді. Байқасам, тазы мен бөрі ұмар-жұмар айқасқан жердегі ой-шұқырда күртік қатқан қатты қар бар екен. Қос басар жетім тырнақтары жонылмаған тазыларда мұндай қатты қарда ауырсыну пайда болады. Байқамаса ушығып ісіп, сарысу алса ақсап қалуы ғажап емес. 
Қос басар жетім тырнақ дегеніміз – тазының сирақтан сәл төмен, бақайдан жоғары жіліншігінде өзгеше бөлек өскен жалғыз тырнағы. Саятшылар, тазы жүгіртетіндер қос басар тырнақты сүйек болмай тұрғанда кейін жүгіргенде кедергі жасамас үшін тым жас, көзін ашпаған күшік кезінде өткір бәкімен жонып тастайды. Қайта өспей, теп-тегіс бітіп кетеді. Ал Қанжар менің қолыма кеш келгендіктен қос басар жетім тырнағы жонылмаған еді. Алайда Қанжардың аяғы неден ауырып тұрғанын білсем де аса мән бермедім. Мұны сезгендей Қанжар «неге ертерек келмедің?» деген сыңай танытып, жалтақ-жалтақ жалынышты көзбен қарай берді.

Қанжардың Хантаудағы мінезі ойымнан кетпей, салқынқандылық таныттым. Тілі жоқ хайуан болса да ақылды тазы емес пе? Өз ісіне енді өкінгендей, қыңсылап келіп аяғыма оралды. Одан арыға жүрегім шыдамай, қалтамнан беторамалымды алып, әуелі Қанжардың қырау басқан көз-кірпіктерін сүртіп, үстін тазаладым. Әрмен қарай жараланған итімді емдеуге кірістім. Қасқырдың тісі батқан кей терісінің үстіне ушығып кетпесін деп иіссу жағып қойдым. Қоржынымдағы үйден алып шыққан шелпек, кесек еттен, май жаққан көмбеш наннан тойғанынша жегіздім. Қасыма отырғызып ауық-ауық тәттіден аузына салып, маңдайын сипап едім, жаңа ғана тұнжыраған тазымның көздері жайнап кетті.

Осы хикаяны Мырзатай Жолдасбеков ағамызға Астана қаласында болған бір жиналыста баяндап бердім. Ол кісі: «Ескі дәуірді сағындырар, қазақы рухыңды қозғар әбсәні – аңыз сияқты әңгіме екен. Асықпай әңгімелесейік», – деп, қатты қызыға назар аударған еді.
Бір өкініштісі, қартайғанынша қуанышқа бөлеп, жанымды марқайтқанымен Қанжар өзіне тартқан күшік бермеді. 

Жапар САТЫЛҒАНОВ,
құсбегі, этнограф, 
зерттеуші-натуралист,
Жамбыл облысының
 Құрметті ардагері