Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әйелге қол көтеру "Дәстүрімізге"айналып бара ма?

Әйелге қол көтеру "Дәстүрімізге"айналып бара ма?
ашық дереккөз
Адам құқықтары дегенде алдымен ана мен баланың жағдайы ойға оралады. Расында, әлемдік статистика отбасыдағы зорлық-зомбылықтан көп зардап шегетін және құрбан болатын ана мен бала екенін көрсетіп отыр.

Біздің елде де «тиран әке», «тиран күйеуден» қорлық көріп, тағдырдың теперішін көріп келе жатқан жандар қаншама.

Бір ғана «Бишімбаев ісіне» негіз болған Салтанат Нүкенованың аяусыз өлімі біздің елдегі бұл жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенін және отбасыдағы жанжалдар шектен шығып бара жатқанын көрсетіп отыр. Сондықтан Қазақстан елдегі ана мен бала тағдыры төңірегінде қалыптасқан ахуалды негізге ала отырып, өзіміздің Ата Заңның принциптеріне, көптеген халықаралық конвенциялардың нормаларына сүйеніп әлемдік деңгейдегі жаңа қадамға барды. Яғни отбасыдағы дау-жанжалды криминализациялау мақсатында Қылмыстық, Әкімшілік, Отбасы және неке кодекстеріне, одан өзге де бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ана мен баланың қауіпсіздігін, денсаулығы мен өмірін барынша қорғайтын құқықтық нормаларды жүйеледі.
Мәжілісте қабылданып, Сенат мақұлдаған заңдарға көп кешікпей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойып, еліміздің халықаралық қауымдастық алдындағы беделін кезекті мәрте айшықтай түсті. Өйткені мұндай заңды қабылдамақ түгіл, әлі күнге әйел теңдігі, адам құқығы мәселесінде көне дәстүрдің аясынан шыға алмай келе жатқан елдер қаншама.
Бұл заңдардың негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу.
Бұл жөнінде аталған заң жобалары мақұлданған палата отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында арнайы заңдар әзірленді. Осылайша әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және елімізде отбасы институтын нығайту үшін қосымша құқықтық тетіктер енгізіліп отыр. Сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді», – деп ойын нықтады.
Осы қоғам күткен қос заңда өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға арналған ережелер қарастырылған. Заң нормалары арқылы тиісті уәкілетті органдардың өкілеттіктері айқындалып, отбасын қолдау орталықтары және «111» байланыс орталығы сияқты ұйымдардың құзыреттері де заңнамалық деңгейде белгіленбек.
Палата спикері: «Мақұлданған заңдарға сәйкес енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Өз кезегінде сот қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамның тәртібіне қатысты ерекше талаптар белгілей алады. Сондай-ақ буллинг, кибербуллинг, балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кету әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік көзделіп отыр. Алдағы уақытта бұл заңдар әйелдер мен балалардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғауға тың серпін береді деп сенеміз», – деді.
Енді енгізілген өзгерістерге қысқаша тоқталсақ, сенатор Жанна Асанованың айтуынша, бұл заңдарды қабылдауға Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық жасаған.
«Жалпы алғанда, заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге және әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған», – деді сенатор палатаның жалпы отырысында.
Енді бұдан былай Қылмыстық кодекс бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасаған адамға еш жеңіл жаза қарастырылмайды. Яғни педофилдер мен жасы кәмелетке толмаған адамдарды өлтіргендер бұдан былай өмір бойына сотталады.
Бұдан бөлек кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша, сондай-ақ кодекстің 108-1 (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және 109-1- (ұрып-соғу) баптарында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтар татуласқаннан кейін қайталап жасалған жағдайларда тараптардың татуласуына жол берілмейді. Сонымен қатар денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру жасағаны үшін бас бостандығын шектеу түріндегі балама жаза алынып тасталады және бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленбек. Жас баланы өлтіргені үшін (99-бап), жас балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін (120-бап) және жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін (121-бап) ҚР Қылмыстық кодексінің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазалау шараларын алып тастау арқылы өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.
16 жасқа толмаған тұлғаларға сексуалдық сипаттағы тиісу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету сынды жағдайларда да қатаңдатылған қылмыстық жауапкершілік енгізілмек.
Ж.Асанова: «Бұл өзгерістердің мақсаты – 
құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың жауапкершілігін күшейту, оның ішінде балаларға қатысты жасалған құқықбұзушылықтар үшін жазалау шараларын қатаңдату» дейді.
Ал әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейді. Құжат ережелері, ең алдымен, қорғау және қауіпсіздік мақсатында жұмыс істемек. 
Сенат спикері М.Әшімбаев: «Мемлекет басшысы заңға қол қойып, күшіне енген жағдайда құжат жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкеледі дегенге сенудің ешқандай негізі жоқ. Бұл менің жеке пікірім. Бұл қате және теріс түсіну. Заңда мұндай нормалар жоқ. Ол әйелдерді қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін болады», – 
деді.
Ал Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин көпті шулатқан заңның қабылдануына байланысты үш мәселеге назар аудару керектігін айтады.
– Бірінші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуел бастан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау ісіне баса мән береді. Осы жылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске қатысты кешенді шаралар жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасты. Бүгін қабылданған заң отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды құқықтық тұрғыдан реттеу ісін қорытындылайды.
Екінші. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің тиімді механизмін жасау – билік пен қоғамның сындарлы ынтымақтастығының нәтижесі. Мысалы, бұл саладағы алғашқы бастамалар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері берген ұсыныстар мен ұсынымдар негізінде әзірленді. Қабылданған заңды даярлауға да Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Ұлттық құрылтай мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері белсене атсалысты.
Үшінші.  Жаңа заң – Президенттің қоғамдағы бес кеселмен күресу жөніндегі жалпыұлттық бастамасы аясында қабылданған нақты шараның бірі. Президент Атыраудағы сөзінде қоғамдағы кеселдің бірі ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты, буллинг пен агрессияны да атап өтті.
Осы құжатты қабылдаудың арқасында Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға негізделген ең озық заңнама қалыптасты. Сонымен бірге отбасындағы зорлық-зомбылықпен тиімді күресу үшін қоғамда агрессияның кез келген түріне төзбеушілік ұстанымын орнықтыру маңызды, – деген Мемлекеттік кеңесші қоғамда өзара көмек пен сыйластық, басқа адамдарға құрметпен қарау құндылықтарын дәріптеу керектігін де баса айтты.
Осылайша әйелге қол көтеру «дәстүрімізге» айналып кете жаздап, «Бишімбаевтың ісінен» кейін бүкіл қазақ қоғамын ұйқысынан оятты. Тіпті «#СалтанатЗаңы» деген ұранмен бұл оқиға Еуропа елдерін шарлап, түрлі қолдау акцияларының ұйымдастырылуына түрткі болды. Ондағы талап – заңды қатайту, ендігәрі ер-азаматтардың еркінсуіне мүлдем жол бермеу.

Жалпы еліміз соңғы жылдары адам құқықтарын қорғау бағытында нақты қадам жасап келеді. Президенттің баспасөз қызметі жыл басында мәлім еткендей, Қазақстан ауқымды демократиялық реформалар жүргізіп, өзінің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес адам құқықтарын қорғайды.
Ұзақ жылдар бойы демократияны дамыту, адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігін нығайту мақсатында қажетті заңнамалық жағдай жасалды.
Мәселен, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарын енгізу шеңберінде Қазақстан азаматтары саяси шешімдер қабылдау процесіне кеңінен қатысатын болды. 
Сондай-ақ саяси басқарудың теңгерімді жүйесі құрылып, есеп беретін Үкімет және ашықтық қағидаттары енгізілді. Мақсат – елімізді саяси тұрғыда трансформациялау және «Әділетті Қазақстанды» құру үшін басталған процестерді соңына дейін жеткізу болып отыр.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар