Денсаулық

Дәрігерлер Тәжірибе алмасты

Облыстық көпбейінді ауруханада Астана қаласынан келген медицина ғылымдарының докторы, профессор, бариатриялық және метаболикалық хирургияның президенті Орал Оспановтың басқаруымен алғаш рет 2-типті қант диабетінің метаболикалық хирургиясы бағытында шеберлік дәрісі өтті.

Екі күнге созылған шара барысында алты науқасқа хирургиялық ота жасалып, өңірлік дәрігерлерге тәжірибелік сабақтар  ұйымдастырылды. 
Бірінші ота Тараз қаласының 38 жастағы тұрғынына жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, пациенттің 2-типті қант диабетімен ауырғанына 7 жылға жуық уақыт болған. Тәжірибелі мамандардың арқасында операция сәтті аяқталды. Айта кетейік, 2 науқас порталмен Алматы және Астана қаласынан келген. Қалғандары – Жамбыл облысының тұрғындары. 

– 2-типті қант диабеті кезінде қандағы қанттың жоғары деңгейлі жүрек ауруы, инсульт немесе өлімді қоса алғанда, денсаулыққа қатысты елеулі проблемаларға әкелуі мүмкін. 2 типті қант диабетін консервативті емдеу әдістері бар. Яғни асқазанды айналып өту және билиопанкреатиялық айналып өту хирургиясы арқылы метаболикалық хирургия толық емделуге жоғары мүмкіндік береді. Бұл операциялар артық салмақты және одан болатын ауруларды түбегейлі жою үшін қолданылады, – дейді облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Марат Жұманқұлов. 

Шеберлік дәрісі барысында 2-типті қант диабетіне қатысты ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп,  аурудың алдын алу және оның пайда болу себеп-салдарлары айтылды. Сонымен қатар семинарда облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эндокринолог дәрігері, облыстық көпбейінді аурухананың эндокринология бөлімінің меңгерушісі Әсел Зинулина баяндама жасады. 

Семинар соңында жоғары санатты хирург, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков Орал Базарбайұлына облысымызға келіп, әріптестеріне шеберлік дәрісін өткізіп, тәжірибесімен бөліскені үшін алғысын білдірді.

Cондай-ақ қалалық көпбейінді аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымовтың бастамасымен урология бөлімінде қуық асты артериясының эмболизациясы бойынша екі күндік шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.
Эмболизация – хирургиялық жолмен жойылмайтын ісіктерді емдеудің қауіпсіз, инвазивті емес нұсқасы. Яғни бұл ісік жасушаларын жоюға көмектесу үшін қан ағынын тоқтататын инвазивті емес емдеу тәсілі.

Аденома – безді эпителийден құралған қатерсіз ісік. Оқыту операциясын жүргізу мақсатында интервенциялық Радиология орталығының рентгенолог дәрігері, ангиохирург, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың флебологі Азат Шынәлиев шақырылды. Шеберлік дәрісі  аясында бес пациентке «Terumo» компаниясының инновациялық әдістері мен материалдарын қолдана отырып, аз инвазивті хирургиялық емдеу жүргізілді.
Азат Шынәлиев атап өткендей, қуық асты артерияларының эмболизациясы салыстырмалы түрде жас, заманауи, жоғары технологиялық емдеу әдісі болып табылады. Ол соңғы жылдары клиникалық тәжірибеге белсенді енгізілуде.

– Бұл әдіс хирургияға толық балама болып табылады. Артериялық тамырларды блоктауда  қатерсіз ісіктің қанмен қамтамасыз етілуі тоқтайды. Бұл уақыт өте келе неоплазманың өлуіне немесе оның өсуіне жол бермейді. Процедура жеңіл, ауыртпалықсыз өтеді және жергілікті анестезия қолданылады. Ер адамда қуық асты безінің артерияларының эмболизациясынан кейін ісіктің ұлғаюы тоқтайды, зәр шығару функциясы қалыпқа келеді, науқаста бұрын болған проблемалар туындамайды, – дейді маман.

Жамбылдық хирургтар жоғары технологиялық операциялардың барысын бақылап, еліміздің жетекші мамандарының тәжірибесін үйренді. Урология бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Елубаевтың айтуынша, мұндай оталар  бұрын клиникада жасалмаған, пациенттер «Кардиология және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығына» жіберілген. Болашақта дәрігерлер  алған білімі бен тәжірибелерін жергілікті әріптестерімен бөлісетін болады.

                                                                                                                                                                                                                                                                   AR-AI ақпарат