Дала отқан оранбас үшін...
Әне-міне дегенше көктем айы да түгесіліп, жаздың аптап ыстығы басталады. Сол кезде жасыл желек жамылған дала сарғайып, шөп біткен шырпы тисе қау ете қалуға дайын тұрады. Әсіресе автокөлікте кетіп бара жатқан адам тартқан темекісінің тұқылын өшірместен жол жиегіне шерте салса, бұл дала өртін туындататын басты себептің бірі. Сондықтан да дала өртінің алдын алуда автокөлік пен теміржол бойында өртке қарсы жолақ жасау, яғни жол жиегін соқамен жыртудың маңыздылығы айрықша.
Негізінде нақ осы іс мейлінше өңірдегі әр аудан, әр округте мерзімінен кешіктірілмей, яғни мамыр айының ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Алайда Меркі ауданындағы республикалық, облыстық, аудандық мәндегі жолдарда өртке қарсы жолақ әлі күнге салынбаса, бұл жұмыстың қарқыны кейбір ауданда баяу жүріп жатқан көрінеді. Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына орай мемлекеттік және өкілетті органдардың өрт кезеңіне дайындық жұмыстары барысын қарау туралы өткен штаб отырысында айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өткен жиында алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ералы Ақылбеков баяндама жасады.
Өз кезегінде Қанатбек Қайшыбекұлы Ералы Ақылбековке өртке қарсы жолақтарды мерзімінде орындамағандарға әкімшілік шара қолдануды қарастыру, бұл бойынша ұсыныс енгізу қажеттігін еске салды. Сондай-ақ өртке қарсы жолақтарды жырту жұмысын бастамаған, жұмыс қарқынын баяу жүргізіп жатқан тиісті аудан әкімдерінен жауап алды. Меркі ауданы әкімінің орынбасары Бахытхан Абжапаров өртке қарсы жолақ жырту жұмысына 16 мамырдан бастап кірісетіндерін, осы айдың аяғына дейін жоспарды орындайтындарын айтып сендірді.
Штаб отырысында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нартай Егембердиев пен облыс әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің бас инспекторы Жасөркен Жақсылықтың баяндамасы тыңдалды. Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың гектар болса, оның орманмен көмкерілген жерлері 2 миллион 357 мың гектарды құрайды екен. Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ