Отбасы үшін Ұлыбританиядағы оқуынан бас тартты
Жұбайым Перизатты алғаш рет 2017 жылдың қаңтар айында кездестірдім. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасында маман болып қызмет атқаратынмын. Бір күні басқармаға жұмыс іздеп келген Перизатты бір көргеннен жүрегім атқақтап, аузыма тығылғандай болды.
Бір көргеннен ғашық болған арудың жүрегін жаулау оңайға түскен жоқ. Қыздың көңілін аулап, біршама уақыт дос болып араластық. Шамалы уақыт өткенде өзін ұнататынымды айтып, қыз-жігіт болып сөйлесіп көруге қадам жасағалы жүргенмін. Дәл сол уақытта Перизат Ұлыбританияның жоғары оқу орындарының біріне магистратураға түсіп, білімін шыңдауға баратынын айтып, ойымды жүзеге асыра алмай қалдым.
Оттай алаулаған көңілім су сепкендей басылып, сезімімді білдіре алмай қалсам да бақыт құсымды ұшырып алғым келмеді. «Оқығаны жақсы, бірақ егер шетелде біржола қалып қойса қайтемін?» деген ой маза бермеді. Уақытты созып жүре берсем мүмкіндігімді жіберіп алатынымды ұғынып, келесі кездесуімізде Перизатқа өмірлік жарым болуға ұсыныс жасадым. Сөйтіп, оған ойланып әрі шешім қабылдауға екі күн уақыт бердім. Бағыма орай, Перизат шетелдегі оқуынан бас тартып, өмірлік серігім болуға келісімін берді. Осылайша отбасылық өмірге бірге қадам бастық. Ата-аналарымыздың ақ батасымен жарымды ұзатып алдым. Қазіргі таңда Алла берген қарақаттай қос қыздың әкесімін.
Перизат екеуміз алғаш танысып, кездесіп жүрген бақытты күндеріміздің естеліктерін ой елегінен өткізсем, еріксіз езуге күлкі үйіріледі. Басымыздан неше түрлі қызықты оқиғалар өтті.
Алғашқы кездесуімізден қайтып келе жатқанбыз. Кенет бағдаршамға тоқтағанда көлігім өшіп қалды. Неден екенін білмей әуреге түстім. Шұқылап, жөндегенсіп көріп едім, отала қоймады. «Көлікті итеріп жібересің бе?» деп айтайын десем, тағы ыңғайсыз. Өйткені танысқанымыз бүгін ғана. Қыздың алдында ұяттан жерге кіріп кетердей болып тұрғанымда артта тұрған жүргізушілер де сигнал беріп, одан сайын састырды. Шыдамы таусылған жүргізушілер айналып өтіп бара жатып неше түрлі сөздерімен сыбап кетті. Сол күні ұялғаным әлі күнге дейін есімнен кетпейді.
Шетелде оқу арманы болған соң келіншегім бірде «Лондонға барайық» деп қолқа салды. Жас отбасы болған соң «неге шетелде қызмет етіп көрмеске?» деген оймен баруға келісім бердім. Сол екі ортада тағы бір жағдай орын алды. Келіншегім біраз уақыттан бері туған күніне «iPhone» алғысы келіп жүрген. Бірақ функциясы, сапасы бір ғой деп көндіріп, «OPPO» смартфонын сыйға тарттым. Сол телефон арқылы тіркеліп, шетелге шығуға грин картаға өтініш бердік. Жауабын күтіп жүргенбіз. Шамамен екі-үш ай өткенде қызымыз әлгі телефонды лақтырып, экранын сындырып тастады. Экранын ауыстырайық десек, телефонның жарты құны екен, одан да жаңасын ала салған тиімдірек. Перизатқа басқасын алғанша ескі телефонын ұстай тұруға тура келді. Өкініштісі сол, грин картадағы парольдың барлығы сынған телефонында сақтаулы күйде қалып кетеді. Сөйтіп, қайта кіріп тексеруге мүмкіндік болмай, Ұлыбританияға сапарымыз кейінге қалды. Алайда келесі туған күнінде өзі қалаған «iPhone»-ды алып бердім.
Екінші қызымыз өмірге келген соң Перизат магистратурада оқығысы келетінін айтып, отандық университеттердің біріне құжаттарын тапсыруды жөн көрді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне қабылдау аяқталып кетіп, басқа оқу орнын таңдады. Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Жергілікті мемлекеттік басқару» мамандығына грантқа магистратураға қабылданды. Екі жыл білім алып, биылғы жылдың наурыз айынан бастап мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Магистратураға түскен кезде «келіншегім бір жақта, біз бір жақта, мұнымыз қалай болар екен?» деп қатты уайымдаған болатынмын. Уақыт өте келе оған да үйрендік. Төрт күн Алматыда болса, екі күн демалыста Таразға келіп тұрды. Жаңадан кездесіп жүрген ғашықтар секілді екі жыл бойы Алматыға өзім шығарып салып, келер кезінде пойыздан күтіп алып жүрдім. Ол күндер де қызық.
Осы уақытқа дейін мені шабыттандырып, жігерлендіріп жүрген, қызғалдақтай екі қыз сыйлаған жарымды биыл 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде тағы бір қуанттым. Келіншегім де мемлекеттік қызметкер әрі екі қызымызды өзі тасып жүрді. Сондықтан әр күні такси қызметін пайдаланады. Сол себепті бір көлік алып бергенім жөн болар деп ойладым. Сөйтіп, 7 наурыз күні түстеніп қайтайық деп «Mart» ойын-сауық орталығына алып бардым. Қуанышты сәтімізді естелікке түсіріп алсын деп алдын ала мобилограф жігіттерді жалдап қойғанмын. Түстенуге өзімнің көлігіммен барып, орталықтың астындағы көлік тұрағына қойдым. Бірақ Перизатқа байқатпай көліктің есігін жаппай, кілтті сол жаққа тастап кеттім. Артынша басқа көлікте күтіп отырған жігіттер көлігімді айдап кетті. Тамақтанып болып астына түссек, көлігіміз орнында жоқ. Мен сол жерде әйелімді сендіру үшін рөлге кіріп: «Көлікті дұрыс емес жерге қойған соң құқық қорғау қызметкерлері алып кеткен болар», – деп қоямын. Менің пранк жасап тұрғаным ойына кіріп-шықпаған Перизат сол кезде шын қорықты. Сене алмай, ары-бері сандалып іздеп жүрді. Мен де уайымдағандай сыңай танытып жүрдім. Келіншегіме сыйға тартатын көлік өзімнің көлігімді қойған жерде тұр. Перизат шарқ ұрып көлікті іздеп жүргенде сыйға тартатын көліктің ішінен ақырын үлкен гүлшоғын шығарып алдым. Кейін осының бәрі тосынсый екенін айтып, мерекесімен құттықтадым. Көлікті сыйға тартқанымда қуанышында шек болмады. Осы бақытты сәтімізді мобилограф жігіттер сәтті түсіре алды. Шетелге барудан бас тартып, махаббатын көрсеткен, отбасымның ұйытқысы болып отырған жан жарыма бұл да аз деп ойлаймын. Жаратқан махаббатымызды баянды етсе, Перизатымды қуанту әдемі үрдіске айналады деп санаймын.
Жомарт ЗҰЛПЫХАР,
облыс әкімдігі жастар саясаты
мәселелері басқармасының басшысы