Жаңалықтар

Жаңа экспозициялар ашылды

Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жақындатқан ата-апаларымыздың ерлік істері ешқашан ұмытылмайды.

 Осыған орай облыстық соғыс және тыл ардагерлеріне арналған Даңқ залында Ұлы Отан соғысына қатысқан ақын, әдебиеттанушы Балтабай Адамбаев пен Ауғанстандағы әскери іс-қимылдарға қатысушы Петр Вотинцевтің құрметіне орай салтанатты экспозицияның ашылуы болды.

Музейге Балтабай Адамбаевтың соғыс алаңында пайдаланылған заттары және киімдері, кітаптары, таулы аймақтың бедері мен картасы қойылған. Қарулы қақтығыстар мен қазақстандық сарбаздар туралы ақпаратты интерактивті тақтадан сол жерде оқуға да болады екен.

Балтабай Әбдірахманұлы 1919 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылында дүниеге келіпті. Б.Адамбаев қазақ халқының бай ауыз әдебиетін, оның ішінде халық даналығы саналатын мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерді ауқымды зерттеумен айналысқан адам. Оның шешендік сөздердің және мақал-мәтелдердің тарихы, табиғаты, көркемдік ерекшеліктері туралы «Шешендік өнер», «Халық даналығы», «Қазақтың шешендік өнері» атты  монографиялық зерттеу еңбектері бар.

Мұражайдағы іс шараға Б.Адамбаевтың кіші қызы Тамара Адамбаева және басқа да туысқандары қатысты. Батырдың ұрпақтары өлең оқып, бабаларына деген ыстық ықыласпен еске алып, жылы лебіздерін арнады.

-Халық маған «Жақсының тұяғы, ізі» деп жақсы қарайды. Әке көрген қыз деп мақтанышпен айтады. Мен де сол жылы сөздерге лайық болуға тырысамыз. Мұражайға әкеміз жайлы естеліктерді қойып, оның пайдаланған заттарын әжетке жаратып, бүгінгі ұрпақ білсін деп еліне еңбегі сіңген елеулі адамдарды жас ұрпаққа насихаттап жатқандарыңызға мың алғыс, - деді Тамара Балтабайқызы.

Тағы бір экспозиция Ауған соғысының ардагері Петр Вотинцевке арналыпты. Халық қаламаған соғыстың бірі ол Совети Ауған соғысы еді. Сәуір айында басталған бұл со,ысты халық «көкек соғысы» деп те атап кеткен. Мұражайға келген Петр Дмитриевичтің туыстары осыны айтты. Ортақ Отанымыз үшін қасиетті борышын өтеуге аттанған Петр Вотинцев те ақын. Оның орыс ауыз әдебиетінде бірнеше жырлары сақталған.

Мұражай қызметкерлері қиындығы мен қасыреті мол соғыс жылдарындағы жауынгерлердің тапсырманы қалай орындағандықтарын, әр түрлі ұлттан құралған әскерлердің мызғымас достығы мен ерліктері туралы мағлұмат берді.

Келушілер сұражайға қойылған экспозицияларды тамашалады. Іс шара соңында соғыс жылдарындағы көріністер қойылып, жырдан шашу шашылды. Патриоттық әндер шырқалды. 

Эльмира ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ