Брифинг

Филармония бағындырған белес аз емес

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония директорының орынбасары Жандос Омаров өнер ұжымының биылғы шығармашылық жоспары туралы баспасөз мәслихатын өткізді.

Брифингте Жандос Әскербекұлы алдымен филармонияның жыл ішінде атқарған жұмысына тоқталды. Баяндамашының айтуынша, филармония құрамында 8 шығармашылық ұжым бар. Олар «Қазақ» ұлт-аспаптар оркестрі, «Алатау» фольклорлық ансамблі, «Тараз» және «Жамбыл» триолары, «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Ақкербез» және «Айша бибі» би ансамбльдері, «Балауса» циркі, одан басқа жекелеген эстрадалық, академиялық және дәстүрлі әртістер жұмыс істейді. 

– Облыстық филармонияның жылдық түсім жоспары 50 000 000 теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін жалға беруден 9 300 000 теңге, ал концерттік қызметтен 7 500 000 теңге қаржы түсті. Жалпы 16 800 000 теңгені құрайды. Облыстық бюджет қаражаты есебінен материалдық-техникалық базаны нығайту үшін әртістерге 36 190 000 теңгеге сахналық киімдер тігілді. Ішкі табыс қаражаты есебінен 9 000 000 теңгеге ішкі үлкен әжетханаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал облыстық бюджет қаражаты есебінен концерт залының орындықтары мен едендегі төсеніштерге ағымдағы жөндеу жұмыстарына 22 000 000 теңге қаржы бөлінді, – деді Жандос Әскербекұлы.

Өнер ұжымы мәдени іс-шаралардан бөлек, қайырымдылық концерттерді де тұрақты өткізіп тұрады. Мысалы, жыл басынан бері филармония облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде, №1, №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қорғау орталығында, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының аутизмі бар балаларды қолдау орталығында қайырымдылық концерттер өткізген. Бұдан бөлек алдағы уақытта облысымыздың 85 жылдығына арналған «Көне Тараз күмбірі» ІІІ республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсы және халық ақыны, жырау, дүлдүл әнші, көрнекті композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған «Шырқа, даусым» ХІІ республикалық дәстүрлі әншілер конкурс-фестивалі өтпек. 

Ш.ӘБДІРҰЛЫ