Жақсылыққа жақсылық - әр адамның ісі
Неге екенiн қайдам, соңғы кезде «адамдар арасында мейiрiмдiлiк, қайырымдылық, кiшiпейiлдiлік, жанашырлық, бауырмалдық азайып, iзгi iстер сиреп бара жатыр» деген сөздердi жиi естимiз. Шынында да солай ма? Оған не себеп? Көпшiлiкке топырақ шашпалық, бiрақ қазiр адамдар арасында немқұрайдылық, тоғышарлық, енжарлық, бейтараптық, селқостық, менмендiк, қатiгездiк тым меңдеп бара жатқан секiлдi болады да тұрады.
Жуырда әлеуметтік желі арқылы кез келген адамды еріксіз елең еткізетін жағымды бір хабар тарады. Балық аулауды ермек ететін бір азамат демалыс күні қалың тоғай ішінен ағып өтетін асау өзенге қармақпен балық аулауға барады. Күн едәуір көтерілсе де қармағына бар болғаны бір-екі ғана балық іліккеніне көңілі толмай отырғанда кенет қалың жыныс арасынан кішкентай қонжығын ерткен қоңыр аю шығып, балықшыға еш көңіл аудармастан қарсы су жағасынан балық аулай бастағанына қарап қалады. Әлгі аюдың балық аулау шеберлігіне таңғалып, оның іс-әрекетінен көзін алмай отырғанда анасының қасында асыр салып, ары-бері шапқылап жүрген кішкентай қонжық абайсызда ағысы қатты өзен суына топ етіп түсіп кетеді.
Асау толқын конжықты суға бір батырып, бір шығарып ағызып ала жөнеледі. Балықшы уақыт жібермей өзен бойын жағалай жүгіріп, мүмкіндігі бар бір жерде өзенге түсіп, суда ағып келе жатқан қонжықты аман-есен жағаға шығарады. Оның бар іс-әрекетін көріп тұрған аю өзенді малтып өтіп, бұл отырған жағаға жетіп, қонжығын ертіп орманға еніп кетеді. Кешке қарай балық аулауға қайта барған балықшы әлгі аю мен қонжығын тағы көреді. Балықшыдан таяқ тастам жерден ол да балық аулап, бірер сәтте біраз балықты жағаға жинап тастайды. Содан кейін балықшыға қараған ол дыбысын шығарып, басын изегендей болады да орманға кіріп жоқ болады. Өз көзіне өзі сенбеген балықшы жан-жағына қарап, жағадағы аю жинаған балықтарды теріп алып, үйіне қайтады. Ертеңіне балық аулауға барған әлгі кісі тағы кешегідей істің куәгері болады. Аю біраз балықты жағаға шығарып, ұстағанын бір жерге үйіп, асыр салып еркелеген қоңыр қонжығын ертіп ну орманға кіріп кетеді. Осындай жайт бірнеше күн қайталанады. Аюдың әлгі адам сенбес игілікті тірлігі балықшыны ерекше толғандырып, таңғалдырады. Ертегі сияқты, басқа біреу сенбейтін оқиға. Аюдың бұл ісі суға ағып бара жатқан қонжығын құтқарған адамға деген ақ ниеті, жасаған жақсылығына «жауап» қой деп ойын түйіндейді.
Байқап отырсыздар, халық арасында жиі айтылатын «Біреуге жасаған жақсылығың ертелі-кеш жақсылық болып қайтады» деген пікірдің шындығы. Біреуге жасаған жақсылығыңыздың күндердің күнінде жақсылық болып кері оралатынын әлгі аюдың іс-әрекетінен-ақ білуге болады. Адам емес, жабайы мақұлықтың өзі басқаның жасаған жақсылығын дұрыс түсініп, оған оң көзімен қарағаны қандай ғанибет?!
Таяуда iссапармен Алматы қаласына бардым. Жүрдек пойыз таңғы елең-алаңда Алматы-II стансасына келiп тоқтады. Сыртқа асыққан жолаушылар қол жүктерiн алып, есiкке қарай ұмтылуда. Жолсерiк жiгiт асығып-үсiккен жолаушылардың вагоннан түсуіне көмектесiп бағуда. Қолында ауыр екi сөмкесi бар талшыбықтай нәзiк қыз вагоннан шығып, жан-жағына қарап, бiреудi iздегендей болды. Жақын маңда жүк тасушылар көрiне қоймады. Ақыры әлгi қыз ауыр жүгiн көтермек болып көрдi. Қайдан, тал шыбықтай белi майысып, көтеруге қауқары жетпедi. Көршi купеде бiрге келген жолаушы қызға жаным ашып, бiр сөмкесiн бос қолыма алдым. Жанымыздан өтiп бара жатқан мұрты қияқтай жас жiгiтке: «Мына қарындасыңның жүгiн вокзал алдына дейiн жеткiзiп берелiк, қолыңыз бос көрiнедi, көмектесiңiз», – деп ұсыныс жасадым. Сонда әлгi жiгiт: «Мен грузчик емеспiн, кешiрiңiз!» – деп ала көзiмен бажырая қарап, сөзiн келте қайырып, өз жөнiне кете барды. Не дерсiң оған? Мен өзiмнiң жеңiлдеу сөмкемдi әлгi қыздың қолына ұстатып, оның екi ауыр сөмкесiн вокзал алдындағы такси аялдамасына дейiн жеткiзiп бердiм.
– Үлкен басыңызбен кiшiрейiп, маған көмектестiңiз. Рақмет, көп жасаңыз, ағай! Сiздiң алдыңызда бiртүрлi ыңғайсыз, тiптi ұят болды. Ауылға барып едiм, әке-шешем қоярда-қоймай қалада тұратын бiзге, қыздарына «қысқы сыбағаларыңды ала кет» деп болмағаннан кейiн көңiлдерiн қимай, жүктерiмдi ауырлатып алғаным…
– Оқасы жоқ. Осы қалада менiң де сендей қызым бар. Сенiң қиналып тұрғаныңды байқаған соң көз алдыма сол қызым түсiп, қолғабыс тигiзейiн дедiм. Қолдан келсе адамдар бiр-бiрiне қол ұшын берiп, жақсылық жасауға, көмек көрсетуге дайын тұру керек емес пе? Сондықтан сен ешбiр ыңғайсызданба, бәрi дұрыс, қызым.
Сөйтіп ақ жол тілеп, таксиге отырғызып жiбердiм.
Осы бiр шағын көрiнiс бiраз уақытқа дейiн есiмнен шықпай, кейiн де мезгiл-мезгiл ойыма түсiп жүрдi.
Иә, байқасам, қазiргi уақытта адамдар арасында адамгершiлiкке тән iзгi, игiлiктi iстер азайып бара жатқан секiлдi болады да тұрады. Әрбiр iс-әрекетiн өлшеп, жасаған жақсылығын, көмегiн, атқарған қызметiн, жәрдемiн «сатып», пұлдап, ақшаға айналдыратындар саны қазiргi қоғамда көбейiп бара жатыр ма осы? Әлде мен қателесемiн бе? Лайым, солай болғай…
Бiрде қала орталығындағы төлем жасайтын касса алдында кезек ұзаққа созылып кеттi. Кезектiң артын ала қолында сәбиi бар өрiмдей жас келiншек тұрды. Кезек баяу жылжып, уақыт тым ұзаққа созылды.
Бiрер уақыттан кейiн әлгi келiншектiң баласы мазасызданып, ыңқыл-сыңқылға басты. Келiншек әрi-берi баласын алдандырып, жұбатпақ болып бағып едi, нәресте онысына көнбей жылай бастады. Келiншек не iстерiн бiлмей қатты абыржыды. Бiрақ оның алдында кезекте тұрғандар құлақтарына қорғасын құйған жандардай, ештеңе естiмегендей, көрмегендей кейiп бiлдiрiп, жас баланың жылағанына селт етiп, мiз бағар емес. Келiншек нәрестесiн қолына көтерiп, тербеп тұр. Оған көнер бала жоқ. Сірә, көп iшiнде қайырымды, жаны iзгi бiр адам табылар ма екен? Сол кезде касса терезесiне жақындап қалған жiгiт ағасы абыржыған келiншекке өз кезегiн ұсынды. Басқалар әлгi азаматтың оң iсiн дұрыс көрiп, бойынан адами қасиетiн жоғалтпаған жандардың әлi де ортамызда бар екенiн мойындап, ешбiрi ризашылығын бiлдiре қоймады. Әттең…
«Жақсымен жанасып жүр, жарлыға қарасып жүр, шалқудың шамасын бiл, ақ-қараның арасын бiл» немесе «Құрдасыңа қуаныш бол, сырласыңа сынық бол, жылағанға жұбаныш бол, туысыңа тұнық бол» деп қазақтың дарынды жазушысы Тұтқабай Иманбеков жазғандай, кейде жан-жағымызға ойлы көзбен қарап, шалқудың шамасын бiлiп, санамызды «салмақтап» қойған да артық емес-ау. Әйтпесе адамдар бiр-бiрiне жақсылық жасаудан, қамқор болудан, қиналғанға қол ұшын беруден қалып, дүниеқоңыз, тасбауыр, қорқау қасқырға айналмай ма?!
Қасқыр дегеннен еріксіз ойыма көрнекті жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Кісі иесі» деген әңгімесі келеді. Автор аштық жылдары болған сұмдық оқиғаны суреттейді. Аштықтан әбден тарығып, қатты қиналған базбір жандардың ақыл-есі ауып, аш қорқаудай еш қорғансыз балаларға ауыз салуға барғаны жайлы деректер бар.
Несіпбек Дәутайұлының әңгімесінде аңшылардан қашқан қасқыр жан сауғалап келіп, қора жанында тұрған кісіге «Маған көмектесіңізші, садағаң кетейін!» деп қыңсылап, жалынғандай күйде алды-артына қарамай қораға кіріп кетіпті. Қасқырды қуғандардың сұрағына қора иесі: «Жаңа былай қарай зу ете түсті», – деп, мүлдем басқа жаққа жол сілтеп жібереді. Әлгі көкбөрі өзін өлімнен қорғап қалған, аштықтан қиналған кейіпкерге бірнеше рет көмекке келеді. Көкжал көзге бірде көрініп, бірде көрінбей жүріп талай жақсылық жасайды.
Жас баласы мен әйелін қорғап қалу үшін өз жанын пида еткен бас кейіпкер ер-азаматтың ісіне ризашылық сезіммен қарайсың. Баласын арқалаған ана соның арқасында төркініне аман-есен жетеді. Бұл жерде біздің айтарымыз, көкбөрі адамның жасаған жақсылығын ұмытпай, оған бірнеше рет көмекке келуі. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген қазақтың сөзі еріксіз еске түседі.
Адамдарға неғұрлым жақсылық көп жасасаң, алғысты көп алсаң, соғұрлым жолың болып, жүрегiң жылып, жаныңа бiр жайдары тыныштық келетiнi хақ. Қара ниеттi, негiзсiз қиянат жасаған адамдардың тыныш ұйықтауы неғайбіл.
Мына мың құбылған алмағайып, сайқымазақ заманда бiз де жарық дүниеде қонақ екенiмiздi олар неге естен шығарады?! Адам деген атымызға iсiмiз сай болуы керек екенiн, арымыздың таза болуын бiр сәт те ұмытпау қажеттiгiн, қолыңнан келсе алдыңа алақан жайып келген мұқтаж жанға көмегiңдi аямау керектiгiн өмiр деген керуеннiң жолаушылары бiлiп жүрсе, артық болмас-ау деген ойға келесiң. Байлық та, қызмет те адамға мәңгiлiк жолдас болмайтынын көріп жүрміз. Оларды данышпан халқымыз сонау қиын кезеңде-ақ «қолдың кiрi» деп қараған. Қазіргі адамдардың, әсіресе өткен жүзжылдықтың тоқсаныншы жылдары дүниеге келген жастардың өмірге деген көзқарастарының, менталитеттерінің, пейілдерінің теріс жаққа қарай ауып бара жатқаны, олардың күні-түні ойлайтындары ақша табу, баю, дүние жинау болып кеткені ойландырады.
Ықылым заманнан сақталып келе жатқан ұлтымыздың жақсы салт-дәстүрі, өзара сыйластық, кішіпейілділік, бауырмалдық жыл өткен сайын бұлыңғырланып, адамдар қатігезденіп бара жатқаны жасырын емес. Оған не себеп? Көрші жатқан өзбек, тәжік, түркімен, әзірбайжан ағайындар арасында сол жақсы қасиеттер сақталып, жасарып, жаңғырып келе жатқан жоқ па? Тіпті жапондықтар мен корейліктер арасында мыңжылдық ұлттық ата салт-дәстүрлері, өзара сыйластық сақталып келе жатқанына таңғаламыз. Ал біз неге кері кетіп барамыз? Оған кім кінәлі?
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор