Мамыралиевті мамырда ғана іздемейік...
Рахымжан Мамыралиев 1925 жылы 25 қаңтарда Жамбыл ауданының Жамбыл колхозында дүниеге келген. 1942 жылы 25 желтоқсан күні әскер қатарына шақырылады.
Алғашында Мәскеу қаласының маңындағы Мытищиде 6 айлық даярлық курсында оқып, кейін 357-зеңбірекшілер дивизиясына қызмет етуге жіберіледі. Бастапқыда Украина майданында оқ жаудырғыш-зеңбірекшілер дивизиясының командирі Иван Ильич Зоновтың қарамағында болып, артылған жауапкершілік жүгін абыроймен арқалай біледі. Әсіресе Польша қаласының маңындағы Лодзі қаласы үшін болған шайқаста ерлігімен көзге түседі.
1943 жылы Қиыр Шығыстың Уссурийскіде, Биробиджанда, Приморск өлкесі мен Ворошилов қаласында, содан кейін Жапон соғысына қатысады. 1951 жылы қараша айында елге аман-есен оралған Р.Мамыралиев 1952 жылы қазақ жеріне жер аударылған Қарашай-Черкес автономиялы облысынан келген Күлимат Салпагарова есімді қызға үйленеді.
Елге келген соң бірден еңбекке араласып кетеді. «Бірлесу еңбек» колхозында екі жыл ұжымдық шаруашылықтың әртүрлі қара жұмыстарын істейді. Кейін Байзақ ауданының Жетібай ауылына қоныс аударып, сүт өңдеу зауытына жұмысшы болып орналасады. Қырғызстанның Қарабалта қаласындағы ет-сүт өндірісі техникумында сырттай білім алған соң аталған зауыттың меңгерушісі қызметін атқара жүріп, 1985 жылы зейнет демалысына шығады.
Отан алдындағы борышын адал атқарған ақсақал «Еңбек Қызыл ту», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен Жеңістің 40, 50, 60, 70 жылдығы, «СССР Қарулы күштеріне – 70 жыл», «Соғыс ардагері» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.
– Мен соғыс көрген адаммын. Бірақ Құдайдың құдіретінің арқасында аман-есен оралдым. Бірге соғысқа барған қазақтың өрімдей жастары соғыс даласында ажал құшты. Қаншама жолдасымнан айырылдым. Бәрі-бәрі ойымнан бір сәтке шыққан емес. Егер сұм соғыс болмағанда халқымыздың саны бұдан да көп болар еді. Мемлекет тұрақты дамуы үшін тыныштық пен бейбітшілік болуы керек. Ал соғыс болып жатқан елде еркіндік те, тыныштық та, даму да болмайды. Мен соғысқа барғанымды мақтанып айтқым келмейді. Өйткені соғысқа қатысу мақтанатындай іс емес. Онда тағдырмен, ажалмен бетпе-бет келдік. Ойласам әлі күнге дейін зәрем ұшады. Тіпті кейде өзімнің аман-есен оралғаныма да таңғаламын, – дейді соғыс ардагері.
Алайда соғыстың тауқыметін көріп, жеңіс үшін жан алысып, жан беріскен, кейінгі жылдарында да елдің дамуы үшін арқа еті арша, борбай еті борша болып еңбек еткен ақсақалдың қазіргі жағдайы көңіл көншітерліктей емес.
– Атамыз биыл 99 жасқа толды. Жасырып-жабатын несі бар, әкеміздің жағдайы мәз емес. Жауын-шашынды күндері баспанамыздың төбесінен су ағады. Іші кең болғандықтан қыста жылымайды. Қазіргі үйіміз сау адамды ауру қылатындай жағдайда десем, артық айтқаным емес. Үйдің іші сыз, қабырғалары көгеріп, кей жері сарғайып кетті. Мұндай жерде тұрудың өзі үлкен адам үшін ауыр екені түсінікті. Ал екінші қабатқа шығарайық десек, оған атаның шығып-түсуі қиын.
Түсіне білгенге қарт адамның күтімі де оңай емес. Арнайы бір адам керек. Онсыз мүлдем болмайды. Сондықтан да бірнеше жылдан бері жұмыс істей алмай, әкемнің күтіміне қарап отырған жайым бар. Сол себепті бүгінде әкеміздің зейнетақысымен ғана күн көріп отырған жайымыз бар. Зейнетақысының жартысын немерелерінің оқуына бөліп береді. Сонда өзіміздің күнделікті ішім-жемімізге азын-аулақ ақша қалады.
Әкеміздің кейде зерігіп, қыздарына, немерелеріне барғысы келеді. Сондай кезде ары-бері таситын көліктің де ыңғайы болмай қалады. Себебі мініп жүрген көлігіміз өте ескі. Жүргенінен бұзылғаны көп, оның үстіне әкеміздің жасының келуіне байланысты көзінің көруі де нашарлап кетті. Көрмейді десек те болады. Алайда оған мүгедек туралы анықтама алайық десек, дәрігерлер оны да бітіріп бермей отыр. Тіпті оны дәлелдеу үшін біраз жүретін көрінеміз, – дейді ұлы Сапар Мамыралиев.
Біз соғыс ардагеріне әкімдік тарапынан нақты қандай қолдау-көмек көрсетіліп жатқанын сұрап Байзақ ауданының әкімдігіне қайырылдық.
– Ұлы Отан соғысының ардагері Рахымжан Мамыралиевке соғыс және еңбек ардагері ретінде жыл сайын кәсіпкерлердің демеушілігімен 1 қазан – Қарттар күнінде азық-түлік пакеті берілсе, көктемгі және күзгі тазалық екі айлығы барысында ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен ардагердің ауласына тазалық жұмыстары жүргізіледі. 2023 жылы аудан әкімінің бастамасымен демеушілер тарта отырып 1 миллион 200 жүз мың теңгеге Жетібай ауылындағы үйінің терезелері жаңаланып, сылау жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 миллион теңге, сонымен қатар демеушілер тарапынан 500 мың теңге қаржылай көмек көрсетілді. 2024 жылдың 19 сәуірінде 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 1 миллион 500 мың теңге біржолғы көмек көрсетілді. Бүгінгі күнге әлеуметтік біржолғы көмек ардагердің жеке есепшотына аударылған. Жеңіс күні қарсаңында аудан әкімінің ардагердің отбасына барып, арнайы құттықтауы жоспарланып отыр. Сондай-ақ жақында ғана аудандық орталық аурухананың бас дәрігері бастаған арнайы топ Ұлы Отан соғысы ардагерінің отбасында болып, қарияның денсаулығына толық қарап шықты. Алдағы уақытта сіз көтеріп отырған мәселені бас дәрігер өз қадағалауына алатын болады. Яғни атаның көзінің көруі нашарлауына байланысты мүгедектік тағайындау туралы нақты шешім шығарылатын болса, сіздерді хабардар етеміз, – дейді Байзақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жыл сайын түрлі көмектер алып тұратынын ардагердің балалары да жасырмайды. Алайда сол көмектер атаның балалары мен немерелеріне таратылып кететін көрінеді.
– Мен келін болып түскенде атамыздың жасы 85-86 жаста еді. Ол кезде атам тың еді. Барлық немерелерінің оқығанын, білімді болғанын қалады. Сондықтан да немерелеріне, балаларына «кітап оқыңдар, ізденіңдер, білім қуыңдар» деп айтып отыратын. Енді міне, содан бері де аттай шауып 20 жылға жуық уақыт өтті.
Негізі атамыздың арманы – немересімен бірге қалада тұру. Алайда біздің қалада үйіміз жоқ. Елден еститін болуы керек, кейде атамыз: «Ардагерлерге үй береді екен, сендер соны маған алып беріңдер, мен қалада немереммен бөлек тұрамын», – деп айтады.
Оған біздің жағдайымыз жоқ. Әкімдікке барсақ, кезектеріңізді күтесіздер дейді. Ал мүгедек екенін растайтын анықтама алып, сол арқылы күйеуім мүгедек адамды қараушы ретінде тіркелсін десек, оған арнайы комиссия құрылып, бұл мәселені қарастыру керек дейді.
Біздің ойымыз – атамыз қартайғанда бейнетінің зейнетін көріп, өмірінің соңғы жылдарын мұндай суық үйде емес, таза жерде, жылы үйде өткізсе дейміз. Әрине, жыл сайын Үкімет тарапынан берілетін ақшаны алып отырмыз. Бірақ атаның баласы тек біз ғана емеспіз ғой, жан-жақтағы немере, шөберелері мен балаларына бөліп береді. Сол кезде ол ақша өзіне де бұйырмай қалады.
Сондықтан облыс әкімдігінен атамыздың күтіміне қарап отырған баласына қосымша қаражат берілсе, мүгедек екендігі шын болғандықтан ары-бері сабылып жүруге де мұршасы бола бермейді. Сондықтан атаны шаршатпай құжаттарын реттеп, мүгедек екенін растайтын анықтаманы берсе, әрі атаның жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін бір көлікпен қамтамасыз етіп немесе немересімен бірге қалада тұруына жағдай жасалса деген өтінішіміз бар, – дейді келіні.
Иә, әне-міне дегенше 100 жастың есігін қаққалы тұрған атамыздың енді тағы 100 жыл жасамайтыны анық. Сондықтан осындай бар кезінде қартымыздың қадірін біліп, ардагердің күтімін жасау баласының ғана емес, қоғамның парызы деп білгеніміз де жөн.
Шапағат ӘБДІРҰЛЫ