ТАМШЫЛАР
ТАМШЫЛАР
Таңертең найзағай дауысынан оянып кеттім. Далада сіркіреп жаңбыр жауып тұр екен. Бөлме іші салқын. Жылы төсектен тұрғым келмеді. Шындығында, адам баласын Алла әу баста солай жаратқан ғой. Қыста суықтан, жайдары жазда ыстықтан қашады. Ал, шындығында әрқайсысы өз сәтімен келетінін ұмытып жатамыз. Ащының дәмін татқандықтан тәттінің қадірін білетініміз де бар. Сол үшін «қашқақтау», «жалтару» деген ұғымдар адам баласына жат болмаса керек. Бірде демалысты пайдаланып ауылға барғанымда, тамақ әзірлеп жатып, сұйық майдың жаңасын аша бергенімде: – Қызым, неге майдың ескісі бітпестен, жаңасын аштың? – деген апама: – Ішінде жоқ қой, – деп жауап бердім. Сонда апам құтының түбіне үңіле қарап: – Мынау жоқ деуге келе ме? Қызым-ау, мына май қазір бауырсақ пісіргенде бір кәдеге жарайды ғой. Ал, сен оны лақтырып жібермекші болдың. – Жоқ, олай емес, – деп іштей ұялып тұрсам да, қоқысқа лақтырмақшы болған ойымнан жалтаруға ұялмадым. – Қызым, бұл менің сараңдығымнан емес. Сенің санаңа бұл тамшының да адамзаттың игілігі үшін жаратылғандығын жеткізу мақсатында түймедейді түйедей етіп отырмын. Әй, жастар-ай, көп нәрсенің қадірін білмейсіңдер ғой,–деп апам қонақ бөлмеге қарай кетті. Дәл сол сәтте апамның айтқан сөздері дұрыс екендігін білсем де, соншалықты түсіне қоймаппын. Бүгінгі жаңбыр тамшылары терезенің алдына тық-тық етіп тамған сайын апамның «тамшыдан теңіз құралады» деп үнемі айтып отыратын сөзі есіме түсті. Расында, өзін жер бетінің иесі санап, кердең басып жүрген адамзаттың өзі Жаратушының алдында тозаңдай, тамшыдай ұсақ емес пе? Тіпті, тамшы – сұлулықтың себепкері деп айтса да артық болмас. Неге дейсіз ғой?! Жер жүзі жаңарған көктемде Жер-Ананың төсінде бүр ашып шығатын гүлдер де сол тамшыға зәру. Жаңбыр тамшыларына ... Сұлулық тұрмақ, адамзаттың азығына айналып, талғажау болатын астықтарға да сол тамшының қажеттілігі бар. Бала кезімде ауыл болып тасаттық береміз деп жататын. Ол кезде әлі ана сүті аузынан кетпеген біздей бала-шағалар үшін Наурыз мерекесінен кейінгі ерекше рәсім – тасаттық беру болатын. Себебі, үлкендер жағы қой сойып, әйелдер ет асып, бүкіл ауыл болып, ас ішетінбіз. Ал бізге қызығы сол – көрші достарымызбен бірге ойнап, бір дастарқан басында тамақтану болатын. Кейін өсе келе тасаттықты «жауын-шашын жиі жауып, егін бітік шықсын» деп ниеттеніп, Жаратқаннан сұрау екендігін білдік. Ақиқаты – құрғақшылықта тамшыға зәру Жер-Анадай біз де тамшыға зәруміз, айырмашылығымыз – біз оны білсек те білмегендей өмір сүруімізді жалғастырып келе жатырмыз. Ол – біздің жалтару мен қашқақтаудан туындаған ақымақтығымыздан, Бүгін университеттен келе сала төсекке сұлқ құладым. Сұңғыла нәзіктігім тамағыма өксік тіреп тұрды. Жыламауға өз-өзіме уәде беріп, ой шырмауына оранбаймын десем де болмады. Пендешілік пәрменнің салдарынан болған келіспеушілік кеудемде үдеп барады. Сондағы себеп өмірімде өзіндік орны бар жанмен арамызда болған түсінбестік болатын. Өмірде бейтаныс жандарға қарағанда, өзгелермен салыстырғанда болмысыңмен жақын жандардың соққысы қатты тиетіні бар ғой. Ішіме жиналған зілді реніш ақыры көзімнен жас болып тамды. Бөлмелес қызға білдірмеу үшін көрпенің астында жатып, дыбыс шығармастан жыладым. Кенет, әлгі қыздың жылап жатқан дауысын естідім. Өз құлағыма өзім сенбей атып тұрдым. Өзімде бәрі жақсы жандай түр танытып, мән-жайды сұрай бастадым. Өйткені, жылау мен үшін таңсық емес болғанымен, ол құрбым жайдан-жай жыламайтын. Ақыры, жақын туысының қаза тапқанын білдім. Естігенімде аң-таң болып, оған не деп жауап қатарымды да білмедім. Іштей: «Апыр-ай, жаңа ғана өмірге өкпемді артып, ойымның түбі түңілу болған еді. Мұным таза ақымақтық емес пе?» деп өз-өзіме ұрысқандай болдым. Өмірде әр адам әртүрлі мінезбен, әртүрлі болмыспен дүниеге келетіні секілді біз, әсте, мән бере бермейтін тамшылар да әртүрлі мақсатта дүниеге келеді. Жаңбыр тамшылары – өнер адамдарына ерекше күй сыйлап, Жер-Ананың құшағындағы өсімдік атаулыны азықтандыратын болса, кейбір тамшылар апамның айтқандарындай өмірлік сабаққа себепкер болады. Ал көз жасы, жанардан аққан тамшылар ше? Ол туралы шорт кесіп айту, тіпті, қиын... Мәселен туысынан айырылған құрбымның жанарынан аққан жас тамшылары – жоқтау мен өкініштің үні болса, менікі – жай балалық еді... Сол балалығымызды дер кезінде түсінбесек ше?