Атом электр стансасы қайда салынады?
Атом электр стансасы Қазақстанның қай өңірінде салынатыны, референдумның қашан өтіп, құрылыс жұмыстары қай елдің компаниясына сеніп тапсырылатыны әлі белгісіз. Өйткені ел билігі тарапынан бұл мәселеге қатысты нақты шешім шығарылған жоқ.
Дегенмен бұған дейін Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында және шығыстағы Курчатов қаласы маңында станса салынуы мүмкін екені айтылған еді.
Бұл туралы Алматыда өткен «Атом энергетикасы және оның ресурстық базасын дамыту» тақырыбында кезекті «дөңгелек үстел» барысында мәлім болды. Жиынды «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «New Nuclear Watch Institute» компаниясы ұйымдастырған. Оған қазақстандық мамандармен қатар Ресей, Иордания, Корея мен Моңғолия елдерінің өкілдері қатысты. Сарапшылар уран өндірісі, уран қорын басқару және сақтауға қатысты ойларымен бөлісті.
Сондай-ақ басқосуда атом энергетикасының өзекті мәселелері, оған қажетті ресурстық база талқыланды. Атом энергетикасын дамыту перспективалары және алғашқы АЭС құрылысына қатысты мәселелер сөз болды.Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанда АЭС қашан, қай жерде салынатынын айту үшін Мемлекет басшысының шешімі мен Үкімет қаулысы керек. Алайда билік тарапынан бүгінге дейін ешқандай нұсқаулық болмаған.
– Атом энергиясына қатысты жобалар кемі 60 жылдан 100 жылға дейін жоспарланады. Бұндай энергия көздерін іске қоспастан бұрын 100 жыл бойы жиналатын қалдықтарды залалсыздандыру, істен шыққан қондырғыларды жою, жергілікті жерлердегі әлеуметтік нысандарды ұстап тұру секілді жұмыстар бюджетке енгізіледі, – деді Т.Жантикин.
Оның сөзіне қарағанда, осы күндері елімізде атом стансасында қызмет көрсету түрлерімен айналысатын мамандар да, осы салаға машықтанған құрылысшылар мен қажетті отын өндіретін кәсіпорындар шоғыры да қалыптасып үлгерген.
Ақтоты Жаңабай