Қазақ тілі – халық бірлігінің негізі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда.
Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс», – деп атап өткен болатын. Әрине, Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан онда тұратын әртүрлі ұлт өкілдеріне қазақ тілін білудің маңызы зор. Қазақ тілі ұлтаралық қатынастардың нығаюы және мемлекеттің біртұтастығы үшін керек. Бүгінгі таңда бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылуда.
Әсіресе өзге ұлт өкілдері көптеп шоғырланған аймақтарда да қазақ тілінің қолданыс аясы артып келеді. Әрі оны үйренушілер де жыл санап көбеюде. Міне, сондай өңірдің бірі – Қордай ауданы. Ондағы Масаншы ауылында дүнген ұлтының өкілдері тұрады. Қазір Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Тілдерді оқыту орталығының» ұйымдастыруымен қазақ тілі курсының тыңдаушыларының арасында тілдік орта қалыптастыру мақсатында «ŞAÑYRAQ» клубы құрылған.
Аталған клубтың мақсаты – өзге ұлт өкілдеріне қазақтілді орта қалыптастырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Тыңдаушыларға дұрыс сөйлеу, сөздік қорын арттыру, тыңдау және қазақ тілінде импровизациялауды және де тілді тиімді әдіс бойынша үйрету. Сонымен қатар курсқа қатысушылар тек тіл үйреніп қана қоймай, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жолындағы қоғамдастығымыздың бір мүшесі бола алады. Ұлттық өнер, театр, қазақ фильмдерінің көрсетілімі сынды мәдени орындарда ұлттық мәдениетпен таныстыруды көздейтін түрлі іс-шаралар ұйымдастыратынын да айтады клуб жетекшісі әрі директордың міндетін уақытша атқарушы Алтынай Әшімхан.
– «ŞAÑYRAQ» клубы «ДосболLIKE», «SOZWAR», «Достығымыз жарасқан!» деген сияқты әртүрлі тақырыпта «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырып, жастарға қазақтың ұлттық құндылықтары мен тіл мәдениетін дәріптейді. Әрі бұл бір ғана ауылда емес, Қордай ауданына қарасты басқа да елді мекендерде қолға алынып отыр. Мысалы, этностар көп шоғырланған елді мекендерде мемлекеттік тілді оқыту курсы аясында Қайнар ауылы В.В.Маяковский атындағы орта мектептің мұғалімдерімен базалық деңгейде А2-12-24 және қарапайым деңгейде А1-12-24 топтары мемлекеттік тілде оқыту курстарын бастады. Оқудан бөлек біз түрлі мемлекеттік және ұлттық мерекелерге орай түрлі байқауларды да ұйымдастырып тұрамыз. Жалпы қазіргі таңда Қордай ауданы бойынша мемлекеттік тілді оқыту курстарына 561 тыңдаушы қатысып, 41 топ қамтылды. Оның ішінде Ауқатты ауылынан 94, Бұлар батыр ауылынан 15, Бәйтерек ауылынан 15, Қордай ауылынан 74, Масаншы ауылынан 167, Қайнар ауылынан 48, Жамбыл ауылынан 25, Степное ауылынан 26, Сортөбе ауылынан 44, Қарасу ауылынан 45 тыңдаушы мемлекеттік тілді оқыту курстарын оқуда, – дейді Алтынай Бақытқызы.
Масаншы ауылындағы «Ботақан» бөбекжайында тілдерді оқыту орталығының тыңдаушыларынан құралған «ŞAÑYRAQ» клубының қатысушылары өздерінің ойындағы көптеген сұрақтың жауабын осы клуб арқылы тапқанын айтады.
– Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан оны білуге деген құлшынысымыздың бар екенін жасырмаймыз. Әрі біз осы мемлекеттің тұрғыны болғандықтан да қазақ тіліне деген құрметімізді оны үйрену арқылы көрсеткеннің еш айыбы жоқ деп ойлаймын. Мен «ŞAÑYRAQ» клубының қатысушысы бола жүріп көптеген түсінікке ие болдым. Өзіме жаңа достар, жаңа орта таптым. Әрі қазақ тіліндегі кейбір сөздер мен жырлардың мағынасын аша түсініп, тіл үйренуге деген құлшынысым тіпті де арта түсті. Мысалы, мен өткенде Масаншы ауылындағы «Ботақан» бөбекжайының тыңдаушыларымен «Тіл мен ұлт – егіз ұғым» тақырыбында ашық сабаққа қатыстым. Шара барысында заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы мақал-мәтелдердің мағынасын ашып, топтық тапсырмалар орындадық. Міне, сол кезде мен қазақ халқының әр сөзінің астарында терең мағына жататындығын түсіндім. Әрі бұл тілді үйренуге деген қызығушылығым бұрынғыдан да үдей түсті. Тіпті ғашықтық жырларды оқып, оларды талдаған кезде өзім де сол бір дәуірде, сол жырдағы ғашықтармен бірге өмір сүріп жатқандай сезініп, ерекше күйге бөлендім, – дейді дүнген ұлтының өкілі Разия Люярова.
Мұндай іс-шаралар этносаралық келісімді нығайту мақсатында клубтың ұйымдастыруымен Қарасу, Ауқатты, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Қарасай ауылдық округтерінде жиі өтіп тұрады. Әрі олардың тақырыбы да «Тіл және мәдениет. Ұлттық код» және «Қазақстандық этносаралық келісім: тарих, тіл және тәжірибе» деген сияқты қазақ тілінің мән-маңызын аша түсетін мағынаға ие. Шын мәнінде, қазақ тілінің мәртебесін көтеру – ол әрбір қазақстандықтың парызы.
Шапағат ӘБДІР