Жамбыл жаңалықтары

Егемен елдің құрыш қалқаны

Жайшылықта байқалмаса да әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігі сенімді қолда екенін жұртшылық 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мерекесі қарсаңында жете сезінетіні анық.

Өйткені мерейлі мерекенің елімізде кең көлемде аталып өтуі ҚР Қарулы Күштерінің даңқын асқақтатып, ел үшін атқарған еселі еңбегінің бағасын арттыра түседі. Кеше Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында ұйымдастырылған Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиында осындай мерекенің лебі есіп тұрды.

Салтанатты іс-шарада сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күні және Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 32 жыл толуымен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

– Бұл күн – ел әскерінің қуаты мен айбынын асқақтататын мереке. Отаншылдық рухы қай заманда да қазақ халқының бойында қалыптасқан айрықша қасиет. Отанды қорғау, оның қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау, қалтқысыз қызмет ету – әрбір қазақстандықтың қастерлі борышы. Біз дүниежүзіне қашанда бейбітшілікті ту еткен, ынтымағы жарасқан ел ретінде таныла білдік.

Бүгінде халқымыз береке мен бірлікте алаңсыз еңбек етіп, тыныштықта өмір сүріп келеді. Бейбітшіліктің арқасында ел экономикасы қарқынды дамып, дамыған елдермен іргелес тұруға қол жеткіздік. Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміздің қорғаныс саласын дамытуға және кәсіби, әлеуеті жоғары қуатты әскер құруға бағытталған кешенді реформалар жүргізілуде. Бүгінде еліміздің Қарулы Күштер қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың мәртебелі міндетіне, аға буынның ерлік және жауынгерлік дәстүрлерінен бастау алған патриоттық үлгісіне айналды.

Биылғы Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күні мерекесі – алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған іс-шаралармен тұспа-тұс келіп отыр. Президентіміздің тапсырмасымен биыл әскери және күштік құрылым қызметкерлері Бауыржан Момышұлының, Сағадат Нұрмағамбетовтің және Рахымжан Қошқарбаевтың есімі берілген түрлі дәрежедегі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұл – даңқты халық батырларына көрсетілген құрмет, Қарулы Күштер құрамына артқан үлкен сенім деп білеміз.

Бабаларымыздың ел тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін кеудесін оқ пен отқа тосқан жанқиярлық ерліктері ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Тәуелсіз елдің бүгінгі айбынды сарбаздары бабалардың батырлық пен ерлік жолын абыроймен, лайықты жалғастыруда. Олардың қатарында өңіріміздегі 28 әскери бөлімнен тұратын, 17 мыңнан аса әскери қызметкері бар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, Ұлттық ұлан және шекара қызметі бар. Сіздердің ел тыныштығын сақтаудағы еңбектеріңізді ерекше атап өткенді жөн санадым. Тәуелсіздігіміз бен бейбітшілігімізді күзетіп, халқымызға қорған болған әскеріміздің айбыны арта берсін! – деді Ербол Шырақпайұлы.

Сондай-ақ аймақ басшысы әскери сала қызметкерлерінің елімізде су тасқыны салдарынан орын алған төтенше жағдайға қарсы іс-шаралардың алдыңғы шебінде жүргенін тілге тиек етті. Темірдей тәртіпке бағынып, отбасынан Отанды биік қойып, ел тыныштығы мен халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз ететін әскерилерге халық қашанда арқа сүйейтінін, олармен мақтанатынын атап өтті. Қарулы Күштер қатарында өз қызметін мінсіз атқарып жүрген сардарлар мен сарбаздарға айтар алғысы айрықша екенін білдірді. – Өздеріңізге белгілі, еліміздің бірқатар өңірінде су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы сын сағатта халықтың ортасынан табылып, табиғи апаттың алдын алуға байланысты жедел шаралар қабылдады. Баршамызды қиындықты бірге еңсеруге шақырды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, халқымыз су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетіп, белсенді түрде қол ұшын созды.

Бүгінде төтенше жағдай жарияланған аймақтарға жәрдемдесу, қолдау көрсету әлі де қарқынды түрде жалғасуда. Біз қиын сәтте ағайынға қолдау көрсетуді тоқтатпаймыз. Себебі біз үшін елдің тыныштығы, халықтың амандығы бәрінен қымбат. Су басқан өңірлерде қазіргі қиын кезеңде әскерилер алдыңғы шепте жүріп, қол ұшын созуда. Олардың қатарында өңіріміздің де әскери қызметкерлері бар. Бейбіт күннің батыр сарбаздары ел мен жер үшін кез келген қиындыққа дайын екендігін тағы дәлелдеді, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Бұл ерен еңбектерін зор құрметпен қабылдап, ерекше алғысымды білдіргім келеді. Құрметті жерлестер! Сіздерді 7 мамыр – Отау қорғаушы күнімен тағы да құттықтаймын! Еліміздің бейбітшілігі мен жарқын болашағы үшін атқарып жатқан игі істеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын! – деген Ербол Қарашөкеев салада абыроймен еңбек етіп жүрген бірқатар азаматты «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісіміен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.Марапатқа ие болып, мерейі тасыған Отан қорғаушының бірі – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының байланыс полкінің командирі, полковник Сымбат Тұяқаев. Оның мерекелік көңіл күйін сұрағанымызда тәуелсіздік жылдарында құрылған еліміздің Қарулы Күштері бүгінде барынша жетілдіріліп, мемлекетіміздің тұрақтылығының, аумақтық тұтастығы мен әскери қауіпсіздігінің кепілі болып келе жатқанын сөз етті.– Отан қорғаушылар – туған өлкенің тыныштығын абыроймен күзетіп, жауапкершілік, әділдік пен патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетуде.
Әскерилер бейбіт заманға лайық ерлік танытып, алдына қойылған барлық міндетті абыроймен атқаруда. Бұл бүгінде ата-бабамыздың ерлік жолын жалғастырушы, тәуелсіз еліміздің айбынды жауынгерлері Отан қорғау жолындағы өз міндетін асқан жауапкершілікпен атқарып келеді дегенді білдіреді. Мұның барлығы тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әскерінің қалыптасу кезеңінде қол жеткізген жемісті жұмыстардың нәтижесі. Соның арқасында әскеріміздің рухы артып, абыройы асқақтай түсті. Мемлекетіміздің айбынын алты құрлықтан асырған Отан қорғаушы мерекесі, біріншіден, осы салада еңбек етіп жүргендерге көрсетілген құрмет, еңбегіміздің өтеуі болса, екіншіден, зор жауапкершілік жүктейді, – деді Сымбат Базарбекұлы. 

Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, оның шымылдығы «Айша бибі» би ансамблінің «Арман дала» қазақ биімен түрілді. Сонымен қатар «Алға!», Қайсар бабам», «Аман бол» «Мәңгілік ел ұландары, алға!» секілді бірнеше патриоттық әндер шырқалды. 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ