Руханият

Оттан ыстық ортақ ұямыз

«Тебінгінің астынан, Ала балта суырысып,Тепсінісіп келгенде, Тең атаның ұлы едің» деп Отан қорғау жолында темір тізесін бүгуге, болат белін июге бар кешегі Шалкиіздердің ұрпағы едік.

Осы бір «Отан» деген төрт ауыз сөздің төңірегінде біздің төрт құбыламыз түгенделіп, ұйысып тұрғандай. Қолына найза ұстаса – батыр, қамшы ұстаса – би болған бабаларымыз төрт ауыз сөздің құны үшін жанын қиюға да барды. Әрі осы жолда жібегі жүн болса да, жігері құм болса да алған бетінен қайтпады. Өйткені олар Отан қорғау деген ұлы міндеттің астында ұрпағы мен ұлтын қорғау деген парыз жатқанын жете түсінген. Сондықтан да ғой, кешегі Қазыбек бидің қасқайып тұрып: 
«Алтын ұяң – Отан қымбат,
Құт-берекең – атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат.
Мейірімді апаң қымбат», – дейтіні. 
Шын мәнінде, қымбат дегеннің құны немен өлшенетіні белгісіз. Бәлкім, оның төлемі де, құны да шексіз еркіндік болса керек. Ал еркіндік, ең әуелі, Отаны бар адамның есігінен сығалайтын бақ құсы екені де баршаға аян. Міне, сол еркіндікті қорғап, Отанын аман сақтау жолында біздің бабаларымыз ат үстінде ұйықтап, түйе қомында мызғыды. Отан қорғап өлудің өзін ұлы мәртебе санады. Содан да шығар, Доспамбет жырау:
«Екі арыстап жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында
Соғысып өлген өкінбес!» – деп екпіндете жырлайды.
Иә, елін дауға, жерін жауға бермейтін ерлеріміз бізге осынау мемлекетті қалдырып кету жолында қолындағы алдаспанның жүзі кетіліп, жетесіне жеткенше, иығынан басы домалап кеткенше, найзасының ұшы кетіп, сабы қалғанша, жаны кетіп, тәні қалғанша аянбай күресті. Алайда ержүрек ата-бабаларымызды қиян-кескі соғыс та жасыта алмады. Қайта ұрпағының болашағы үшін күресіп жүрген ерлерді сондай соғыстар жігерлендірді, шабыттандырды. Сондықтан да Махамбет Өтемісұлы:
«Қорамсаққа қол салмай,
Қозы жауырын оқ алмай,
Атқан оғы жоғалмай,
Балдағы алтын құрыш болат,
Балдағынан қанға боялмай,
Қасарысқан жауына
Қанды көбік жұтқызбай,
Халыққа тентек атанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?» – деп жырлады емес пе? 
Ерлердің ісі әлі де болса біткен жоқ. Кешегі бабаларымыз қолына қару алып Отанын қорғаса, бүгінгі ұрпақ біліммен, озық техникамен қаруланып, қорғап жатыр. Кейде осы бір Отан қорғау деген сөздің өзінің аясын тар түсінетініміз бар. Расында, Отан қорғау айналаңды қыру, соғысу емес. Қайта елге қызмет ету, Отаныңның жақсы атын шығару екенін де ұмытпағанымыз абзал. 
– Әрбір ер-азамат үшін елінің тыныштығынан артық байлық, Отанының бүтіндігінен артық бақыт жоқ. Кешегі бабаларымыз біздің осы қасиетті даламызды қорғау жолында аянып қалмады. Енді солардың ұлы арманын мұрагер болып жалғастыру – біздің ұлт алдындағы парызымыз. Әрине, Отан қорғау деген сөзді кең көлемде түсінуге болады. Мен үшін өз қызметімді адал атқарып, мойнымдағы міндеттерді мінсіз орындаудың өзі Отанымның дамуына қосқан үлесім деп білемін, – дейді облыстық полиция департаменті штабының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция капитаны Марат Ибраимов. 
Иә, бұрын амандығын жасауылдар мен қарауылдар қорғаса, бүгін сарбаздар мен сардарлар қорғауда. Кешегідей жорға мініп емес, форма киіп Отанына қызмет етіп жатқан сала қызметкерлері үшін 7 мамыр мерекесінің орны ерекше болатыны да содан. 
Жұмыр жердің бетіндегі кез келген жұмыр басты пенденің еркіндікті, бейбітшілікті сүйетіні анық. Ал еркіндікті сүю, бірінші кезекте, Отанды сүю деген сөз. 
«Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған.
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!

Отан! Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен», деп жырлаған Мұқағали Мақатаевтың жүрегін берсе, біздің кеуде дәл солай соқтыра алар ма екен десеңізші?! 
Кешегі бабаларымыз бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздігін көргенде қандай күйде болар еді?! Біздің әрбір бақытты күніміз сол бабалардың батырлық қадамдарының жемісі екені даусыз. 
Сондықтан да «Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз, Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?!» деп Несіпбек Айтұлы айтпақшы, осынау жұмақ даламызды жұдырықтай жұмылып қорғауға, кірпік қақпай күзетуге бәріміз де міндеттіміз. 

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                         Шапағат ӘБДІР