Қоғам

125 респондент айыппұл арқалаған

2024 жылы статистикалық мәліметтерді дұрыс ұсынбаған 125 респондентке айыппұл салыныпты. Сомасы – 3 миллион 1098 теңге. 2 миллион 984 мың теңгесі өндірілген. Сондай-ақ 139 респондент жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифингте ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаментінің басшысы Сырым Мәдиев хабарлады.

Спикер өз сөзінде «Мемлекеттік статистика туралы» заңға өзгеріс енгізілгенін, аталған өзгертулер статистикалық деректерді жинау тетігін жетілдіруге бағытталғанын тілге тиек етті. Заң жобасы қабылданғаннан кейін формаларды қысқарту процесі айтарлықтай жеделдей түседі. Есептемелерді кәсіпкерлік субъектілері, бюджеттік ұйымдар тапсырады, сауалнамаға қарапайым азаматтар қатысады. Ал дәл уақытында тапсырмағаны немесе күмәнді деректер көрсеткені үшін жауапкершілік қарастырылған. Аталған өзгерістер биылғы жылдың 8 маусымынан бастап күшіне енеді.

 
Ресми статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында облыс бойынша 1 228 032 мың кВт сағат электр энергиясы өндіріліпті. Бұл көрсеткіш «Кәсіпорынның өнімді өндіру және жөнелту туралы есебі» 1-П нысанының деректерінен қалыптасқан. Бұл нысанды ай сайын 9 ірі және орта кәсіпорын тапсырады екен. Осы деректердің негізінде Энергетика министрлігі артық электр энергиясын басқа өңірлерге қайта бөлу туралы немесе жеткіліксіз болған жағдайда оны біздің өңірге қосымша жеткізу туралы шешім қабылдайды екен.


– «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес «респонденттер статистикалық байқаулар жүргізу кезінде респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді ұсыну кестесіне және статистикалық әдіснамаға сәйкес шынайы бастапқы статистикалық деректерді ұсынуға міндетті». 
Респондент жалпы мемлекеттік статистикалық байқаулар бойынша бастапқы статистикалық деректерді электронды түрде немесе қағаз тасымалдағышта, компьютерленген телефон сауалнама жүйесі арқылы, болмаса интервьюердің жеке сауалнамасын жүргізу арқылы ұсынады.


Жалпы мемлекеттік статистикалық байқаулар бойынша респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді өзге тәсілдермен ұсынуына жол берілмейді, – деді Сырым Өскенбайұлы.
Сонымен қатар 2024 жылы белгіленген мерзімде статистикалық есепті ұсынбағаны үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 51 688 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 73 840 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 443 040 теңге айыппұл салыныпты.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА