Комплаенс-қызметін дамытудың маңызы зор
Жуырда облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектебі» аясында облыстық семинар өтті.
Семинардың ашылу салтанатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары міндетін атқарушы Қайрат Байгебаев және облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерболат Байболат сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдағы соңғы өзгерістермен квазимемлекеттік және жеке сектор ұйымдарында корпоративтік парасаттылық стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметті құру үшін маңызды дәлел – сыбайлас жемқорлық субъектілері. Осы квазимемлекеттік сектор лауазымды адамдардың шеңберін кеңейтуді көздейді.
Бұдан былай сатып алуды ұйымдастыру және өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілетті, мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын, дербес құрылымдық бөлімше басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын жобаларды іріктеуге және іске асыруға жауапты квазимемлекеттік компаниялардың қызметкерлері сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатқызылды.
Яғни олар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді өзіне толық көлемде қабылдайтын болады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары жасалған жағдайда аса елеулі жауапкершілікке тартылады.
Бұрын мұндай нормалар квазимемлекеттік компаниялардың бірінші басшыларына ғана қатысты болатын. Енді бұл шеңбер айтарлықтай кеңейтілді.
Маңызды мемлекеттік жобаларды сатып алуға және іске асыруға жауапты құрылымдық бөлімшелердің басшыларын сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатқызу үлкен прогресс.
Құрылымдық бөлімшелердің басшылары өздері немесе үшінші тұлғалар үшін заңсыз, бірақ тиімді шешім қабылдай алады. Сондай-ақ өздерінің лауазымдық міндеттеріне байланысты сеніп тапсырылған бөлімше қызметкерлерінің қандай да бір сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысуына жол бермеу мүмкіндігіне ие болады.
Бұл түзету сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді енгізумен қатар, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері тарапынан теріс пайдаланудың алдын алудың және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмаудың тиімді шарасы болады деп санаймыз.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы функционалмен толықтыру бөлігінде айқындалатын құрылымдық бөлімшелердің қолданыстағы ережелеріне өзгерістер енгізу басым болып көрінеді.
Бұған дейін агенттік квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдарды бекітті.
Бұл стандарт сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің қолдануы үшін бірқатар міндеттерді қамтиды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі құжаттарды әзірлеу, ұйымдардың қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, ұжыммен сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндіру кездесулерін өткізу, мүдделер қақтығысын анықтау, реттеу және корпоративтік этикалық құндылықтарды дамыту және тағы басқа.
Көрсетілген әдістемелік ұсынымдарға назар аударып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті тиімді іске асыру үшін ережелерді арнайы функционалмен толықтыру қажет.
Өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің тиімділігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құрылған ведомствоішілік жүйесіне байланысты, – деді Қайрат Байгебаев.
Семинарға республикалық деңгейдегі сарапшылар қатысып, тәжірибесімен бөлісті. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің сарапшысы Асан Айдарханов комплаенс бағдарламасын құрудың әдіс-тәсілдері аясында баяндама жасаса, ҚР Энергетика министрінің комплаенс жөніндегі кеңесшісі, Комплаенс және іскерлік этика қауымдастығының төрағасы Дәурен Ақшалов және «Фридомтелеком» АҚ комплаенс офицері Дәурен Тулин мекемедегі комплаенс тәуекелдерін басқару тетіктеріне тоқталып өтті.
Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының профессоры Бекмахан Ахметов комплаенс қызметінің саясатын егжей-тегжейлі түсіндірсе, облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бас маманы Бауыржан Кабашев мемлекеттік сатып алу процесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау жолдарына тоқталып өтті.
Сонымен қатар облыстың жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Гүлпара Ташенова жобалық басқарудың ақпараттық жүйесінде №4 үлгілік базалық бағытын іске асыру барысын таныстырып өтсе, өзге сарапшылар күн тәртібіне сәйкес маңызды тақырыптар аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Тараз қаласы мен аудандардан қатысқан 80-ге жуық қатысушыға әдістемелік бағыт-бағдар беріліп, іс-шара нәтижесі бойынша арнайы сертификаттар табысталды.
Сондай-ақ семинарға «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.