Мәдениет

ҚЫРДАҒЫ ҚЫЗЫЛ КІЛЕМ (Мектептегі естеліктер негізінде)

ҚЫРДАҒЫ ҚЫЗЫЛ КІЛЕМ (Мектептегі естеліктер негізінде)

Ғалия Абылай - 1999 жылдың 6 наурызында Меркі ауданы, Қазақ-Дихан ауылында дүниеге келген. 2004-2009 жылдар аралығында №33 Қазақ-Дихан бастауыш мектебінде оқып, 2009-2016 жылдары №4 Тілеміс батыр орта мектебінде білім алған. 2016-2017 оқу жылында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түсіп, 2020 жылы аталмыш оқу орнын үздік тәмамдаған. «J.A.S.», «Көке» кітаптарының редакторы. 2021 жылы қала, облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Республикалық «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», облыстық «Шынның жүзі – Шераға» атты жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпазы, Жамбыл облысы әкімдігінің жанынан құрылған ақын-жазушылар кеңесінің мүшесі, «Анаға тағзым» орталығының жанынан құрылған «Інжу-маржан» қаламгер қыздар кеңесінің хатшысы. Өлеңдері «Жастықтың оты жасын жыр» жыр жинағына енген. Республикалық «Қазақ әдебиеті», «Ақ желкен», облыстық «AR-AI» басылымдарында өлеңдері жарық көрген. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз қызметкері.

Жауынан жасқанбаған Жауғаштай батырдың кіндік қаны тамған жер, мыңнан асқан бұлағы, жұпарын шашқан құрағы киелі Меркі өңірінің табиғаты туралы айтып тауысу мүмкін емес. Сыздауыт жері саялы, оймауыт жері ордалы қасиетті мекен балалық шағымның куәсі. Біздің Меркі – көрікті жер. Табиғатының тамашалығына тіл жетпес. Әсіресе, көктемде тауының етегі мен жол жиегі қызыл қызғалдаққа толып қалатын. Сол кезде алыстан құдды жер бетіне жасыл оюлы қызыл кілем төсеп қойғандай көрінетін. Мен Тілеміс батыр атамыздың атына берілген мектепте білім алдым. Әлгі табиғаттың ғажап көрінісін тамашалау үшін сынып жетекшіміз Перизат әпкей (біздің өңірде мұғалімдерді әпкей деп атайды) ыңғайы келсе әр көктем сайын күн жылынғанда естелік суретке түсу үшін біздің сыныпты сол жерге апаратын. Себебі, біздің мектеп жол жиегіне жақын орналасқан. Бәріміз жаяулата, кейбір сыныптың бұзақы балалары әпкейімізді тыңдамастан шаңдата жүгіріп қызғалдаққа қарай бет алатынбыз. Сол қарқынмен көксеген жерімізге жетіп, келудегі басты мақсатымызды ұмытып, табиғаттың тамаша көрінісіне қанық болатынбыз. Сыныптың кейбір тентектері сол табиғаттың әдемілігін аяусыз таптап жатқанына қыздар қауымы шыдамастан: – Қойсаңдаршы, әпкей, айтыңызшы мыналарға, – деп әрі ызылана әрі жыламсырап айқай салатынымыз есімде. – Бағыныш, Нұрболат, қызғалдақтарды таптамай бері келіңдер. Шетіне суретке түсеміз, – деп Перизат әпкей екінші жақтан тамағы қарлыға балалығы басыла қоймаған сыныптың ұлдарына ескерту жасайтын. Осылайша тіл жетпес әсем табиғаттың сұлулығын мәңгілікке сақтап қала алмасақ та, естелік ретінде сақтап қояйық деген ниетпен сынып болып суретке түсіп, мектепке қарай кері қайтатынбыз. Қайтар жолда ұлдар қауымында келердегідей асығыстық жоқ. Аяқтарын асықпай басып: – Жай жүріңдерші, Айнұр әпкейдің сабағы бітіп кетсін, – деп бізге сыбырлайтын. Айнұр Оңалбаева – бізге тарих пәнінен беретін. Сыныптың, тіпті мектептің жалқау, оқымайды деген ұлдары мен қыздары тарих пәніне дайындықсыз келмейтін. Себебі, Айнұр әпкейдің талабы мықты. Жүзінде қаталдықтың мысы бар, бірақ аңдай білгенге жүрегі мейірімге толы. Бізге тарих пәнімен қоса еліміздің мәдениетін ұлықтайтын «Мәңгілік ел» курсынан беретін. Дәл қызғалдаққа барған күні сыныптың ұлдары қанша оңай болса да сол күнгі сабаққа аса қатты дайындықсыз келген болуы керек, жүрістері тіпті баяулап кетті. Алда келе жатып, қыздар да, әпкей де ұлдардан біраз алшаққа кетіп қалғанымызы аңдамаппыз. Артымызға қарасақ ұлдар бізден жырақтау жерде топталып тұр екен. Біздің қауіпсіздігімізге басымен жауап беретін әпкей ғой. Әрқайсымыз үшін ылғи да шыр-пыр болып жүреді. Біз үшін жүйкесін де, білімін де, тіпті қанша қарлығып қалса да дауысын аямайды. – Әй, Бағыныш, Жалғас не істеп тұрсыңдар? Нұрболат? – деп әпкей оларды шақырған еді, бір-екеуі біз жаққа қарай бастарын бір бұрып, бір нәрсе деді де қаз қалыптарында тұра берді. – Барып шақырып келіңдерші, күйдіргілерді, – деп әпкей Ақбота екеумізді жұмсады. Біз ұлдарға қарай бет алдық. Күннің тас төбеге шыға ысыған шағында сыныптас ұлдардың ерігіп, адамды ары-бері сандалтқанына ызылана: – Не істеп тұрсыңдар? – Әпкей шақырып жатыр, – деп екеуміз екі жақтан оларға бас салғанымыз сол еді, бұзақылығымен сыныптың атын шығарып жүретін Ернат бізге қарай әлденені лақтырып жіберді. Не екенін аңдап үлгермесек те, екеуміз шыңғырып, артқа қарай ыршып түстік. Сөйтсек тасбақа екен. Ұлдар соған үймелеп тұра қалған ғой. Осылайша әпкейге жетеміз дегенше Ақбота екеуміз тасбақаны ары аударып, бері аударып келе жатқан ұлдарға: – Байғұсты қинамай жібере салыңдаршы. Обал ғой, – деп жалынумен болдық. Бізді күтіп тұрған қыздар мен әпкейге жетер тұста ұлдар бойларын жиып, тәртіпті әрі момақан бола қалды. Тасбақаны да жайына жіберді. Бірақ әпкейіміздің ұрысынан сытылып кете алмады. Сынып жетекшіміз: – Екінші әкелмеспін, – деп қатты ашуланды. Міне, солай ұлдар қанша асыққысы келмесе де сабақтың уақыты біте қоймапты. Айнұр әпкей сынып бөлмесіне кіргендегі шаңға аунап, күннің ыстығына күйген ұсқынсыздау түрімізден шошып кеткен болуы керек: – Қайдан келдіңдер, сабақтың қақ ортасына дейін кешігіп, – деді. Перизат әпкей артымыздан іле-шала кірді де Айнұр әпкейдің жанына барып, мән-жайды түсіндірді. Сосын әркім өз партасына жайғасып, сабақты бастап кеттік. Айнұр әпкей бәрімізді түгендеп, дәптерлерімізді тексеріп, сабақ сұрауға көшті. Журналдың басында тұратындықтан менен бастайтын болар деп үй тапсырмасын жалма-жан қайталап жатқанымда, әпкей: – Мәуленов, – деді. – Мен, – деп Ернат орнында теңселе тұрғанында Айнұр әпкей: – Сен екеніңді білем, тақтаға шығып, сабақ айт, – деді. Ернат амалсыздан тақтаға қарай беттеді. – Иә, тыңдап тұрмын. Сабақ айт, – деген әпкейге Ернат: – Атқа міну мәдениеті. Жалпы жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны белгілі. Тіпті еліміздің солтүстік өңіріндегі энолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгендігі дәлелденген...,– деп әрмен қарай судырата жөнелді. Міне, осылайша сабаққа дайындықсыз келген сыңайда жүрген Ернат Айнұр әпкейдің сол күнгі сынағынан сытылып шықты. Қалайша сытылмасын? Сыныптағы ат, көкпар десе ішкен асын жерге қоятын жігіт сол Ернаттың дәл өзі ғой. Айнұр әпкей де соны білгеннен дәл осы тақырыпты Ернаттан бірінші болып сұраса керек. Бұл оныншы сыныптағы оқиға. Он бірінші сыныпқа келгенімізде дәл сол жол жиегі мен тау қырлары қызғалдаққа тұнған уақытта тағы да қызғалдаққа барғымыз келді. Сыныптағы бір қыз қазақ тілі мен әдебиетінен беретін Нұргүл әпкейдің сыныбы қызғалдақтан келе жатыр деген хабарды жеткізген кезде тіпті барғымыз келіп, құлшынысымыз артып кетті. Сол мезетте Перизат әпкей келіп: – Осыдан кейін қанша сабақ бар? – деп сұрады. Біз: – Тараймыз, – деп жамырай жауап бердік. Әпкейіміз: – Онда қызғалдаққа барайық. Биыл мектеп қабырғасындағы соңғы жылдарың ғой, – дегенде қуанышымызда шек болмады. Ұстаз жүрегі мейірімге толы ғой. Алдыңғы жылғы сыныптағы ұлдардың бұзақылығымен қатар «екінші әкелмеспін» деген сөзін ұмытып, бізге мектеп қабырғасында ұмытылмас сәттер сыйлауға тырысқан сынып жетекшіміз Перизат Әзіретқызының біз үшін жасаған қамқорлықтарын сол кездерде бағалап жатқан біз жоқ...