Енді қазақ тілін білмейтіндерге азаматтық берілмейді
Заңға сәйкес, енді экстремистер, террористер, педофилдер Қазақстан аумағына кіре алмайды.
Президент "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды.
«Экстремистік немесе террористік ұйымға қатысы бар, қайтадан қылмыс жасаған, ұйымдасқан топтың (қылмыстық ұйымның) «серкесі» саналатын, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасаған, сондай-ақ Қазақстанда ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған және халықаралық шарттар негізінде өз азаматтығы бар елге берілген адамдардың елімізге кіруіне тыйым салынған», - делінген Ақорда хабарламасында.
Сондай-ақ Қазақстан азаматтығын беруден және қалпына келтіруден бас тарту үшін кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасау, қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді білмеу, Қазақстан Конституциясының негіздерінен, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын деңгейде төл тарихымыздан хабардар болмау секілді қосымша негіздер қарастырылған.
Яғни педофилдерге, қазақ тілін қарапайым деңгейде меңгермегендерге, Қазақстан тарихынан хабары жоқ азаматтарға да азаматтық берілмейді.