Мәдениет

Қанатты қыз

Келмеске кеткен Кеңес үкіметінің миллиондаған адамын болашаққа деген бағдарынан жаңылдырып, отбасы бақытынан айырған екінші дүниежүзілік соғыстың жанкешті батырлары ешқашан ұмытылмақ емес. Көздерінде от ойнаған қаншама жастарымыз кәмелетке енді ғана толып, алдағы өмірге жоспар құрып үлгермеген уыздай шақтарында қолдарына мұздай қару алып ел қорғауға аттанып, қыршын кетті.

Ел басына күн туған кезде «толарсақтан саз кешіп», қолдарына қару ұстап, ер-азаматтармен бірге ел намысын қорғаған батыр аналарымыз да аз емес. Солардың ішінде «Шығыстың қос шынары» атанған Әлия мен Мәншүктің қатарында Хиуаз Доспанова да бар.Х.Доспанова соғыс кезінде қазақтан шыққан жалғыз ұшқыш әйел, жауынгер, батыр, Халық қаһарманы. Неміс фашистерінің арасында Хиуаз және оның қарулас құрбылары «Түнгі мыстандар» деп аталып кеткен. Бұл туралы батыр қыздардың естеліктерін жинаған Фариза Оңғарсынованың «Арулар отты жылдарда» атты кітабындағы Х.Доспанованың естелігінде былай делінген: «Бұрын өзіміздің командирлеріміз, дені саяси жетекшілерімізден Гитлер әрбір атып түсірілген әйел-ұшқыштар үшін әрбір солдатқа темір крест беріп, аз күнге үйіне демалысқа жіберуге уәде еткенін естіген едік. Сондықтан да жау зеңбірекшілері біздің самолеттерімізді алабөтен аңдитын. Сірә, біздің кішкентай «ПО-2» немістерге едәуір лаң салған болу керек».
Тапсырманы мүлтіксіз орындаған Хиуаз Доспанованың неміс басқыншыларына қарсы әуеден соққы беруі алғашқы күннен-ақ ерлік болып саналды. Қазақ қызының екі сан сүйегі сынып, дәрігерлер ота жасап, жазылып келген соң да дәрігерлердің тыйымына қарамай, ұшаққа мініп-шығуы қиынға соқса да майдан даласында жанқиярлық ерлік көрсеткені тарихтан белгілі. Алайда осы ерліктері соғыс кезінде әділ бағаланбай қалып, оған «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілмегені өкінішті-ақ.

Осы орайда халық жазушысы, соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықов Хиуаз туралы: «Ұлы Отан соғысында жау тылына Талғат Бигелдинов – 305, Леонид Беда – 
211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды, жер бауырлап ұшатын «ПО-2» ұшағының жау ұшағымен шайқасар қуаты жоқ...», деп жаза келе, Хиуаз Доспанова кішкене ғана фанера ұшақпен 300-ден аса әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы бергенін айтып, қанатты қыздың ерлігі соғыс жылдарында бағаланбаса да бейбіт өмірде бағалануы тиіс деп өз ойын ашық жеткізген еді. Соғыстан екінші топтағы мүгедек болып оралған батыр қызға 2004 жылы ғана ҚР Президентінің жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Жазушының жазбасында айтылғандай, Х.Доспанова мінген «ПО-2» ұшағы ауылшаруашылығында қолданылатын «Жүгеріші» аталып кеткен ұшақ. Күндіз ол ұшақтарды жойып жіберу қаупі жоғары болғандықтан ұшқыш қыздар әуедегі шайқасқа тек түнде шығатын. Осындай ұшақпен соғысудың қиындықтарын батыр апамыздың «Арулар отты жылдарда» кітабында: «Бұлтты күні ұшу қиын, ал бомбаны нысанаға дәл тастау одан да қиын. Табиғаттың сондай бір сұрқай шағында Полина Белкина екеуміз Прохладная маңында бара жатқан автомашина колоннасының ізіне түстік. Тауып алып, самолетті енді ғана шүйілдіріп, енді ғана қарауылға ала бергенде бұлт қаптап, ештеңе көрінбей кетті.

Әлі есімде, автомашиналар колоннасы үстінде көп қалықтадық, біресе жоғалтып алып, біресе тауып алып жүрдік, бірақ бұлттың қалыңдығы сондай, нысанаға дәл тигізу қиынға соқты. Бомба тастау үшін межеленген биіктіктен төмендеу қауіпті, өйткені өзіміз тастаған бомбаның дүмпуі өзіміздің самолетке зақым келтіруі мүмкін. Жанармай мөлшерін де ескеру керек. Бұдан әрі жау территориясының көгінде жүруге болмайтын еді. Біз неде болса тәуекел дедік. Жүріп келе жатқан колоннаны қарауылға алып, төмендей бастадық. Бомба тастаған кезімізде машиналарға жақындап қалғанымыз сондай, ауа толқыны самолетімізді солқ еткізді, әйтсе де биіктей бердік», деген естеліктері бар. 

Жалпы Хиуаз Доспанованың өмір жолына аз-кем үңілсек, мектептегі аэроклубты бітіріп, «Запастағы ұшқыш» мамандығын алып шығады. Мәскеудегі әскери-әуе академиясына түсе алмай, медицина институтына түседі. Оқу жылына енді аяқ басқанда соғыс өрті тұтанады. Ол әйгілі ұшқыш Марина Раскованың қыздардан ғана тұратын авиаполкіне өз еркімен сұранып, аэроклубта меңгерген ұшу дағдыларын, қайтпас қайсарлығын көрсетіп, сол полкке қабылданады.

Соғыс жылдарында Х.Доспанова әуеде 300 рет ұшып, жауға қарсы жүздеген жорық жасап, әскери қоймалар мен көптеген атыс орнын бомбамен жарған. Сол теңдессіз ерлігі үшін «Қанатты қыз» атанған еді. Оңтүстік майданда, Солтүстік Кавказда, Күнгей Кавказда, Украина мен Белоруссияда өткен шайқастарға қатысқан. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек қызыл ту» ордендерімен және көптеген медальмен марапатталған. Қазақтың қайсар қызы 2008 жылы 20 мамырда Алматы қаласында 86 жасында дүниеден озды. Жерлеу рәсіміне Халық қаһарманы, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры С.Нұрмағамбетов қатысып, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызына соңғы рет әскери құрмет көрсетті.

«...Өз басым халқым қарғамайтын, ұрпағымды ұялтпайтын өмір кештім ғой деймін. Ал мен сияқты әжелердің ойлайтыны – отбасының, Отанының тыныштығы ғана» деген екен бір сөзінде қазақтың қаһарман қызы.Осы сөздің өзінде-ақ апамыздың Отанға, халқына деген шексіз сүйіспеншілігі мен патриоттық рухының биік тұрғанын аңғарамыз. 
2010 жылғы 7 мамырда Атырауда Х.Доспанованың құрметіне ескерткіш ашылды. «Атырау» халықаралық әуежайына, Атыраудағы спорт сарайына, «Embraer 190» ұшағына Хиуаз Доспанованың есімі берілді, әуежай ғимаратының алдында майдангер ұшқышқа арналған ескерткіш бой көтерді. Алматыда Х.Доспанова атындағы көше бар. Туған жері – Құрманғазы ауданындағы өзі тұрған үйде ескерткіш тақта орнатылған. Нәзікжанды қыз баласы болса да ерліктің өшпес өнегесін көрсеткен Хиуаз Доспанованың батырлығы ешқашан ұмытылмайды.

Жанат ТОҚБАНБЕТОВА,
облыстық-тарихи өлкетану музейіне қарасты 
«Даңқ» залының
ғылыми қызметкері