Руханият

Майдангер ұстаздың өмір жолы тағылымға толы

Базарбай Байтақов – Ұлы Отан соғысының ардагері. 1923 жылы Жуалы ауданына қарасты қазіргі Рысбек батыр ауылында (бұрынғы Жамбыл ауылында) дүниеге келген. Әкесі Байтақ және анасы Зейнеп екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген.

Базарбай Байтақұлының балалық шағы осы өңірдегі Шұбарағаш ауылының баурайында өткен. Тау баурайында еркелеп өскен жас өрен жастайынан білімге, ғылымға құштар болады. Өмірін білім саласына, жас ұрпақ тәрбиесіне арнасам деген бала арманы өсе келе шынға айналады. Базарбай атам білім, ғылым жолына бар өмірін жастайынан арнаған.Кеңес ауылында ең алғаш ұстаздық қызметін бастаған тұста соғыс өрті де бұрқ ете қалды. Отан қорғауға аттанған барша ер-азаматтармен бірге 1942 жылдың наурыз айында майданға аттанып, 543-қосалқы атқыштар полкына түскенде Базарбай атам небәрі 19 жастағы бозбала еді. Сталинград шайқастарында және басқа да қиян-кескі ұрыстардың бел ортасында жүріп, 1944 жылдың қыркүйек айында ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделеді. Денсаулығына байланысты елге оралып, ұстаздық қызметін қайта жалғастырған. Жастайынан ұстаз болуды мақсат еткен көзі ашық азамат мектеп директорының орынбасары қызметін абыроймен атқара білді. Сол тұста партияның қатарына қабылданып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты.

Бар ғұмырын білім саласына, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнаған ізденімпаз, еңбекқор атамыздың кітап оқуға, тал егуге жаны құмар болған. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақалды ұстанып, өзі тұрған үйінің айналасын түрлі жеміс ағаштарымен көмкерген бағбан да бола білді.1945 жылы Алшакүл есімді арумен отбасын құрып, Қасымбек есімді тұңғыш ұлдары дүниеге келеді. Одан кейінгі жылдары Түркістан қаласындағы педагогикалық техникумды аяқтап, 1952-1957 жылдар аралығында бұрынғы Қоғалы бастауыш мектебінің директоры қызметін атқарған. Сонымен қатар аудандық партия комитетінің нұсқаушысы және 1960 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын сырттай оқып, ұстаздық қызметін жалғастыра береді.1959 жылы Жамбыл атындағы сегізжылдық мектептің директоры болып тағайындалған. 1966 жылы өзінің тікелей бастамасымен мектеп ғимаратының алғашқы іргетасының қалануына және осында саналы, білімді ұрпақтардың тәрбиеленіп өсуіне аянбай тер төккен. 

Білім саласында 40 жылға жуық еңбек етіп, тер төккен нар тұлғалы, көпке сыйлы азамат Базарбай Байтақовтың жас ұрпаққа саналы білім берудегі еңбегі ескеріліп, «Ұзақ жылғы еңбегі үшін» және «За трудовое отличие» медалімен, «Ұлы Жеңістің 10 жылдығы» және «Еңбек ардагері» және тағы да басқа медальдармен марапатталған.Ұлы Отан соғысының және білім, оқу-ағарту саласының ардагері Базарбай Байтақов отанасы Алшакүл екеуі отбасында ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, үлгілі отбасы бола білді. Бұл отбасында тәрбиеленген ұл-қыздар – Қасымбек, Әлібек, Қалибек, Қанабек, Ағабек, Ғабит, Гүлнәр, Күлән және Гүлшарап өмірден өз орындарын тапқан азаматтар. Арасында әке жолын қуғандары да бар. Бүгінде ата-әжелерінің көзіндей болған немере-шөберелері және шөпшектері бақытты ғұмыр кешуде. Өсірген ұл-қыздарының өмірде өз орындарын тауып, бақытты ғұмыр кешуі, білім мен ғылымға, тазалыққа, ұқыптылыққа, парасаттылыққа құштар болуы – ардақты әке мен ананың оларға берген тәрбиесінің жемісі. 

«Әке көрген оқ жонар» демекші, Байтақовтар әулетінің тұңғыш перзенті Қасымбек Базарбайұлы әке жолын қуып, ұстаздық жолды таңдады. Ол ұзақ жылдар Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылындағы қазіргі С.Бәйтіков атындағы орта мектепте физика және математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Атаның салған соқпағын кейіннен немерелері де лайықты жалғастыра білгені көңілге медеу.Ұлы Отан соғысына қатысып, ел қорғаған ардагер азамат Базарбай Байтақов атам 1981 жылы 4 сәуірде 57 жасында дүниеден өткен. Бойына нағыз ұстазға тән парасаттылық, байқампаздық, шынайылық, әділдік секілді адами қасиеттерді жинақтай білген асыл азаматтың өнегелі өмір жолы жас ұрпақтың жадында ұзақ жылдар жаңғыра беретініне дау жоқ. Оның үстіне ел таныған асыл азаматтың туғанына биыл 101 жыл толып отыр.Дана халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген ұлағатты сөз бар. Бойында ұстаздық, парасаттылық, білімділік тұнып тұрған атамыздың ерлігімен, еткен еңбегімен мақтанбасқа болмас. Атамыздың ұстаздық жолын жалғаған маман ретінде оның ерлігін, батырлығын, даналығын айтып отыру, ұрпаққа жеткізу біз үшін парыз. Ұстаз ұлағатын жас ұрпақ ұмытпайды. 

                                                                                                                                                                                                                                                       Эльмира Сүйінбаева,
                                                                                                                                                                                                                                                 майдангердің немере келіні,
                                                                                                                                                                                                                                                              Жуалы ауданы