Жаңалықтар

Табиғатты қорғауда заңбұзушылық тыйылмай тұр

Бүгінгі таңда облыста 5 мыңнан аса табиғат пайдаланушы тіркелген. Флорасы мен фаунасы әртүрлі ерекше қорғалатын 10 табиғи аумақ орналасқан. Алайда ұзақ уақыт бойы өз шешімін таппай келе жатқан қоқыс сұрыптау зауытының болмауы, жер қойнауын пайдалану саласындағы олқылықтар, трансшекаралық сумен жабдықтау сынды бірқатар өткір мәселенің бар екені жасырын емес. Осыған орай 2024 жылдың 3 айында 14 тексеру жүргізіліп, 14 заңбұзушылық анықталып, 15 ұсыну енгізілді, 15 тұлға тәртіптік, 28 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қадағалау актілері бойынша бюджетке 18,2 миллион теңге өндіріліп, айлық есептік көрсеткіш бойынша 1 материал тіркелген.

Мәселен, жерасты суларын кәсіпкерлік мақсатта пайдалану тиімділігін талдау нәтижелері бойынша айтар болсақ, суды пайдалануға арнайы рұқсатсыз және пайдалы қазбаларды өндіру барысында салық төлемей 140 көлік жуу орталығы, 135 монша кешенінің және 34 бассейннің жұмыс істегені анықталған (барлығы – 309 нысан).Анықталған бұзушылықтар бойынша жергілікті атқарушы және уәкілетті органдарға қадағалау актілері енгізіліп, Бас прокуратураға қызметтік жазба жолданған.

Суармалы сумен жабдықтау жүйесін дамыту бойынша да заңсыздықтар орын алған. Яғни суармалы сумен жабдықтау жүйесін дамыту шеңберінде бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына жүргізілген талдау нәтижесінде заңдылықты бұзушылықтар анықталыпты. Атап айтқанда, 257 миллион теңгеге залал келтіріліп, 1,2 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Бұл мәселе бойынша ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне қадағалау актісі енгізілген. 

Облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының аға прокуроры Еркін Альмахановтың айтуынша, заңсыздықтар жер қойнауын пайдалану саласы, ормандарды қорғау, акваөсіруді дамыту, өндірістік экологиялық бақылау, жануарлар дүниесін қорғау бойынша да орын алған. 

– Жер қойнауын пайдалану саласында 3 қадағалау актісі енгізілді. 45 субъектінің өндіру объектілерінде санитарлық қорғау аймағын айқындау жөніндегі талаптарды орындамау фактілері бойынша қазіргі таңда 19 әкімшілік іс қозғалып, 10 миллион теңге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аударымдарды орындауына талдау жүргізілді. Төлемеу фактісі бойынша облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қадағалау актісі енгізілді. Қазіргі таңда мемлекет пайдасына 7,5 миллион теңге өндірілді. 

Қорық қызметі жұмысының проблемалық мәселелері және қорғалатын жануарлар санын қысқарту жөніндегі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына енгізілген акт бойынша ормандарды қорғау жөніндегі мекемелерге қосымша 268 штат бөлінді. Сонымен қатар басқарманы материалдық-техникалық нығайтуға 584 миллион теңге және қосымша 71 қару бөлінді.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының талап етілген мәліметтері бойынша, сатып алынған балық өңдеу материалдары үшін 18 субсидия алушыдан тек 6 жағдайда ғана тауарларды сатушылар есепке алу нөмірлерін және тиісті ветеринариялық-санитариялық қорытындыларды алған.


Осыған орай бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалу фактілеріне жол бермеу және осы саланы одан әрі дамыту мақсатында субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Бас прокуратураға қызметтік жазба жолданған. 

Жемқорлық – жегіқұрт