САРЫ ДАЛАНЫҢ САРДАРЫ
САРЫ ДАЛАНЫҢ САРДАРЫ
Отанына жау баса-көктей кіріп, ел шеті дүрліккенде Сәду небәрі 18 жаста еді. Әскер қатарына шақырылған жас жігіт араға он бес күн салып, неміс-фашист басқыншыларына қарсы Украинаны қорғауға қатысады. Кейін, Белорусь майданының құрамында Днепр жағалауындағы шешуші шайқастарға қатысқан Сәду Шәкіров көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының 1943 жылғы 30 қазандағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ал, батырдың Отан қорғау жолындағы ерлігі «Кеңес Одағының қазақстандық Батырлары» анықтамалығында: «1943 жылғы 15 қазан. Түн. Десантшылар қайықтар мен салдарға жетті де, оның төбесіне алқызыл туды қадады» деп жазылған. Сол жылы Сәду Шәкіров он күнге демалыс алып елге келді. Батырдың елге келетіндігін естіген аудан басшылығы дайындық жұмыстарын жүргізіп, қасына еріп келген сарбаздарды күтуге дайындалды. Ауылда сиыр бағып, бадада жүрген Шәкір қарияны шақыртады. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» демекші, бір-екі малды түз тағысы жарып, басы қатып отырған Шәкір қария «тағы бірдеңеге ұшырадым ба?» деп, ауылмен қоштасып, аудан орталығына келген екен. Мұндағы атқамінерлер; «Шәке, ұлыңыз Батыр атанды. Елге келе жатыр. Дайындалыңыз» деп, сүйінші сұрапты. Сонда аңғал қария «е, мен бірдеңе болып қалды ма екен деп келсем, бәтшағар» деп, астындағы торысына қамшы басып қайта қайтқан көрінеді. Батыр елде он күндей жатып, демалып қайтады. Ал, көз алдарына ертегілерде аңыз болған батыр тұлғаны елестеткен, тылдағы еңбегінін жемісін ұрыс даласындағы сарбаздарға жөнелткен қарапайым халық батырды көруге құмартыпты. Өмірінің отыз жылын бірге өткізіп, он ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, немере-шөбересінің қызығын көріп 82 жасында өмірден өткен батырдың ақ адал жары Үмітжан Маманқызы: «Батыр келеді дегенді естіп келген халықтың қарасы көп болды. Қазан-қазан ет асылып, ән-жыр айтылып, бұған дейін күндіз-түні ұрыс даласынан қандай хабар келеді екен деп үреймен отырған ауыл ағайындары сол жолы бір марқайып қалды. Көптің ішінде мен де болдым. Құрбым екеуміз батырдың жанына бара алмасақ та, алыстан қарап жүрдік. Кейін Сәду елге келгенде көңіліміз жарасып, бас қосып отау тіктік», деп отырушы еді. Сәду Шәкіров 1946 жылы туған еліне оралады. Елге келісімен батырмын деп марқаймай, еңбек майданының сарбазы атанады. Ауыл-елдің жүдеу-жұпыны тірлігін оңалтуға, колхоздың бітпейтін жұмысын жүйелеуге білек сыбана кіріскен Сәду Шәкіров көп ұзамай аудандық кеңестің төрағасы міндетін атқарады, партия мектебінің тыңдаушысы болады. Қазақ педагогикалық институтын сырттай бітіріп, өмірінің соңына дейін Шу ауданында колхозда басшылық қызметте болады. Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіров майдан даласында ерлігімен аңыз болса, өмірде де семсердей қиып түсетін отты сөздерімен ел есінде қалады. Шу ауданының аға буын өкілдерінің арасында бүгінге дейін «Сәдудің айтқан сөздері» деген әңгімелер айтылып келеді. Кезінде С.Шәкіровтің семсер сөздерін жинаған Шу аудандық «Шу өңірі» газетінің бұрынғы редакторы Ахметжан Қосақов «Ар әмірі» кітабын жазды. Осындай әулетке ғана емес, аумақтағы ел-жұртқа даңқы кеткен С.Шәкіровтің төлінің басы, қыздары Алмашай мен Ұлжан жас ұрпақты тәрбиелеп, ұстаздық етіп, бүгінде зейнет жасына шығып, балаларының қызығын көріп отырған аяулы аналар. Ұлдары Мағрифат пен Мархамат та жауапты қызметтер атқаруда. Батырдың ұрпақтары аталарының ерлігін немерелері мен шөберелеріне аңыз етіп айтудан еш жалыққан емес.
Қадірәлі САРЫПБЕК, С.Шәкіров ауылы, Талас ауданы