Сән әлемінің саңлақтары әулиеатада бас қосты
Тараз қаласында «ASPARA FASHION WEEK» сән апталығының ХІІІ маусымының ашылу салтанаты өтті. Шетелдік және отандық 40-тан аса дизайнердің туындылары көпшілік назарына ұсынылған халықаралық жобаның ХІІІ маусымының ұраны – «Мәдениеттер диалогі». Кештің ұйымдастырушысы – тараздық танымал сәнгер Айдархан Қалиев.
Іс-шараға елімізге, облысымызға белгілі дизайнерлер ғана емес, Қырғыз Республикасы, Татарстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей, Италия, Франция, Біріккен Араб Әмірліктерінің қолөнершілері де қатысқанын айта кеткен жөн.
Мәдени кешті Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова құттықтау сөзбен ашты.
– Терең тарихы бар Тараз қаласының төрінде «Aspara Fashion Week» апталығы басталды. Дәстүрге айналған игі іс-шараның қаламыздың мәдени дамуына берері мол екеніне сенімдіміз. Себебі осындай іс-шаралар арқылы халқымыздың ұмытылып бара жатқан ұлттық нақыштағы қолөнері заманауи үлгіде жаңғырып, кеңінен насихаттауға жол ашылады. Бұл өз кезегінде ұлттық рухымызды асқақтатып қана қоймай, құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа жеткізері анық. Сондай-ақ сән апталығының жаңа маусымы қолөнершілеріміздің өзге мемлекеттерден келген әріптестерімен тәжірибе алмасуына үлкен септігін тигізеді. Баршаңызды халықаралық сән апталығының ашылуымен құттықтай отырып, қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, сәттілік тілеймін! – деді Г.Жауынбекова.
Биылғы сән апталығының алдыңғыларына қарағанда ерекшелігі көп болды. Жобаның бас ұйымдастырушысы, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуші, «Aspara» брендінің негізін салушы Айдархан Қалиев бұл туралы салтанатты іс-шараға келген меймандарға кеңінен баяндап берді.
– Биылғы іс-шараның ерекшелігі көп. Апталықтың алғашқы күні жастарға арналған. Оларға біз көп сенім мен үміт артамыз. Бүгін ұсынылатын 13 топтама ұлттық өнер және қазақы дүниетаныммен тікелей байланысты. Одан бөлек биылғы маусымның тағы бір басты ерекшелігі – іс-шарамызды көбіне мейірім мен қамқорлыққа, қайырымдылыққа бағыттап отырмыз. Тараз қаласы даналық пен ізгілік ұштасқан қасиетті қала болғандықтан біз де өз іс-шарамыз арқылы осындай адами қасиеттерді насихаттағымыз келеді. Өздеріңіз білетіндей, қазір Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Сәнгерлер де осы тазалық науқанына атсалысып, Тараздың шығыс қақпасының маңына және Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына ағаш отырғызбақ.
Тағы бір айта кететін жайт, биылғы апталыққа біз қонақтарды шақырып қана қойған жоқпыз, келуге ниетті жандарға билеттерімізді саттық. Билет сатылымынан 500 000 теңге көлемінде қаражат түсті. Ақшаны түгелдей су тасқынынан зардап шеккен еліміздің батысындағы өңірлерге қайырымдылық ретінде жібереміз, – дейді А.Қалиев.
Сән көрсетілімінің бірінші күні Алтынбек Қартабайдың «Қызғалдақтар шеруі» фотокөрмесі назарға ұсынылып, «Ою-өрнектегі өнер сыры» атты облыстық балалар сурет байқауы өтті.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ