Кенеге қарсы залалсыздандыру кеш жүргізілуде
Былтыр облысымыздың Талас, Жуалы аудандарында тұрғындар арасында Сібір жарасының таралу дерегі анықталғаны есте.
Зерделеу барысында індет жұқтырған адамдардың ветеринарлық куәландыруы жоқ малды союға қатысқаны мәлім болған еді. Осыған орай аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаевқа аталған екі ауданда да Сібір жарасына қарсы екпе егу жұмысын жүргізуді тапсырған болатын.
Облыс әкімдігінде өткен Сібір жарасының, Конго-Қырым геморрагиялық безгегінің ошақтарын жою және алдын алу жөніндегі кеңесте Ербол Шырақпайұлы Н.Құрмантаевтан тапсырылған жұмыстың нәтижесін сұрады. Нұржас Нұржанұлының айтуынша, республикалық қор есебінен жыл басында қажетті вакцина бөлініп, бүгінгі күнге облыс аумағында Сібір жарасына қарсы 2,5 миллион манипуляция орындалыпты. Ревакцинацияның екінші кезеңі күзде жүргізілмек.
– Жергілікті жерлерде Сібір жарасы мен басқа да ауруларға қарсы екпе жұмыстарының сапалы және нақты жүргізілуін бақылауға алу мақсатында ветеринария басқармасы мен облыстық ветеринариялық станса тарапынан бөлім басшылары, комплаенс офицерлері елді мекендерге барып, ветеринария мамандарының жұмысын жүйелі түрде зерделеді. Жергілікті мал иелерінің арыз-шағымдары бойынша сұрақтар алынып, тұрғындар арасында ҚР «Ветеринария туралы» Заңында көрсетілген мал иелерінің міндеттері және құқықтары, аса қауіпті аурулардан қорғану, олардың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмысы жүргізіліп, бүгінде күнделікті видео-фото есептері жинақталуда. Аталған іс-шаралар тұрақты атқарылып, қатаң бақылауға алынған. Сонымен қатар атқарылып жатқан ветеринариялық іс-шаралардың жүргізілуін бақылауды бәсеңдетпеу үшін қосымша ауыл әкімдеріне де осы бағыттағы жұмыстарды қадағалау тапсырылды.
Облыста тіркелген 189 Сібір жарасы көмінділерінің 11-і елді мекендегі аулаларда орналасқан. Барлық көмінділердің маңынан топырақ сынамалары жылына бір рет бактериологиялық тәсілмен тексеріледі. Бір айта кетерлігі, санитариялық талаптарға сай аулалардағы көмінділерге қойылған арнайы қоршаулар мен ілінген «Қауіпті аймақ» деп жазылған ескертпе тақтайшаларды үй иелері алып тастап жатқан жағдайлар кездесуде. Осыған орай адамдар мен ауылшаруашылық жануарларына ортақ аса қауіпті Сібір жарасы ауруының алдын алу, болдырмау үшін үй иелеріне ескерту беру және қажет болған жағдайда шара қолдану туралы облыстық полиция департаментіне ұсыныс хат жолданды.
2024 жылы Сібір жарасына күдікті жағдай орын алған жоқ және ахуал тұрақты. Ветеринариялық іс-шаралар жоспарын орындау барысында бір Меркі ауданы аумағында бөлінген вакцинаның арасынан сапасына күдікті, атап айтсақ, құтыда препаратқа тән емес бөгде заттың болуы және зең пайда болған вакциналар бар екені анықталды. Бұл жөнінде дер кезінде акт жасау арқылы облыстық аумақтық инспекцияға және Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне хабарлама жолданып, 17-18 сәуірде Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталығының мамандарымен қажетті тексеру жүргізілді. Қазір нәтижесін күтіп отырмыз, – деді Нұржас Құрмантаев.
Сондай-ақ басқарма басшысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы саналатын Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ, Шу аудандарындағы 46 елді мекенде үш кезеңде көлемі 6,4 миллион шаршы метрді құрайтын 20 297 қора-жай мен 156 мың шаршы метр буферлік аймаққа және барлығы 560 мың ауылшаруашылық жануарын залалсыздандыру жұмысы жүргізіліп жатқанын сөз етті.
Кеңес барысында аймақ басшысы Н.Құрмантаевтан мал тоғытуға арналған қанша күпкі бар екенін, әлі қаншауын салу керектігін сұрап білді. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде 151 күпкі бар және жеткілікті. Жаңадан күпкі салу қажеттігі әзірге туындамаған.Бұдан кейін облыс әкімі тұрғындары Сібір жарасын жұқтыру дерегі анықталған Жуалы, Талас ауданы әкімдерін сөзге тартып, былтырғы жағдай қайталанбас үшін қандай алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанына назар аударды.
– Сібір жарасы ошағына байланысты аудан тұрғындарымен кездестік. Кезінде мән бермей қалып кеткен Сібір жарасы ошақтары жоқ, бұрыннан бар ошақтарды түгел аралап шықтық. Оның кейбірінің қоршаулары мен тақтайшалары талапқа сай ретке келтірілді. Жалпы ревакцинация бойынша аудандағы төрт түліктің 90 пайызына қазіргі уақытта тиісті екпе егілді.
Былтыр тиісті талапты орындамаған бірқатар азаматқа 2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған болатын. Карантин мәселесі де қатаң бақылауда тұр. Сырттан келген малды бірден оқшаулап, бірдейлендіру жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде, – деді Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков.Жиында Е.Қарашөкеев сырттан келетін малды карантинсіз өткізбеуді еске сала отырып, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарының әкімдерінен шекарадан ветеринариялық қадағалау бекеттерін қою жұмыстарының жай-күйіне үңілді. Себебі аталған аудандардың көршілес қырғыз елімен шектесетін кейбір аумағындағы тау шатқалдары мал айдап өтуге қолайлы.
Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов ветеринария саласында атқарылған жұмыстарды баяндай отырып, өңірде шекарадан малдың өту фактісі тіркелмегенін жеткізді. Есесіне Меркі ауданында Қырғыз Республикасымен шектесетін кейбір аумақта мал өту дерегі анықталған екен.
– Бұл жайында біздің ауданда мәселе бар. Ол тау шатқалы, яғни Аспара өзенінің бойы және Құмбел, Қарақыстақ шатқалы жақтарда. Ол жерде шекара толық қорғалмағандықтан шекарашылар күзетіне алынған. Десе де Қырғыз Республикасынан малдар әрлі-берлі емін-еркін өтіп жатқан жағдайлар бар. Біз Меркі шатқалымен жоғары қарай Кұмбел, Қарақыстақ шатқалын ветеринария мамандары және шекара қызметкерлерімен бірге толық аралап шықтық. Осы орайда Құмбел жақтан екі бекет қою туралы шешім қабылданды. Біз қажетті құрылыс материалын алып берсек, шекарашылар кеден орнататын болды. Ол бекеттерде шекара қызметкерлерімен бірге ветеринария мамандары да бірге отырып жұмыс істейтін болады. Алдағы мерекелерден кейін Гранитагорск шатқалын Аспара өзенінің бойымен тағы да тиісті мамандармен бірге аралап, жағдайды зерделеуді жоспарлап отырмыз, – деді Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков.
Облыстық санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиевтің айтуынша, өңірде 240 елді мекеннен кенелер теріліп, оларды тексерген кезде 90 сынама Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша оң нәтиже берген екен. Мәселен, залалсыздандыру жұмысы жүргізілмеген Талас ауданында 21 сынамадан індеттің бар екені анықталған. Өңірде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмыстары 15 сәуірде басталуы керек болса, Талас ауданында және Сарысу ауданында үш ауылда, Мойынқұмда екі елді мекенде бұл іс әлі қолға алынбапты.
Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары әр ауылдық округте кестеге сай жүргізілуі қажет болса, кейбірі жұмысты кестеден кешігіп жүргізуде. Н.Жүнісбековтің сөзіне сүйенсек, бұл іс бойынша мердігер кеш анықталып, залалсыздандыру жұмысы кеше ғана басталыпты. Бұл ретте облыс әкімі конкурсты ақпан айында өткізіп, жұмысты өз мерзімінде жүргізу қажеттігін еске салды.
Бұдан кейін облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова аса қауіпті инфекцияларға қарсы екпе егу жұмыстарын сөз етсе, аумақтық ветеринарлық инспекцияның бөлім басшысы Мұхтар Исмаил биыл ауылшаруашылық жануарларына салынатын вакцинаны сапалы жеткізу жолға қойылғаны, мал тасымалдау тәртібін бұзған кәсіпкерлерге қандай шаралар қолданылып жатқаны секілді жұмыстар ретін баяндады.
Көтерілген мәселелер бойынша жұмысты күшейтпесек болмайды. Өңірде эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыру және бақылау жұмысы тиімді әрі үйлесімді жүргізілуі қажет. Тиісті басқарма мен салалық инспекция арасында бірлескен іс-қимыл жоспары болуы үшін арнайы іс-қимыл картасы әзірленсін. Орын алған олқылық, анықталған кемшіліктер уақыт оздырмай жойылуы қажет, – деген Ербол Шырақпайұлы жауаптыларға бірқатар мәселе бойынша арнайы тапсырма берді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ