Жамбыл жаңалықтары

Егемен елдің құрыш қалқаны

Су басқан өңірлерде қазіргі қиын кезеңде әскерилер алдыңғы шепте жүріп, қол ұшын созуда. Олардың қатарында өңіріміздің де әскери қызметкерлері бар.

Бейбіт күннің батыр сарбаздары ел мен жер үшін кез келген қиындыққа дайын екендігін тағы дәлелдеді, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Бұл ерен еңбектерін зор құрметпен қабылдап, ерекше алғысымды білдіргім келеді.

Құрметті жерлестер! Сіздерді 7 мамыр – Отау қорғаушы күнімен тағы да құттықтаймын! Еліміздің бейбітшілігі мен жарқын болашағы үшін атқарып жатқан игі істеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын! – деген Ербол Қарашөкеев салада абыроймен еңбек етіп жүрген бірқатар азаматты «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісіміен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.
Марапатқа ие болып, мерейі тасыған Отан қорғаушының бірі – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының байланыс полкінің командирі, полковник Сымбат Тұяқаев. Оның мерекелік көңіл күйін сұрағанымызда тәуелсіздік жылдарында құрылған еліміздің Қарулы Күштері бүгінде барынша жетілдіріліп, мемлекетіміздің тұрақтылығының, аумақтық тұтастығы мен әскери қауіпсіздігінің кепілі болып келе жатқанын сөз етті.
– Отан қорғаушылар – туған өлкенің тыныштығын абыроймен күзетіп, жауапкершілік, әділдік пен патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетуде.
Әскерилер бейбіт заманға лайық ерлік танытып, алдына қойылған барлық міндетті абыроймен атқаруда. Бұл бүгінде ата-бабамыздың ерлік жолын жалғастырушы, тәуелсіз еліміздің айбынды жауынгерлері Отан қорғау жолындағы өз міндетін асқан жауапкершілікпен атқарып келеді дегенді білдіреді. Мұның барлығы тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әскерінің қалыптасу кезеңінде қол жеткізген жемісті жұмыстардың нәтижесі. Соның арқасында әскеріміздің рухы артып, абыройы асқақтай түсті. Мемлекетіміздің айбынын алты құрлықтан асырған Отан қорғаушы мерекесі, біріншіден, осы салада еңбек етіп жүргендерге көрсетілген құрмет, еңбегіміздің өтеуі болса, екіншіден, зор жауапкершілік жүктейді, – деді Сымбат Базарбекұлы. 
Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, оның шымылдығы «Айша бибі» би ансамблінің «Арман дала» қазақ биімен түрілді. Сонымен қатар «Алға!», Қайсар бабам», «Аман бол» «Мәңгілік ел ұландары, алға!» секілді бірнеше патриоттық әндер шырқалды. 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ