Жайылымның жайын айтсақ жасырмай..
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «бос жатқан жайылым жерді қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді қамтамасыз ету керек» деген тапсырмасының аясында «AMANAT» партиясының жанынан «Жер аманаты» жобасы қолға алынып, арнайы комиссия құрылған болатын. Содан бері әр аймақ бойынша мемлекет меншігіне 5 миллионнан аса гектар жер қайтарылды.
Оның ішінде игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді қайтару бойынша облысымызда да атқарылған жұмыстар өте көп.
Жалпы облыс көлемінде қолда бар мал басын жайып бағуға болатын ауылшаруашылығы мақсатындағы – 3,6 миллион гектар жер бар. Оның 741 мың гектары елді мекендерге, 1,7 миллион гектары орман қоры жеріне жатады. Ал босалқы жер қорында 942,5 мың гектар жайылым жерлер бар. Бұл облыс аумағының 58,2 пайызына тиесілі. ҚР «Жайылымдар туралы» Заңының талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық аудандарында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдалану жоспары мен схемасы бекітілген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы облыс бойынша 3,6 миллион бас төрт түлік тіркелген. Оның ішінде мүйізді ірі қара – 199,8 мың, қой-ешкі – 3 миллион 55 мың, жылқы – 151 мың, түйе 7 мың басты құрап отыр.
2021 жылы жайылым жетіспеушілігін анықтау мақсатында облыстық прокуратура органдарымен бірлесіп зерделеу жұмыстары жүргізілді. Осы орайда елді мекендерде 683 мың гектар жайылым жетіспеушілігі анықталып, бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін 5 бағыт бойынша жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен 50,1 мың гектар бөлігі елді мекендерге қайтарылған. Екіншіден, мал басы көп тұрғындардың малдарын орман қоры жеріне шығару ұйымдастырылып, орман қорындағы 1,1 миллион гектар жайылымға 247 мың мал басы шығарылған. Үшіншіден, жер пайдаланушылармен өнімі жиналып алынған жерлерге кедергісіз мал жаюға көлемі 515,5 мың гектар болатын 2 095 шаруа қожалықпен меморандум жасалған. Міне, мұның бәрі де «Жер аманаты» комиссиясының жүйелі жұмысының нәтижесі. Біз бұл бағытта тағы қандай жұмыстар істеліп жатқанын және қайтарылған жерлерді пайдалану ережелері қандай екенін облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Кәрентаевтан сұрап білдік.
– Аталған комиссия қолға алған басым бағыттардың бірі – Президенттің тапсырмасы аясында игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Қазақстан Республикасы Президентінің пайдаланбай жатқан және ҚР заңнамасын бұза отырып берілген ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырмасына сәйкес өңірде 2021 жылы жалпы жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесі, яғни «JERINSPEKTOR» порталы арқылы 415,8 мың гектар жердің игерілмегені анықталды. Тексеру нәтижесімен 129,5 мың гектарға мал басы қайта тіркелді. 31,6 мың гектар жер учаскелерінің иелері қайтыс болуына байланысты жер қайта рәсімделді. Сонымен қатар 254,7 мың гектар жер учаскесінің иелеріне нұсқама берілді. Жоспарға сәйкес 2022 жылы 201,1 мың гектар, 2023 жылы 201,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, яғни жоспар 101 пайызға артығымен орындалды. Ал биылғы жоспар бойынша 80,0 мың гектар жерді қайтару бекітіліп, төрт айдың қорытындысымен 22,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жерлерді өңірдің экономикасын дамыту мақсатында және жерлердің бос қалмауы ескеріліп, қайта айналымға енгізілуде. Қайтарылған егістік жерлер конкурс арқылы халықтың сұранысымен табысталуда, – дейді Ермек Амангелдіұлы.
Өткен жылы жалпы 16 конкурс ұйымдастырылып, 66,1 мың гектар, оның ішінде егістігі – 7,2 мың гектар, жайылымы 58,4 мың гектар айналымға қосылды. Биыл Талас ауданында 87,0 гектар егістік қайта айналымға тартылған. Ал кәсіпкерлік мақсатта 68 жер учаскесі аукционға шығарылып, 164,9 миллион теңгеге бағаланып сатылған. Жалпы 2021 жылы елді мекен жайылымы 363,0 мың гектар болса, соңғы екі жылда атқарылған жұмыстардың нәтижесімен 741 мың гектарға өсіп, екі есеге дейін ұлғайған. Сондай-ақ жайылым жетіспеушілігі 683 мыңнан 164 мың гектарға дейін төмендеген. Алайда кей елді мекендерде әлі де болса жайылым жетіспеушілігі байқалады. Оған себеп тұрғындардың малдарын үйде ұстауы болып отырған сыңайлы.
– Өңірдің жайылым мәселесі күнделікті бақылауда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық ауылдық округтердің жайылым қажеттілігі қайта талданып, өзекті деген 42 ауылдық округпен терең жұмыс жүргізілуде. Бұл округтердің мал басы нақтылануда. Мал басының өсіміне қарай жайылымға қажеттілік және жерлерін кеңейту шаралары қабылданатын болады. Сондай-ақ ауыл маңындағы жер пайдаланушылармен келіссөздер жүргізіледі немесе сот тәртібімен иелігіндегі жайылым жерлерді қайтарып, ауылдық округтерге бекітіліп берілетін болады. Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңына сәйкес әрбір ауылдық округ бойынша аудан әкімдіктері жайылымдарды пайдалану тәртібі мен схемасын екі жыл мерзімге бекіткен. Аталған схемалардың мерзімі аяқталуына байланысты осы жылы қоғам өкілдерімен келісіліп қайта әзірленіп, бекітілу жұмыстары жүргізілуде. Аталған заңда жайылымдарды пайдалану тәртібі мен схемасы аудандық өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімімен 5 жылға бекітілу көзделген. Сонымен қатар Заңда қоғамдық жайылым көлемін ұлғайту мақсатында ауылдық елді мекен шекарасынан тыс орналасқан жайылымдарды ауыл әкімдерінің құзыретіне беру туралы норма бекітілді. Бұл норманың басты мақсаты – жеке мал жаю үшін жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты ауыл әкімдерінің құзыреттері кеңейтілді. Басты мәселе тұрғындардың барлық малды жылдың төрт мезгілінде де ауылда ұстауы болып отыр. Осыдан барып елді мекендер маңындағы жайылымдардың жетіспеушілігі туындауда. Осының салдарынан жайылым жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналып, халықтың наразылығын тудырып, әлеуметтік желілерде көтерілуде, – дейді Е. Кәрентаев.
Алда бұл мәселенің барлығы да заңмен реттелмек. Әрбір тұрғынның ауласында көктем, жаз, күз мезгілдерінде сауынды 3-4 (сиыр, бие) мал ұстауға, қалған бойдақ малдарын (мүйізді ірі қара, жылқы, қой, ешкі) ҚР «Жайылымдар туралы» Заңына сәйкес бекітілген ауыл сыртындағы жайылымдарда жайып ұстауды бекіту және оны үйлестіруші орган ретінде ауыл әкімдері, қадағалаушы орган ретінде ветеринария және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аудандық және қалалық бөлімшелерінің мамандарына жүктеуді қарастырмақ.
Сондай-ақ еліміздегі жер қатынастары эволюциялық түрде, яғни уақыт пен заман талаптарын ескере және мәселенің пісіп-жетілуі ырғағын сақтай отырып бірте-бірте дамып келе жатқанын да айта кеткен жөн. Ол халық шаруашылығы салалары арасында жерді дұрыс үйлестіруді, қоғамға керек ауылшаруашылық өнімін толық алуды, топырақтың құнарлылығын сақтауды және жүйелі түрде жоғарылатуды көздейді.
Шапағат ӘБДІР