Жаңалықтар

"Қара кемпір" әні де қасіретіміздің көрінісі

Қылышынан қан сорғалатып, қазақ даласына зұлмат пен нәубетті алып келген сұрапыл да қасіретті кезеңдер біздің тарихымызда аз болмаған.

Әділетсіз саясатпен, баянсыз балалық шақ, ерте солған арман мен үзілген үміт, алысқа кеткен жары мен баласын сарғайып күтумен өткізген ғұмырдың барлығы да сол соғыс атты зұлматтың зардабы. Тарих еш уақытта ұмытылмайды, керісінше жылдар мен ғасырлар өткен сайын жаңғыра түседі. Ондағы адам тағдыры өлмес өнерге де, ерекше естелікке де өзек болып қала береді.

Соғыс тақырыбын көтерген шоқтығы биік туындылардың бірі – «Қара кемпір» аңызы. Сұрапыл соғыстың салмағы майдан даласын кешкен, оққа ұшқан жауынгерге ғана емес, ақ сүт беріп өсірген бауыр еті баласын амалсыздан аттандырған анаға, жан-тәнімен сүйіп қосылған, жар қызығын бөліскен азаматынан айырылған келіншекке, бір құрсақтан шыққан інісінен, ағасынан қол үзген бауырға түсті. Олардың бар қолынан келетіні – күту, сағыну. Тәңірден амандығын тілеу. Осындай үкілеген үміттерді қаралы қағаз бір сәтте сөндірді. Қара кемпір – сол әлсіз де азалы аналардың бірі еді. Бұл аңыз бастан-аяқ сұм соғыстың қасіреті мен оған деген ана қарғысы ретінде сипатталады. Осы өңірдің тумасы, белгілі әнші, композитор Алтынбек Қоразбаевтың жаны жаралы ананың тебіренісін суреттейтін «Қара кемпір» әні де осы оқиғаға байланысты туындаған. 
Оқиға Меркі ауданының Қызылсай ауылындағы Қали ананың мұңлы тағдырын баяндайды. Сұрапыл соғыс жылдарындағы Жексенқұл, Қосшығұл атты қос ұлынан қатар айырылып, ішқұса болған ананың зары мен күйігі, жүрек жоқтауы. Артында қалған ел-жұрты азалы ананың аруағына тағзым ретінде ескерткіш орнатып, естелік қалдырды. Ескерткіш 1993 жылы «Қара кемпір» әнінің желісімен жасалған. Мемориалдық кешен Меркі ауданының Жаңатоған ауылының шетіндегі биік төбеде орналасқан. Биіктігі 4 метр болатын ескерткіш бетоннан құйылып, төртбұрыш тұғырдың үстіне орнатылған. Төбенің етегінде ескерткішке баратын, сатылы жолдың бойында:
«Ооой, дүние-ай!
Қараймын батыс жаққа келе ме деп,
Анасын қайғы шеккен көре ме деп.
Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де,
Хабарын қос қозымның береме деп» деген бір шумақ өлең қызыл тасқа қашалып жазылған. Бұл әннің сөзін жергілікті ақын Жақсылық Сәтібеков жазған. Ал Қали ана бейнесі ұлттық нақышта киінген, ағаш бұтағына сүйеніп тұрған күйінде бейнеленген. Осы кейпімен-ақ мүсін адамның жүрегін тебірентіп, көңіліне мұң ұялатады. 
Бажайлап қараған жан кейуана жүзінен уайым мен қажудың табын байқап, өмірдің құндылықтары, ананың балаға деген риясыз махаббаты жайында тұңғиық ойға беріледі. 
«Қара кемпір» мемориалдық кешені «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы облыстың туристік объектілер тізіміне енгізілген. Тарихи-мәдени ескерткіштің тарихын 5 тілде баяндап беретін QR-код қойылған тақта орнатылды. Сонымен қатар аталған ескерткіштің тұғыры гранитпен қапталып, қоршауы сырланды. Жалпы ескерткіш толық қалпына келтірілді. «Қара кемпір» мемориалдық кешеніне арнайы экскурсиялар тұрақты жасалып тұрады.
Шынында, жас ұрпақ осындай қасиетті де киелі орындардың тарихын біліп өссе, келешегін ұлттық тамырымен байланыстырады деген ойдамын.
 

Талғат СҰЛТАНОВ,

 Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінің тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы