Балалар ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі
Гендерлік саясат десе көз алдымызға өмірде, қоғамда, отбасында, қызметте ерлер мен әйелдер арасындағы теңдік ұғымы елестейтіні анық. Десе де теңдік ұғымы адамның тек жынысына ғана қатысты емес. Мысалы, адамды нәсілі, ұлты, діні, тілі секілді айырмашылығына қарап кемсітуге, бөлуге болмайды.
Ал гендер десе әйел мен ердің құқығы, теңдігі ойға оралуы – әлем бойынша жүргізіліп жатқан гендерлiк саясат ұғымының аясында кез келген жағдайда ерлер мен әйелдердiң тең құқылы болуын көздейтіндігінен.
Жалпы мемлекетімізде ғана емес, әлем бойынша егер әйел жастайынан лайықты білім алып, жоғары оқу орнын үздік бітірсе, оның жақсы қызметке орналасуына мүмкіндігі көп. Одан кейін оның білім-білігі, іскерлігі, жиған тәжірибесі қызметте сатылап өсіп, басшылық лауазымда қызмет атқаруына себепші болады. Ер адамның да еңбек жолы осылай өріледі. Демек, «мынау әйел адам екен, оған қарағанда тәжірибесі болмаса да ер адамға жол берейік» деген ұғым жоқ. Дегенмен халқымыздың менталитетінде отбасылық жағдайда «әйел ер адамнан бір саты төмен тұруы керек» деген қалыптасқан түсінік бар. Негізі осы аталы сөздің астарына үңілсек, бұл еркек әйелден артық дегенді немесе әйел адамның ер адамға бағынышты болуын, күң секілді қол астында жүруін меңземейді. Бұл тек әйелдің отбасындағы ер адамға деген ізетін білдіреді. Ашып айтар болсақ, ер мен әйелдің жаратылысында айырмашылық жер мен көктей. Ол сырттан бақылаған кез келген пендеге де, ойша талдау жүргізер түйсікке де айқын аңғарылады. Мәселен, әйелдің жүріс-тұрысы, киген киімі мен сөйлеу мәнерінен бастап өмірге ұрпақ әкелу, бала тәрбиесі секілді барлық іс-әрекеті мен қылығында нәзіктікке тән айырмашылық бар. Дауысының өзі биязы, сыңғыр қаққан күлкісі сиқырлы. Ал ер адам кең етек көйлек киіп, сызылып сөйлеп, жоқ жерден майысып отырса, бұл қазақтың көзіне қораш көрінеді. Бұл көзге көрінетін айырмашылықтың бірі. Сол секілді көзге бірден көрінбесе де қандай да бір іс-әрекетінің нәтижесі ер мен әйелде айырмашылық белгі бар екенін білдіретін жайттар бар. Соның бірі – әйелдің мамандық таңдау, еңбек ету барысы. Лауазымды қызметті айтпағанда, мәселен, қатардағы әйелдердің дені мұғалім, дүкенші, мейірбике, тігінші, аспаз, бет, тырнақ, шаш әрлеуші секілді мамандықтарды меңгерсе, ер адамдар керісінше шахташы, тракторшы, малшы секілді мамандық бойынша жұмыс істеуге бейім тұрады. Ердің жұмысын әйел, әйелдің жұмысын ер-азаматтар атқара беретін жағдайлар өмірде көп, бірақ жаппай үрдіс жоқ. Сонымен қатар ер адам жаратылысынан әйелге қамқор болуға бейім болса, әйел еріне еркелеп, одан үнемі қамқорлық күтіп жүреді. Ендеше еркек бұл дүниеде тумысынан эмоционалды тұрғыдан мықты, қаһарман, қорғаушы бейнесінде өмір сүрсе, әйел жаратылысынан әлсіз, еріне арқа сүйеп күн кешкенді қалайды. Осы ретте ерлі-зайыптылар әу баста «мен болашақ анамын, ол отағасы» деген тәрбиемен өспесе, отбасын құрарда екі тарап өзара отбасындағы міндеттерді айқындап алғаны жөн. Сонда ерлі-зайыптылар арасында отбасында туындайтын дау-дамай, қайшылықтар азаяды.
Ата-бабамыз әйелге ана, қызға қонақ деп қараған. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрінде қыз өмірге шыр етіп келгеннен бастап жат жұрттық болғанға дейін және оны келін етіп түсірген екінші тараптан жас келіннің ақ жаулықты әже, абыз анаға дейінгі көрер құрметі айрықша болған.
Елімізде гендерлік саясаттың жүзеге асырылуы билікке әйелдің ерлермен бірдей араласуы, билік құрылымында саны жағынан әйелдердің ер адаммен бірдей болуы, отбасында еріне әйелі экономикалық тұрғыдан тәуелді болмауы үшін тең мүмкіндіктердің қамтамасыз етілуі, әйелдің өз бизнесін дамыту немесе қызметте сатылап көтерілуі, отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін түрлі талаптардың сақталуы, жыныстық белгілері бойынша әлсіз әлдіден зәбір көрмеуі секілді жиынтықтардан тұрады. Осының ішінде ақсап жатқаны – қазақ қоғамындағы кейбір отбасыларда ер мен әйелдің немесе туыстарының жағымсыз қарым-қатынасы. Қазір әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға қатысты заң барынша қатайтылды. Бұл да гендерлік саясаттың жемісі. Себебі әлсіздер зорлық-зомбылыққа ұшырамауы керек. Дейтұрғанмен гендерлік теңсіздікпен күресудің жолы отбасында балаға берілер тәрбиеден басталуы керек. Себебі ұлттық тәрбиесі мықты балалардан есейгенде басбұзарлық шықпайды. Тоқетерін айтқанда, ұлттық құндылықтың өзегі жоғалмаған жерде ер мен әйел арасында дау-дамай, әйел теңсіздігі, зорлық-зомбылық, балаға күш көрсету секілді мәселелер туындамайды.
Жанар БЕКБЕРГЕНОВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік
университетінің
оқытушысы