Жамбыл жаңалықтары

Ұлттың алтын діңгегі

15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Отбасы – ұлттың тірегі, алтын діңгегі» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Іс-шара аясында өмірде де, өнерде де қол ұстасып бірге жүрген жұбайлар студенттермен және оқушылармен кездесті.

Қонақтар жастарға отбасылық өмірде кездескен кедергілерді бірге жеңіп, бақытқа бөлену үшін қажетті адами қасиеттерді әңгімелесе, жастардың бірі ән шырқап, келесісі өлең оқып, өнерлерімен қуантты. Ғибратты басқосуға облысқа танымал Жаңабаевтар отбасылық ансамблінің мүшелері Күнімбала апа, ұлы Нұржан мен келіні Нәзия, немересі Інжумен бірге келіп, отбасы жайлы өнегелі ойларымен бөлісті.
– Отбасымызға қатысты барлық мәселелерді отағасы екеуміз қатар талқылап, үнемі ақылдасып отырдық. Балаларымыздың әнге құштар екенін байқап, өзара ақылдаса келе, кішкентай күндерінен өнерге баулып өсірдік. Өнер адам жанын тәрбиелейді. Бүгінде балаларымызбен қатар немерелеріміздің де өнер жолын таңдап, ізімізді жалғап келе жатқанына қуанамыз, – дейді Күнімбала апа. 
Ал махаббаттары балабақшадан басталған Ербол Қамбатыров пен Үміт Битенованың отау тіккендеріне биыл 36 жыл толыпты 

Жолдасының сөзін жалғаған ақын Үміт Битенова да жастарды ата-ананың, жасы үлкендердің ақылын көп тыңдауға шақырды.
– Балалықпен әке-шешелерің ақыл айтса, «Ой, қойшы...» деп кері бұрылуларың мүмкін. Ата-ананың ақылы балаға өмірлік азық екенін ескеріңдер. Олар өздері жіберген қателікті балаларым жасамаса екен, өздеріне кездескен қиындықтарға балаларым жолықпаса екен деп ақыл айтады. Өмірдің бұралаң жолдарынан сақтандырады. Әрине, әрбір жастың өз ойы, таңдауы болады және оны ашық айтуға да құқылы. Дегенмен жанашыр ата-аналарыңмен ақылдасып істеген іс өкіндірмейді. Үйдің иесі – әке, діңгегі – ана болса, берекесі – бала. Осылар бірге болғанда шаңырақтың шаттығы тұрақтайды, – деген Үміт Қыранқызы бірлікпен әрекет етіп, берекеге жетудің маңыздылығына тоқталды.


Бірнеше отбасылық байқауда жеңімпаз атанып жүрген психолог Сандуғаш Үсенова екі келінімен бір шаңырақта тұрады. Отбасындағы ауызбіршілікті сақтап, туыстар арасындағы түсіністікті, сыйластықты қалыптастыру турасында әңгімелеген Сандуғаш Мейрамбекқызы бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы, инклюзивті білім берудегі психологиялық орталықтың аға үйлестірушісі қызметін атқарады. Ол өзінің тәжірибесін кездесуге келген жастармен бөлісіп, «дөңгелек үстелге» қатысушыларға пайдалы тренинг жүргізді. 
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкері Ақмахан Ғазиза қонақтарға арнап «Ана туралы» әнді орындап, кештің көркін келтірді. Сондай-ақ Тараз қаласындағы №20 мектептің оқушылары мен Төле би атындағы №8 мектеп-гимназияның оқушысы Еркежан Жүнісқадыр өнерлерін көрсетті. 

 

Айжан ӨЗБЕКОВА