Жаңалықтар

Адал еңбек абыройға кенелтеді

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Назира Байдосова: «Отбасын шағын мемлекетке теңейтініміз тегін емес.

Діңгегі мығым ағаш соққан жел мен ескен құйынға төтеп береді.Сол тәрізді отбасы берік болса, онда оларға сыртқы күштердің әсері ешқандай кедергі болмайды», – дейді. Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылында тұратын Назира Абдуалықызы отбасындағы ауызбіршілік пен ынтымақтың, адал еңбектің арқасында кәсібінің нәсібін көруде. Яғни ол өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен төмендетілген несие алып, отбасылық «Елдар» жеке кәсіпкерлігін ашқан. 

Ол жоба аясында берілген 8,5 миллион  теңгеге 18 сауынды сиыр сатып алыпты. Бүгінде қорадағы малы төлдеп, мал басының саны артуда. Күнделікті 180-190 литр шамасында сүт өткізіп, отбасылық табыс табуда. 
Назира Абдуалықызы Алатау орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып ұзақ жылдан бері жұмыс істеп, балаларға білім мен тәрбие беру саласына өз үлесін қосуда. Отбасында жолдасы Еркеұлан Байдосов екеуі үш ұл тәрбиелеп отыр. Ұлдары да ата-анасына қолғабыс етіп, адал еңбектің үлгісін көріп өсуде. 
– Отбасындағы берекенің бастауы – бірлікте. Өзара ынтымақта еңбек ете білген отбасында береке, ырыс-несібе молынан болары сөзсіз. Еліміз еңбек етемін, кәсіп бастаймын деген әрбір адамға мол мүмкіндік жасап қойған. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да баршылық. Тек қана жұмысқа деген ниет, ынта, жігер болса болғаны. Отағасының қолдауымен өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына құжат тапсырып, несие алдық. Бұл жобаның бізге көп көмегі тиді. Берілген қаржының 7,5 миллион  теңгесіне мал алсақ, қалған қаржыға жемшөп әзірледік. Несие алмас бұрын үйдің жанынан үлкен қора соғылған болатын. Жобаға құжат тапсырған кезде қора-жайдың жаңа болғаны да ескерілді. Құжаттар жобаның талаптарына сай деп танылып, бізге несие берілді. 
Несие берілмес бұрын ауылда жобаның мақсаты, несиенің берілуі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жиналыстар өткізілді. Сонда мамандардан дұрыс бағыт-бағдар алып, қаржыны мақсатты жұмсағанда ғана ісіміз нәтижелі болатынын түсіндік. Қомақты қаржы алдым деп оңды-солды жұмсауға болмайтыны да айтылды. Отбасылық табысты арттырамын деген кез келген адам ерінбей еңбек етуі керек, – дейді Назира Абдуалықызы. 
«Еңбек түбі – берекет» демекші, бұл отбасының таңы еңбек етумен атады. Олар күнделікті түнгі сағат 3-те тұрып, қызу тіршіліктерін бастайды. Әрқайсысы өзіне тиесілі жұмысты істейді. Отағасы мен ұлдары малдың уақытылы жемшөбін берсе, отанасы сиыр сауға кіріседі. Сүт сауу аппаратын кезекпен-кезек ауыстырып, мал өріске шыққанша жанталаса еңбек етеді.
– Құдайға шүкір, қазіргі таңда күнделікті табысымыз бар. Қорадағы малдың барлығы төлдеді. Төлдердің жартысын сатып, несиенің алғашқы төлемін төледік. Алдағы уақытта екінші төлем уақыты келеді. Оған да қаржы жинап, уақытылы төлеуді жоспарлап отырмыз. Ветеринарлармен байланысып, түрлі аурулардың алдын алу шараларын да ұмытпаймыз. 
Алатау ауылы – мал ұстап, күн көруге қолайлы елді мекеннің бірі. Жайылым жер жақсы. Қазір сиырлар мен төлдерін ауылдың падасына қостық. Сонымен қатар үй іргесіндегі жердің көлемі де үлкен. 3-4 гектардай жеріміз бар. Жыл сайын оған арпа, бидай егіп, жемшөпті дайындап егеміз. 
Бала күнімізден ата-анамыздан «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзді естіп өстік. Оның мағынасы тереңде екенін кез келген адам есейе келе түсінеді. Өзім білім саласында ұзақ жылдан бері жұмыс істеймін. Әрине, жұмысым бар. Дегенмен ауылда тұратындықтан егін және малшаруашылығымен өміріміз тығыз байланысты. Ауылшаруашылығын дамытуға арналған жобаның ауылдықтарға пайдасы көп болды. Бізге осындай мол мүмкіндік берген мемлекетке  үлкен рақмет. Алдағы уақытта да ауылдан өзге кәсіп түрін ашып, кәсібімізді кеңейту ойымызда бар, – дейді ол. 
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, отбасылық табыс көзін арттырып отырған алатаулық Әсемгүл Тоқтасынова да мұғалім. Оның қолдаушысы да, көмекшісі де – отбасы. Қарашаңырақта ата-енесінің батасын алып жүрген келін «Әсемгүл» жеке кәсіпкерлігін ашып, жоба аясында 8,5 миллион теңге несие алған. 
Әсемгүл Жарылқасынқызының отбасы адал еңбектің үлгісін көрсетіп отырған жанұяның бірі. Бірлігі мығым жанұя малшаруашылығымен айналысады. Үй іргесіндегі жер көлемі де үлкен. Бір кереметі, үйдің маңындағы арықтан су ағып өтеді. Үйдің маңына отырғызылған ақ қайың мен жеміс ағаштарының бауы бұл отбасындағы еңбектің, Табиғат-анаға деген қамқорлықтың үлгісін көрсетеді. Таза ауа. Жайқалған ағаштардың өсіп тұруы – бір ғажап көрініс.
Өткен жылдың тамыз айында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында берілген қаржыға ол көршілес Жамбыл ауданынан 110 уақ мал сатып алған. Жемшөбін де қоса әзірлеген. Бүгінгі күні малды өріске жіберіп, қорада төлдеген қойлар ғана қалыпты. Жалпы 110 қойдан 90 төл алыпты. Сонымен қатар жеке кәсіпкер бүгінгі күні бір адамды жұмыспен қамтып отыр. 
– Малшаруашылығын дамыту мақсатында төмендетілген пайызбен несие алып, кәсібімізді аштық. Жолдасым Серік Қадыров «ҚазСуШар» мекемесінің аудандық филиалында су реттеуші болып жұмыс істейді. Екеуміз ақылдаса келе, жоба аясында құжат тапсырып, уақ мал сатып алуды жөн санадық. Екеуміз де жұмысымызға кетпес бұрын, таңнан бастап малдың қамын жасаймыз. Жалпы отбасындағы өзара сыйластық пен бірліктің арқасында ісіміз оңға басып, тірлігіміз жүруде. Қойлар желтоқсан айынан бастап төлдеді. Ол науқанды да аман-есен атқарып, төлімізді аяқтандырып алдық. Қазіргі таңда қойды өріске жайылымға шығардық. Ол үшін бір адамды жұмыспен қамтып отырмыз. 
Бірлігімізді нығайтып, ынтымағымызды арттыруға себепші болған бағдарлама үшін үкіметімізге рақмет. Төмендетілген пайызбен берілген қаржыны мақсатты жұмсадық. Әрі қарай да отбасындағы бірліктің арқасында кәсібіміздің нәсібін көріп, табысымыз арта беретініне сенімім мол. Ең бастысы, отбасындағы татулығымыз артып, адал еңбекпен ұрпағымызды тәрбиелеу басты міндетіміз, – дейді Әсемгүл Жарылқасынқызы.

                                                                                                                                                                                                                                               Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
                                                                                                                                                                                                                                                              журналист,
                                                                                                                                                                                                                                                            Жуалы ауданы