Түрлі этнос өкілінің басын қосқан білім ордасы
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Ал зайырлылық – ұлт тұтастығының кепілі.
Бүгінде елімізде 130-дан аса этнос өкілі бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті өмір сүруі соның дәлелі. «Ырыс алды – ынтымақ» деген даналықты ұстанған қазақстандықтар тізе қоса тәуелсіз елімізді дамытуға, қоғамдағы бірлік пен келісімді, татулық пен бейбітшілікті нығайтуға аянбай үлес қосуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Ең бастысы, еліміздегі татулықты, тыныштық пен тұрақтылықты бағалайық. Бірлігі мықты елдің рухы биік болады. Ұлы Абай айтқандай, бірлік дегеніміз – ең алдымен, ақылға – бірлік. Мемлекеттігімізді сақтау үшін ауызбіршілігімізді сақтайық», – деп, қазақстандықтарды қоғамымыздың бірлігін одан әрі нығайтуға нақты үлес қосуға шақырған болатын. Осы орайда Тараз қаласындағы №7 мектеп-гимназияның ұжымы да, Президентіміз айтқандай, достығымызды дәріптеп, бірлігіміз бен татулығымызды көздің қарашығындай сақтауға айрықша үлес қосып жатқанын айта кеткен ләзім. Білім ордасы зейінді, өнерлі, шығармашыл жастарға мол мүмкіндіктер сыйлауда. Мектебіміздің оқушылары түрлі білім бәсекелерінде облысымыздың, еліміздің абыройын асқақтатып, мерейімізді үстем етіп жүр. Әсіресе Даниил Тарасенко, Августина Люфт және Сеяб Омаров сынды мектебіміздің мақтаныштарының есімін ерекше атап өтуге болады.
ДАНИИЛ – МЕКТЕП МАҚТАНЫШЫ
Даниил Тарасенко – 2007 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Бала кезінен физикалық құбылыстарды зерттеуге, тұрмыстық бұйымдар жасауға бейім өреннің алға қойған арман-мақсаттары өте көп. Жастығына қарамастан тұрмыстық техникаларды жөндеп, кәдеге жарататын «Ақылды үй», қымыздың пайдасын зерттей отырып «Қымыз машинасын», «Ақылды мектепке көшу», «Жолда жүру ережесіндегі қателіктер», «Өрттен қорғау жүйесі», «Киіз үйдің жылу сақтау құбылысы» сынды көптеген ғылыми жоба дайындаған. Қазіргі таңда аталған жобаларын жетілдіріп, кем-кетігін дұрыстаумен айналысуда.
Дарынды оқушының бүгінге дейін бағындырған биігі, жеткен жетістігі аз емес. Атап өтер болсақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық ғылыми жобалар конкурсының II кезеңінде және қалалық техника секциясында жүлделі II, III орындарға ие болса, «Дарын» республикалық ғылыми орталығында ерекше жетістігі үшін марапатталған. Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсының жеңімпазы атанған.
– Физика – зерттеуді көп қажет ететін ерекше ғылым саласы. Жалпы ғылым саласында еңбек ету үшін үнемі оқу, ізденіс, тәжірибе жасау маңызды. Ал салаға қызығушылығымды әкем және мектептегі физика және информатика пәнінің ұстаздары – Жанар Серікқызы мен Гүлмира Дүйсенбекқызы оята білді. Ұстаздың шәкіртіне сенім білдіріп, қолдауы үлкен белестерді бағындыруға септігін тигізеді.
Осы уақытқа дейін ата-анамның, ұстаздарымның қолдауының арқасында Астана, Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында өткен түрлі байқауларға, семинарларға қатысып, мол тәжірибе жинадым. Мұнымен шектеліп қалмау үшін күндіз-түні кітап оқып, ізденіп, өзімді дамытуға көп уақыт бөліп жүрмін. Ал бос уақытымда детектив, шытырманға толы зерттеулерді, кітаптарды оқығанды жақсы көремін.
Мектеп бітіргеннен кейін Ресейдің Томск қаласындағы оқу орнына түсіп, «Физика және математика» мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отырмын.
Даниилдің әкесі Роман Тарасенко «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының облыстық филиалында байланыс бөлімінің басшысы болса, анасы Ольга Тарасенко да байланыс бөлімінде көп жылдар бойы табысты еңбек етіп келеді.
ӨНЕРЛІ ӨРЕН –
АВГУСТИНА
Мектебіміздің мақтанышына айнала білген белсенді, білімді, өнерлі оқушының бірі – Августина Люфт. Августинаның биге деген икемділігін, құштарлығын ең алғаш анасы Евгения байқап, үлкен жетістіктерді бағындыра алатынына сенім білдіріп, би үйірмесіне қатыстыра бастаған.
Болашағынан үлкен үміт күттірген Августина «Жас дәурен» би ансамблінің құрамында біраз белестерді бағындырған. «Ай сәулем-ай» халықаралық көпжанрлы би фестивалінде І орын, XV халықаралық «Жұлдыздар әлемі» байқауында бас жүлдемен марапатталған. Қазіргі таңда облыстық «Жас дәурен» хореографиялық би ансамблінің белсенді мүшесі. Сонымен қатар Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай өткен байқауда I орын, «Ақбота» интеллектуалдық сайысында II, III орындарға ие болған. Мұнан бөлек XV халықаралық «Modem scientific potentional» конференциясында II орын алса, «Жас ғалым» қалалық байқауында да жүлделі орындардан көріне білген. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған мүшәйрада бас жүлде еншілеген.
Неміс қызы қазақ, орыс, француз, ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Бос уақытын пайдалы дүниелерге жұмсайды. «OI-QARAGAI» атбегілер клубының да белсенді мүшесі. Мектептегі «Бірлік» мәдениет бөлімінің топ басшысы.
– Көпбалалы отбасында туып-өстім. Әкем Дзоценидзе неміс, анам Евгения грузин ұлтының қызы. Ата-анам бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Үнемі бала жанын түсіне отырып, қабілетіне сәйкес тәрбиелеу керектігін, ойымызды еркін, дұрыс, нақты жеткізудің маңыздылығын үнемі айтып отырады. Ата-анамның тәрбиесінің арқасында бала кезімнен бос уақытым болмады. Әр күнімді, әр сағатымды мейлінше пайдалы ілім-білім үйренуге жұмсадым. Шығармашылыққа жаны құмар бауырларым да түрлі байқаулардың жеңімпазы.
Білікті, білімді ұстаздарымның арқасында биыл мектепті «Алтын белгіге» аяқтамақпын. Алдағы уақытта «Дизайн интерьер» мамандығында оқып, болашақта дизайн саласында еңбек еткім келеді, – дейді Августина Люфт.
СЕЯБТЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚҰРМЕТІ ЕРЕКШЕ
Түрік отбасында дүниеге келген Сеяб Қазақстан дейтін кең-байтақ елде дүние есігін ашып, қазақ балабақшасына барғанына қатты қуанады. Үлкен отбасында өскен Сеяб әке мен баланың, үлкен мен кішінің мызғымас қарым-қатынасын көріп, жүрегімен сезініп өсті. Әкесі Кәміл Омаров пен анасы Азиза Омарова ұрпақ тәрбиесін жоғары қоя білген үлгілі жандар.
Сеяб Омаров осыдан 18 жыл бұрын наурыз айында дүниеге келген. Он бір жыл бойы Тараз қаласындағы №7 мектеп-гимназияда білім алып келе жатқан Сеяб бала кезден бокс спортымен айналысып, мектебіміздің, облысымыздың атын аспандатып жүр. Өсе келе қазақ тіліне қатысты түрлі мектепішілік, қалалық, республикалық байқауларда белсенділік танытып, түрлі байқаулардың жеңімпазы атанды.
– Қазақ тілін меңгеру мен үшін мүлде қиынға соқпады. Үлкендердің қазақ тіліне деген құрметі менің сезімдерімді одан әрі оята түсті.
Еліміздің әрбір азаматы түріне, дініне, тіліне қарамастан Қазақстанның өркендеуіне, дамуына үлес қосуы керек деп есептеймін. Қазақстан – біздің Отанымыз. Сонымен қатар қазақ тілін білмейтіндерге ұлтыңызға, жасыңызға қарамай мемлекеттік тілді үйренуге талпыныңыз дегім келеді. Себебі қазақ тілі – біздің байтақ Отанымыздың басты байлығы, арқау-арнасы.
Барша қазақстандықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларына бақыт, береке тілеймін! Елімізде бейбітшілік туы мәңгі желбіресін!
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
№7 мектеп-гимназияның
қазақ тілі пәнінің мұғалімі,
Тараз қаласы