Жаңалықтар

Гендерлік шектеуге жол берілмейді

Тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктетуде қыз-келіншектердің еңбегі ерен. Әсіресе Кеңес одағы тарап, жас мемлекеттің іргесін бекітіп, болашағын айқындауда еліміз біраз қиындықпен бетпе-бет келгені шындық.

Жұмыс орындары жабылып, азық-түлік бағасы шарықтап, байлауға бағынбай тұрған тұста көптеген отбасыны сақтап қалған да аналар болатын. Ендеше отбасы мен мемлекеттің тірегіне айналған әйелдердің кез келген қызметке араласуына ешқандай тыйым, шектеу болмауы керек. Бұл демократиялық, зайырлы мемлекеттің басты шарты.

Жалпы біз құрып отырған қоғамда әйел құқығына қатысты мәселе туындамауы керек. Ұлтымыздың тарихында талай аумалы-төкпелі заманды бастан өткерген ата-бабамыз әйел құқығының ерлермен тең дәрежеде болуын назардан тыс қалдырған емес. Әйелге қыз, қызға құт, әйелге ана, анаға дана деп қараған. Егер әйелдің құқығы бұған дейінгі қазақ қоғамында шектелген болса, тарихта Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере, Ұмай, Домалақ ана секілді тұлғалар болмас еді.
Біз сөз етіп отырған, тарихта қандай да бір артықшылығымен аты қалған аналарымыздың бірі кемеңгер, бірі батыр, тағы бірі дана бола білді. Олар өзінің ақыл-парасатымен топта төрелік айтып, қайтпас қайсарлығымен, көсемдігімен ел биледі. Жаугершілік заманда ел шетіне жау тие қалса әйелмін деп қарап отырмай, атқа қонып, Отан қорғады. Ертедегі әйелдердің ішінде данасы да, кемеңгері де, көсемі де, шешені де шежіреде сыр болып шертілді.
Негізі ұлтымызда қыз баласына шектеу болмады емес, болды. Ол отбасылық тәрбиенің бүкіл қоғамның назарында тұруымен байланысты еді. Мәселен, «Қызым үйде, қылығы түзде», «Қызға қырық үйден тыйым» деген секілді мақалдардың қолданыста болуы соның дәлелі. Қазақ ерінен айырылып, қара жамылған әйелге дейін айрықша қамқорлық танытып, қатардан қалдырмаған. Ата-бабамыздың «жетімін жылатып, жесірін қаңғытпауы» да осының айғағы.
Бүгінгі Қазақстан әйелдерінің де қоғамдағы рөлі ерекше. Қазіргі заманда да ақылы асқан әйелдер ел алдында жүр. Өнерде, білімде, ғылымда, спортта, саясатта да оларға шектеу жоқ. Қай саланы алсаңыз да әйелдер араласпаған, қыз-келіншектердің ықпалы болмаған орта жоқ. Әйелдер өзінің жауаптылығымен, тиянақтылығымен, нәзіктігімен, бейбітсүйгіштігімен өз ортасының көшбасшысына айналуда. 
Сот саласында да еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен, терең білімімен, жастарға деген жанашырлығымен көпшіліктің құрмет-ықыласына бөленіп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Сот жұмысының тылындағы шаруалардың шашауын шығармай атқарып отыратын кеңсе мамандарының басым бөлігін әйелдер құрайды.
Елімізде гендерлік саясаттың міндетіне билік құрылымына әйелдер мен ерлердің тең қатысуын, экономикалық тәуелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін талаптар құру, жыныс белгілері бойынша күштеу бостандығын қамту кіреді. Бүгінде бұл бағыттағы іс-шаралар оң нәтижесін беріп отыр.
Гендерлік стратегия іске асырылған жылдары отбасылық-неке қатынастарында тұрған ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің кеңеюіне жол ашылды. Отбасы міндеттерін еңбек қызметімен ұштастыру мүмкіндіктерін жасау мақсатында еңбек заңнамасында ата-аналардың икемді жұмыс түрлері мен бала күтімі бойынша демалыс алуға құқықтары туралы нормалар бекітілгенін де айта кеткен жөн. Сонымен қатар әйелдердің, жүкті әйелдердің еңбегін реттеу ерекшеліктерін бекітетін нормалар да пайда болды. Осының бәрі Қазақстанда гендерлік шектеуге жол берілмейтінін, керісінше отбасы мен қызметін қатар алып жүргісі келетін қыз-келіншектерге барынша жағдай жасалатынын көрсетеді.

Баян БАЙҒОНЫСОВА,
Байзақ аудандық
 сот әкімшісінің 
бас маманы,
сот отырысының 
хатшысы