Медбикелердің міндеті көп
Ауырғанда жаныңыздан табылатын, қиналғанда қол ұшын созатын медицина қызметкерлерінің бірі – медбике. Жалпы дертіне шипа іздеп келген жандарға аялы алақанымен, күндей жылы қабағымен қуаныш сыйлайтын медбикелер жайлы көп айтылып, көп жазыла бермейді.
Кәсіби шеберлігімен көзге түскен медбикелердің бірі – Ақмарал Байбосынова. Кейіпкеріміз 2022 жылы 12 мамыр – Халықаралық медбикелер күніне орай ұйымдастырылған «Үздік медбикелер» байқауына қатысып, жүлделі орыннан көрініпті. Сондай-ақ 2023 жылы облыстық «Ең үздік медбике» жарысына қатысып, алғыс хат пен қаржылай сыйлыққа ие болыпты.
Ақмарал Асылбекқызы 1990 жылы Талас ауданының Үшарал ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Тараз қаласындағы №14 Мұқағали Мақатаев атындағы орта мектепті тәмамдап, 2006-2009 жылдар аралығында Жамбыл жоғары медициналық колледжін «Фельдшер» мамандығы бойынша аяқтаған. 2009 жылдан бастап бүгінге дейін №7 қалалық емханада медбике болып еңбек етіп келеді. 15 жылға жуық еңбек өтілінде емхананың қоғамдық жұмыстарына да белсенді атсалысып, облыстық «Сенім» медициналық қызметкерлер кәсіподағы төрайымының Алғыс хатымен марапатталыпты.
Жауапкершілігі мол, алғыр, кез келген науқастың пәс көңілін шайдай ашатын медбикені әріптестері білікті маман ретінде жоғары бағалайды. Емделушілер де кейіпкеріміз туралы тек жақсы пікірде.
– Науқас адам, ең біріншіден, жылы сөзге зәру. Қаралуға келген емделушілерге жылы сөзін аямай, шапшаң қимылдайтын Ақмаралға алғысымыз шексіз. Емханаға келсек, ең бірінші дәрігерді емес, Ақмарал медбикені іздейміз. Әріптестері арасында да жоғары құрметке ие. Өз бөлімінің жұмысын ұршықша иіріп отырған жауапты маман, – дейді ем алушы Сайрагүл Жақсылықова апамыз.
Келесі кейіпкеріміз – өмірінің 25 жылын медицина саласына арнаған №5 қалалық емхананың аға медбикесі Айтолқын Акпарова. Аға медбикенің жұмыс күні таңғы 08:00-де бөлімшені аралаудан басталады.
Ақ халатына кір жұқтырмай мейіргер қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Айтолқын 1978 жылы Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1998 жылы аймақтық мейіргер болудан бастаған. 2001 жылдан бері №5 Тараз қалалық емханасында еңбек етуде. Айтолқын Елеусізқызы емхананың диагностика бөлімін басқарады. Бөлімде отыздан аса орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді.
Эльмира Байназарова