Құрғақшылыққа қарсы шешім
Қазіргі уақытта дүниежүзі жаһандық жылыну қатерімен бетпе-бет келіп отыр. Соның салдарынан жаз айларында ағын су жетіспеушілігінен құрғақшылық орын алып, ауылшаруашылығына үлкен зиянын тигізді. Соңғы жылдары бұл үрдіс әсіресе оңтүстік аймақтарда қатты сезіледі.
Электр желісімен қамтамасыз етілмеген ауылшаруашылық аймақтарында күн энергиясын кеңінен пайдалану келешегі мол шешімдердің біріне айналуда. Бұл аймақтардағы су ресурстарын тиімді пайдаланып, егістіктерді суару үшін күн энергиясын қолдануға болады.Күн қуаты – бұл электр энергиясын өндіретін экологиялық таза, жаңартылатын энергия көзі. Оңтүстік өңірлерде жылына 300-ден астам күнде аспан бұлтсыз ашық болып келеді. Сондықтан күн энергиясын пайдалану ерекше тиімді. Солтүстік облыстармен салыстырғанда күн радиациясының қарқындылығы да жоғары.
Күн энергиясын пайдаланудың басты артықшылықтарының бірі – көмірқышқыл газы мен басқа да ластаушы заттардың шығарындыларының болмауы. Ауаның ластануын азайтуға және жаһандық жылыну процесін бәсеңдетуге көмектеседі. Сонымен қатар күн қуаты шексіз әрі тегін энергия көзі саналады.
Соңғы жылдары Қазақстанның оңтүстігіндегі әртүрлі аймақтарда қуаттылығы 100 мегаватқа дейін жететін күн электр бекеттері іске қосылып, мұндай қуат көзінің тиімді екенін дәлелдеді.
Күн сорғыларын құдықтардан, ұңғымалардан, деңгейі төмен жатқан өзендер мен көлдерден су көтеру үшін қолданған абзал. Олар фотоэлектрлік элементтер принципі бойынша жұмыс істейді. Күн сәулесін электр энергиясына айналдырады, содан кейін сорғыларды қуаттандыру үшін пайдаланылады. Мұндай сорғылар басқа энергия көздері жоқ аймақтарда, құрғақшылық болдырмау үшін егістіктерді суаруға берілген мүмкіндік.
Күн сорғылары әлемнің көптеген елінде құрғақшылыққа қарсы деңгейі төмен жатқан су көздерінен егін суаруға сәтті қолданып келеді. Атап айтсақ, құрғақшылық үлкен проблема саналатын Үндістанда күн сорғылары ауылшаруашылығы мен адамдар тұтынатын сумен қамтамасыз ету үшін кеңінен қолданылады. Қытай елінде күн сорғылары шөлейт жерлерде суармалы егістік салуға және ауылшаруашылығы жерлерін сумен қамтамасыз ету үшін сәтті пайдаланылады. Ал климаты құрғақ Аустралияда күн сорғылары фермерлер мен ауылшаруашылығы кәсіпорындарын сумен қамтамасыз етудің тиімді шешіміне айналған. Бұл құрғақшылық жағдайында су тапшылығын жою үшін күн сорғылары сәтті қолданған елдердің шағын ғана тізімі.
Күн батареяларына өзендер, көлдер немесе тоғандар сияқты жер үсті көздерінен суды көтеруге немесе құдықтар мен ұңғымалардан (жерасты) суларын тартуға арналған сорғыларды қосуға болады. Жер үсті сорғыларының құрылысы өте қарапайым және олар суқойманың жағасында орнатылады. Жерасты сорғылары суқойманың ішіне орнатылады және суды тереңдіктен көтереді.
Күн батареялары кәсіпкерлер үшін, әсіресе қосымша энергия көзін қажет ететін салаларда өте пайдалы. Ендігі кезде бос жатқан алқаптарда күн батареяларын орнату қосымша табыс көзі, өйткені артылған электр энергиясын осы энергияны таратушы мекемеге сатуға мүмкіншілік қарастырылуда.
Осы жылы наурызда жаңартылатын энергия көздерін, электр энергиясын және табиғи монополияларды пайдалануды қолдау мәселелері бойынша түзетулер жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Мәжіліс отырысында депутат Дүйсенбай Тұрғанов заң жобасын қабылдау жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) күнделікті өмірге белсенді түрде енгізуге, қызмет көрсетудің жаңа перспективалық желісін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, желілік инфрақұрылымның одан әрі эволюциялық дамуына ықпал ететінін атап өтті. Бұл түзетілген заң жобасы күн қондырғыларының иелеріне артық электр энергиясын сатуға мүмкіндік береді. Күн батареяларын орнату арқылы өз қажеттіліктері үшін электр энергиясын өндіруге болады және дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті азайтады.
Күн энергетикасын дамыту үшін бірқатар мемлекеттік бағдарлама мен қолдаулар әзірленген. Кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар күн батареяларын орнату кезінде қаржылық қолдау алу үшін мемлекеттік органдар көмегіне сүйене алады. Күн батареяларын өз бизнесіңізде пайдалану тиімділігін электр энергетикасы саласындағы мамандармен кеңесіп, алдын ала талдау жасап алған жөн.
Облысымыздың оңтүстік аймақта орналасқанын есептей отырып, күн сорғыларын пайдалану құрғақшылық жағдайында суға тұрақты қол жеткізуге мүмкіндік беретінін ескерейік. Бұл шешім егіннің қурап қалмауына және егістік көлемін сақтауға көмектеседі. Күн сорғыларын пайдалану су тапшылығымен күресудің және ауылшаруашылығының климаттың өзгеруіне төзімділігін арттырудың негізгі құралдарының бірі. Құрғақшылық жағдайында күн сорғылары егістіктерді суару үшін қосымша сумен қамтамасыз ете алады.
Олай болса, күн сорғылары Қазақстандағы құрғақшылық жағдайында су тапшылығы мәселесін шешудің маңызды құралы. Бұл қадам қоршаған ортаны сақтай отырып ауылшаруашылығының тұрақты дамуына ықпал етеді, қолда бар су көздерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Оралбек СҮЛЕЙМЕНОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,
халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,
техника ғылымдарының докторы